Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мазмұнды диалог өрбітетін маңызды алаң

0 1  292

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Минск қаласында өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Дәстүрлі жиынның биылғы тақырыбы – «Еуразиялық экономикалық интеграция стратегиясы: қорытынды мен перспектива».

Президент өз сөзінде форум интеграциялық бірлестік қызметінің өзекті мәселелері жөнінде мазмұнды диалог өрбітетін маңызды алаңға айналғанына назар аударды.
– Дамудың жаңа кезеңіне қадам басар алдында аталған одақ Еуразиядағы ең ірі бірлестіктердің бірі ретінде өзінің лайықты орнын иеленіп отыр. Ұйымға мүше елдердің жалпы экономикалық әлеуеті – 2,6 триллион доллар. Өткен жылы өзара сауда айналымы 98 миллиард долларға жетті. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Ал елдеріміздің жиынтық ІЖӨ-нің өсімі екінші жыл қатарынан әлемдегі орташа көрсеткіштен асып түсті. Бүгінде бірлестіктің халықаралық беделі артып, жаһандық экономика жүйесіндегі маңызды субъектіге айналып келеді. Біздің ойымызша, ЕАЭО-ның одан әрі дамуы тең құқылық, ортақ игілік және прагматизм қағидаттарына арқа сүйеп, елдеріміздің экономикалық мүддесін нығайтуға қызмет етуі керек. Интеграция көп жағдайда біз қалаған нәтижеге жеткізбейді, бұл үшін өзара ымыраға келіп, бірлесе жұмыс істеу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев модератордың ЕАЭО елдерінің өзара сауда-саттық үдерісіндегі цифрлық технологиялардың перспективасы туралы сауалына жауап берді.
– Заманауи сын-қатерлер экономиканы өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді талап етеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады. Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі. Электронды коммерция, цифрлық құжат айналымы, автоматтандырылған басқару жүйесі және логистика ЕАЭО елдері экономикасының ажырамас бөлігіне айналды. Олар шығынды азайтып, тауарлар қозғалысын жеделдетуге және бизнестің ортақ нарыққа шығуын жеңілдетуге мүмкіндік берді. Жаппай цифрландыру әлемнің тез өзгеруіне, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуіне түрткі болып отыр. Біз осы кезеңнің куәгеріміз. Аталған үдерісте ең ерекше назар аударатыны – жасанды интеллект. Бұл технология өнімділікті арттырып қана қоймай, экономиканың жұмыс істеу қалыбын, тіпті мемлекет пен қоғамды түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазірдің өзінде ЖИ коммуникация, көлік, энергетика, өндіріс, денсаулық сақтау және білім беру секілді салаларға дендеп енді. Әрине, жасанды интеллектіні енгізудің теріс әсері де бар. Мысалы, студенттер ChatGPT пайдаланады. Тіпті, кейбір саясаткерлер баяндамаларын жазу үшін ChatGPT көмегіне жүгінетін көрінеді. Бірақ мұның бәрі жасанды интеллектінің, жалпы цифрландырудың жанама әсері деп ойлаймын. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 15 триллионнан астам табыс әкеледі, 300 миллионға тарта жұмыс орнын алмастырып, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, дүние жүзінде жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Еуразиялық экономикалық одақ ғаламдық үдеріс көшінен кеш қалмауы керек.
– Енді ғана қалыптасып келе жатқан цифрлық әлем тәртібіндегі рөлімізді күшейтуге орайлы сәт туды. Мұны дер кезінде пайдалану маңызды. Әрине, кез келген технологиялық революция сияқты жасанды интеллектінің де қатері жоқ емес. Технологияға қолжетімділік теңсіздігі, дәстүрлі жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық дербестіктің шектелуі, жаһандық цифрлық монополияға тәуелділік секілді қауіптер бар. Яғни дамуы жоғары деңгейдегі елдердің үркердей тобы осы үдерісте көш бастап, әлемнің басқа бөлігі соңында қалуы мүмкін. Менің ойымша, ЕАЭО бұл процестің алдыңғы шебінде болуға тиіс, тым болмаса артта қалып қоймауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның келесі жылғы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалығы аясында жиындардың бірін жасанды интеллектінің дамуына арнауды ұсынды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы стратегиялық маңызды саладағы әлеуетті нығайту үшін елімізде атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
– Біз ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамытып келеміз. Таяуда есептеу қуаты жоғары суперкомпьютерді іске қосады. Оның ресурсын ғылыми зерттеулерге, модельдеуге, үлкен деректер қорын өңдеуге және инженерлік тұрғыдан күрделі міндеттерді шешуге пайдаланамыз. Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Салалық заң қабылдау жоспарланып отыр. Бұл қадамдардың барлығы елімізде жасанды интеллектіні қолданудың берік институттық негізін қалыптастыруды көздейді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда академиялық экожүйе қалыптастырып, жаңа буын мамандарын даярлау мақсатында халықаралық университеттермен және ғылыми орталықтармен серіктестікке айрықша мән берілетінін жеткізді. Бұл ретте Президент елімізде Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалын ашуға қолдау көрсеткені үшін Ресей басшылығына ризашылығын білдірді.
– Биыл Астанада Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұдан бөлек, біз жаңа тұрпатты CryptoCity эксперименталдық аймағын құруға кірістік. Бұл криптовалюта саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосатын орталыққа айналмақ. Пилоттық жобада біз цифрлық активтерді кеңінен қолдануға байланысты құқықтық және технологиялық шешімдерді сынақтан өткіземіз. Жалпы, Қазақстан ынтымақтастыққа ашық. ЕАЭО-ға мүше елдерді инновациялық кластерлерді, технопарктер мен стартап-инкубаторларды бірлесе іске қосуға шақырамыз. Ондағы ғылыми ізденістер мен технологиялар кейін табысты коммерциялық жобаға айналуы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, озық цифрлық технологиялар өзара сауда-экономикалық ынтымақтастығымызға тың серпін бере алады.
– Бұл бағытта біздің мүмкіндігіміз зор. Қажетті стратегиялық құжаттар қабылданған, тәжірибе жеткілікті әрі ортақ міндетті жүзеге асыру жолдары белгілі. Ең бастысы, бізге өзара келісіп, прагматикалық тұрғыдан жедел әрекет еткен жөн. Мемлекеттеріміз жүйелі әрі батыл саясат жүргізіп, Еуразия кеңістігінде күш-жігер біріктірсе, жасанды интеллектіні экономикамыздың жаһандық бәсекелестіктегі тұрақты өсім көзіне айналдыруға болады. Біз экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға ниеттіміз. Тиімді, ашық әрі өркендеген Еуразиялық экономикалық одақ құру жолында жоспарлы түрде бірге жұмыс істеуге әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекеттер басшылары Тәуелсіздік сарайында шағын құрамда бас қосып, экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту перспективасын талқылады.
Сондай-ақ басқосу аясында Қасым-Жомарт Кемелұлы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Жиында Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі серіктестерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қатысты өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ өнеркәсіп, көлік және логистика, аграрлық сектор, цифрландыру және жасанды интеллект секілді басты бағыттар бойынша өзара тиімді ықпалдастық перспективасы қарастырылды.
Отырыста Иран Президенті Масуд Пезешкиан (бейнеүндеу форматында), Куба Президенті Мигель Марио Диас-Канель Бермудес, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Моңғолия Премьер-министрінің бірінші орынбасары Учрал Ням-Осорын сөз сөйледі.
Жиын соңында бірқатар құжатқа, соның ішінде Моңғолиямен сауда келісіміне және Біріккен Араб Әмірліктерімен экономикалық серіктестік жөніндегі келісімге қол қойылды.
Келесі жылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске Қазақстан Республикасы төрағалық етеді.
Осы ретте артқа сәл шегініс жасап, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылу тариха тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. 1999 жылғы 26 ақпанда Мәскеуде Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғызстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасының президенттері Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) туралы шартқа қол қойды, бұл еуразиялық шынайылықтарға бейімделген, барлық талаптарға жауап беретін экономикалық кооперацияны іздестіруге серпін берді.
2000 жылғы 10 қазанда Астанада Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің президенттері Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру процесін тиімді ілгерілету мақсатында Еуразия экономикалық қауымдастығын (ЕурАзЭҚ) құрды. Бұл бірыңғай экономикалық стандарттар идеясы эволюциясының маңызды кезеңі болды. Осы ұйымға енгізілген тетіктер ұйым жұмыс істеп тұрған 8 жыл ішінде қатысушы елдер арасындағы тауар айналымын 4 есеге арттыруға мүмкіндік берді.
2003 жылы тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалысын қамтамасыз еткен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру туралы келісімге қол қою маңызды сәттердің бірі болды.
2010 жылы Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Кеден одағының (КО) жұмыс істеуінің басталуы интеграцияның тағы бір кезеңі болды. Бірыңғай кедендік тариф қолданысқа енгізілді, ішкі шекараларда кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау жойылды, үш мемлекеттің аумағында тауарлардың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етілді. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуін бастау үшін негіз құрайтын халықаралық шарттарды әзірлеу бойынша белсенді жұмыс басталды.
2012 жылғы қаңтарда Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігінің құқықтық негізін қалыптастыратын, тауарлардың ғана емес, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы үшін негіз болатын халықаралық шарттар күшіне енді.
2014 жылғы 29 мамырда Астанада 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген (ЕАЭО) құру туралы шартқа қол қойылды. Кейінірек бірлестікке Армения мен Қырғызстан қосылды. Шарт еуразиялық экономикалық жобаның интеграцияның жаңа, неғұрлым терең деңгейіне көшуін білдірді.
ЕАЭО ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперация және бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында құрылды, ал Одақтың жұмысы оған мүше елдер азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған. Айта кету керек, ЕАЭО – саяси бірлестік емес, Одақ туралы шарт жасалған кезде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер оны саясиландырудан бас тартты. ЕАЭО аясында тек қана экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ егемендік, теңдік қағидаттарын қамтамасыз ету және оған мүше елдердің ұлттық мүдделерін есепке алу мәселелері қаралады. ЕАЭО – Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында мемлекеттер қол жеткізген уағдаластықтарға негізделген өңірлік экономикалық интеграцияны қамтамасыз ететін халықаралық ұйым.
ЕАЭО органдары – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес (мүше елдер басшылары), Еуразиялық үкіметаралық кеңес (мүше елдердің үкімет басшылары), Еуразиялық экономикалық комиссия және ЕАЭО Соты.
Қазіргі жағдайда Қазақстан үшін сыртқы әріптестермен тұрақты экономикалық байланыстарды ілгерілету – экономикалық дамудың маңызды векторы. ЕАЭО осы тұрғыда экспорттық әлеуетті арттырып, жаңа мүмкіндіктер мен келешегі бар бағыттарды ашады, бұл қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруына оң әсер етеді. Әр елдің интеграциядан алатын өзіндік артықшылықтары бар. Қазақстанның артықшылықтары – бірыңғай кеден нормалары базасында экспортты жеңілдету, бажсыз сауда-саттық, әлемнің басқа экономикалық макроөңірлеріне шығуға мүмкіндік беретін жаһандық көлік тораптарына қосылу.
Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше болуы мемлекет егемендігін сақтай отырып, серіктес елдермен тығыз және үйлесімді экономикалық ынтымақтастық пен кооперацияны орнатуға толық мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақты институционалдық және құқықтық ресімдеу аяқталды, бұл тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірыңғай сыртқы сауда және кедендік реттеу қолданылады, техникалық және монополияға қарсы реттеу, нақты секторды субсидиялау саласында жалпы құқықтық алаң құрылды, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика және басқа да салаларда ынтымақтастық орнатылуда.
Сонымен қатар 2025 жылға қарай электр энергетикасы, газ, мұнай және мұнай өнімдері салаларында ортақ қаржы нарығы мен ортақ нарықтар қалыптасады. Ортақ нарықтар құру мүше мемлекеттерге қаржылық қызметтердің еркін қозғалысын, сондай-ақ газ, мұнай және мұнай өнімдерін еркін жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы ЕАЭО аумағында энергия жүйесінің тұрақтылығына жағдай жасайды.
Бұдан басқа, қауіпсіз әрі сапалы дәрі-дәрмектерге және медициналық бұйымдардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығын іске қосу бойынша жұмыстар жалғасын табады. Бірыңғай нарық барлық мүше мемлекеттердің аумағында қызмет көрсету еркіндігін көздейді және тиімді бәсекелестікті қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті кемсітпеушілік шарттарында жүзеге асыру сияқты қағидаттарға негізделеді.
Сонымен қатар Қазақстан жалпы еңбек нарығына қатысушылардың бірі болып табылады, бұл жұмыс күшінің еркін қозғалуына, дипломдарды өзара тануға, мүше мемлекеттердің жұмысшы азаматтарына және олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде медициналық қызмет көрсету бөлігінде ұлттық режимді қолдануға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, ЕАЭО елдері мен Вьетнам, Сербия, Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қол қойылып, қолданысқа енгізілді. Мысырмен, Израильмен сауда келісімдері келіссөздер сатысында. Қытай Халық Республикасымен преференциялық емес келісімге қол қойылды.
Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттарының іс-шаралары іске асырылуда,. Олар орнықты және жан-жақты экономикалық өсуге жағдай жасауға, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында да, үшінші елдермен де сауданы дамытуға, инновациялық және цифрлық орта қалыптастыруға, азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға, сыртқы әріптестермен өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастық құруға ықпал етеді.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.