Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұлт болашағы сөз болған Ұлттық құрылтай

0 927

Ұлттық құрылтай – ел тағдырына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, маңызды шешімдер қабылданатын ашық диалог алаңы. Киелі Атырау төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың күн тәртібіне елді толғандырған мәселелер, кемел келешекке негізделген ұтымды ойлар мен байыпты бастамаларға баса мән берілді.

Маңызды жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақ тәрбиесінен бастап, ел мен жер мәселесін, мемлекеттік нышандар, тарихи сана-сезім мен ұлттық болмысты нығайту, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеу, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, сондай-ақ ең маңызды іс мемлекеттік саясатта талдау, сараптаудың сапасын арттыру, бұл бағыттағы жұмыстардың динамикасын көтеруге тоқталды. Мемлекет басшысы, ең алдымен, үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті.
– Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады.
– Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Президент.
Адал азамат болу – бір күндік емес, өмір бойы сақталатын қасиет. Қиын сәтте де тура жолдан таймай, әділетсіздікке қарсы тұру – нағыз ерліктің белгісі. Бұл – өз болашағыңа, ұлтыңа, ата-бабаңның аманатына деген адалдық.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде:
– Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деп Абай Құнанбаев айтқандай, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасауға тиіс, – деп атап көрсеткен болатын.
Әр қоғамның адалдық пен парасаттылық жайында өзіндік түсінігі бар. Ал адал азамат болу кез келгеннің қолынан келе ме? Ондай асыл қасиет бүкіл адам баласына тән болғанымен, сол ізгі мұратты біз өн бойымызға сақтап, жүрекке, санаға сыйдыра аламыз ба деген сұрақ кез келгенімізді ойландыратыны анық.
Расында, Абай айтқандай, «толық адам» болу деңгейiне көтерiлу – ұзақ және күрделi жол. Бұл – адамның бiр деңгейден екiншi деңгейге бiртiндеп көтерiлуінің жолы. Бүгінде қоғамға ізгілік керек, адалдық қажет. Ал ізгілік әр адамнан көрінуге тиіс. Бұндайда тағы ұлы Абайға сүйенеміз. Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», – дейді. Адам баласын «бауырым» деп сүйген адам жан-жағына, бауырға, тіпті жұмыстас, қызметтес ортаға құрмет, сүйіспеншілікпен қарайды. Адалдық жолы – тура жол. Әділетті қоғам орнату үшін, ең алдымен, адам адал болуы керек. Бір адамның адалдығы қоғамға аздық етеді. Бүкіл қоғам әділетті болса, заң үстемдік құрады. Заңның алдында қара да, хан да бірдей. Сондықтан Әділетті Қазақстанды адал азаматтар ғана дамыта алады.
Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осыны айтты.
Қазақ тілінде адал деген сөздің синонимі әділ деген ұғыммен ұштасып жатыр. Егер тек ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қадірлейтін, қылмысқа, қоғамға жат қылықтарға бармайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын, үлкенге де, кішіге де ізетпен қарайтын адамдардан тұрса, Президент бұл мәселені көтермес еді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Адал адам» концепциясының білім ошақтарына да тікелей қатысы барын нұсқап: «Балалар арасында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, Адал азамат болып шығуы керек», – деді. Яғни әділеттілік пен адамгершілікті баланың бойына мектеп жасынан сіңіріп, олардың болашақта адал еңбекпен елге қызмет етуін бала жастан қамтамасыз ету, өмірдің ащысы мен тұщысын әлі сезіне қоймаған, ақ қағаздай таза беттен басталатын жас ұрпақтың санасына адалдықты мызғымастай етіп құю – біздің басты парызымыз.
Қоғамның ақ пен қара, жаман мен жақсы деген сияқты қарама-қайшылықтардан тұратыны қалыпты нәрсе. Бірақ әр нәрсе шектен шықпай, өз орнымен болғаны жөн. Қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан жантүршігерлік оқиғаларды көргенде немесе естігенде «Бүгінде бойын арамдық билеген, ниеті бұзық адамдар неге көбейіп барады?» деген ойға қаласың. Ал енді Президент айтқан қоғамды арам адамдардан қалай тазартып, адалдыққа жетеміз?
Оның жолы біреу-ақ сияқты. Ол – тәрбие. Тәрбие болғанда, ең алдымен, отбасы тәрбиесі, мектеп және қоғамдық орта тәрбиесі. Бүгінде көптеген отбасы бала тәрбиесінен ажырап барады. Өйткені қоғамда отбасы тәрбиесінен гөрі қоғамдық орта тәрбиесі басым. Бүгінгі бала кітап оқымайды, ертелі-кеш көретіні ұялы телефон, компьютер, одан қалса телеарна, оның да оңып тұрғаны шамалы, атыс-шабыс, бірін-бірі өлтіру, сайқымазақ. Балалар ата-аналарын жүре тыңдайды немесе тыңдамайды. Сондықтан отбасы, мектеп және қоғамдық орта тәрбиесін барынша дамыту – уақыт талабы.
Уақыт көші алға жылжып бара жатыр. Күн айналып айға, ай айналып жылға ұласуда. Өркениет көші тоқтамайды. Озығы алға жылжып, тозығы қала береді. Елдің де, ұлттың да дамуы солай. Мемлекеттің әлемдегі орны, ең әуелі, ұлттың сапасына байланысты. Адам баласына тән адалдық әр азаматтың бойынан көрініп тұрса, ұлттың сапасы сонда ғана айқындалады. Заманауи көштен қалған ұлттың, елдің өндірісі де, экономикасы да дамымайды. Сондықтан ұлттың да, мемлекеттің де тірегі адал азаматтар болмақ.
Жоғарыда айтқандай, адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Тәрбие басы – отбасы, мектеп, қоғамдық орта. Тәрбиемен берілген білім – өлшеуі жоқ қазына. Осы орайда шығыстың ұлы ойшылы, ғұлама Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп тектен-тек айтпаған.
Иә, адалдық бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Әсіресе жастарды шыншылдыққа тәрбиелеп, туған жердің топырағына мейлінше қалтқысыз қызмет етуге баулу мақсатында еліміздің барлық өңіріндегі мәдениет ошақтарында «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Бұл орталықтардың жас ұрпақты отаншылдық және патриоттыққа тәрбиелеудегі маңызы зор болмақ.
Шын мәнінде, ықылым заманнан адалдық, адал еңбек, адал адам қоғамды алға сүйреп келе жатыр. Ол – қай кезеңде де ең өзекті тақырыптардың бірі. Адалдық қағидаттарының, әділеттілік ұстанымдарының бұзылуынан қоғамның қожырауы басталатыны белгілі.
Адалдық, әділеттілік бұзылған жерде алды мұз, баратын бағыты бұлыңғыр болатыны белгілі. Сондықтан Абайдың ерекше көтерген тақырыбы – еңбекқорлық, әділеттілік және адалдық мәселесі. Ол жалпы адамгершілік мәселелерінің барлығы осы үш ұғым аясына сыятынын атап көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үш негізгі ұғымды – адал адам, адал еңбек және адал табыс – елдің табысты болашағының негізгі кілті деп атады.
Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни ол адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Өзінің іс-әрекетінде, сөзінде және өмірлік ұстанымында шынайылықты ұстанады. Ол заңды құрметтеп, ар-ұжданына қарсы келмей еңбек етеді. Адалдық – тек бір ғана адамның қасиеті емес, тұтас қоғамның дамуы үшін маңызды қағида. Адал табыс – бұл адамның маңдай тері мен жанкешті еңбегінің нәтижесі. Адал жолмен табыс табу кейде қиын болуы мүмкін, бірақ ол адамның беделін көтереді, абыройын асқақтатады. Әрбір адал азамат өз еңбегімен, жауапкершілігімен қоғамның дамуына үлес қосады, өзгелерге өнеге болады. Адал адамның жолы қиын болғанымен, оның жүрегі таза, өмірі мәнді. Мұндай адам табысты адал еңбектен тауып, ұрпаққа үлгі болып қалады.
Ұрпаққа үлгі болар адал азамат – қоғамда үлкен құрметке ие, адамгершілік қасиеттерімен, әділдігімен және жауапкершілігімен ерекшеленетін адам. Мұндай азаматтың өмірі мен әрекеттері жас ұрпақ үшін бағыт-бағдар боларлықтай терең мағыналы. Ол өз ісімен, сөздерімен және жүріс-тұрысымен өзгелерге өнеге көрсетіп, болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие берудің негізгі ұстанымдарын қалыптастырады.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деп айтқан дана халқымыз дүйім жұртқа үлгі болар азамат адамгершілігі мол тұлға болуы керек екенін өнеге ретінде айтып кеткен. Үлгі болар азамат – қоғамдағы адамдармен қарым-қатынасында әрдайым сыпайылық пен ізеттілік танытады, ешкімді алаламай, барлығына бірдей құрметпен қарайды. Адамгершілігі жоғары азамат ешкімге қиянат жасамайды, әрдайым адалдықты ұстанып, өз іс-әрекеттерімен шыншылдықтың үлгісін көрсетеді. Мұндай қасиеттері оны тек өз ұрпағына ғана емес, бүкіл қоғамға үлгі етпек.
Ел алдында жүретін адал азаматтың бойында болатын келесі қасиет – әділдік. Әділдік – қоғамның негізгі тірегі, ал әділ азамат – сол қоғамның ең маңызды тұлғасының бірі. Үлгі болар азамат әділдікті сақтап, әрдайым заңға бағынады. Өзінің қызметінде немесе жеке өмірінде болсын, ол әділетсіздікке жол бермейді. Жауапкершілік те азаматтың басты қасиеттерінің бірі. Жас ұрпаққа сенімді, жауапкершілікті азаматтың бейнесін көрсету арқылы оларды да қоғам алдындағы міндеттерін адал орындауға тәрбиелеуге болады. Мұндай азамат өзінің еңбекқорлығымен және табандылығымен де ерекшеленеді. Ол мақсатқа жету үшін қажырлы еңбек етудің маңыздылығын түсініп, жас ұрпаққа сол қасиетті үйретеді. Қиындықтарға мойымай, әрдайым алға ұмтылып, табанды болуды үлгі етеді. Еңбекқор азамат ешқашан жеңіл жолды таңдамайды, өз еңбегінің нәтижесімен мақтанады және осы арқылы өзінен кейінгі ұрпаққа дұрыс бағыт көрсетеді.
Ұрпақ тәрбиесінде отбасының орны ерекше. Адал азамат өз отбасына да үлкен жауапкершілікпен қарайды. Балаларын адалдыққа, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар береді. Отбасындағы тәрбиенің басты негізі – сүйіспеншілік пен құрмет. Азамат өз отбасында осы құндылықтарды сақтап, балаларын да солай тәрбиелейді. Өз ұрпағына қоғамға қызмет етудің маңыздылығын да үйретеді. Ол қоғамның дамуына өз үлесін қосып, қоғамдық істерде белсенділік танытады. Өзінің іс-әрекеттерімен басқаларға көмектесу, қайырымдылық жасау, қоғамның әл-ауқатын жақсартуға ұмтылу секілді құндылықтарды насихаттайды. Бұл арқылы ол жас ұрпаққа әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын көрсетеді.
Ұрпаққа үлгі болар азамат – қоғамның алтын қазығы. Оның бойындағы жауапкершілік, әділдік және адамгершілік қасиеттері қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттілікті қамтамасыз етеді. Оның өмірлік ұстанымдары мен іс-әрекеттері жас ұрпақ үшін тәрбие мен өнегенің сарқылмас көзі болып табылады.
«Адал адам – Адал еңбек ؘؘАдал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған озық әрі табысты елге айналудың басты жолы деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.
Сонымен қатар еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген ұғым арқылы да сипаттауға болады.
Президент айтқандай, еліміз стратегиялық бағдарынан ешқашан ауытқымайды. Біз мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекет құрып жатырмыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – ел саясатының тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз.
Ата-бабамыз ықылым заманнан ұрпағын еңбекке баулыған. Дана халқымыздан «Еңбек етпей, елге өкпелеме, егін екпей, жерге өкпелеме», «Ердің атын еңбек шығарар» деген нақылдар қалған. Қандай қоғамда болсын, адал әрі табанды еңбегімен еліне пайдасын тигізген адамдар ерекше құрметке ие әрі сыйлы. Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. «Еңбек адамды қашанда бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал адам адал еңбектің арқасында өз бақытын табады. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі шын мәніндегі адал адам болуға тиіс.
Тегінде, адалдық, әділдік – адам бойындағы бағалы қасиет, басты құндылық, өмірдегі шырағы іспеттес. Ал адал азамат – сол шырағданмен жүретін, ар-ұжданына қайшы келетін әрекетке бармайтын, өз ұлтының мүддесін көздеген, соған лайықты қызмет қылатын адам болса керек. Оның салмағы зор, жауапкершілігі де соншалықты жоғары. Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін осы жауапкершілікпен қатар, санамен түсініп, ұлт болашағына жанашырлықпен қызмет қыларлық жолда болуымыз керек. Себебі мемлекеттің діңгегі – адал азаматтар, ұлт мүддесін жоғары қойған қоғам.
Президенттің пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударған жөн деп санайды.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.
Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлтымыздың қанындағы адами құндылықтар, барлық қасиеттер адалдық, ар, намыс, ұят, тәрбие, адамгершілік, абырой сияқты ұғымдармен астасып жатыр. «Адамшылықтың, адалдықтың, тұрақтылықтың, тазалықтың түпқазығы – ұят» дейді жазушы Әзілхан Нұршайықов. Ұят деген ұғымның ішіне бар жақсы қасиет кіреді. Тәрбиелі, адал, арлы болайық. Тәуелсіздік жолында ұлт мүддесі үшін ұйысқан, жаңа кезеңге, әділетті қоғамға аяқ басқан елміз. Ұлы жолда ұтылмауымыз керек.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.