Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тілсіз тажалмен арпалысқан төтеншеліктер

0 346

Табиғи апаттар, төтенше жағдайлар кез келген сәтте болуы мүмкін. Осындай кезде құтқарушылардың рөлі маңызды екені бірден білінеді. Олар – адам өмірі мен мүлкін қорғап, қауіппен күресуде алдыңғы шепте тұратын мамандар. Құтқарушылардың міндеттері әр жағдайға байланысты түрліше болғанымен, олардың негізгі мақсаты әрқашан өзгеріссіз қалады. Бұл – халықты құтқару және қорғау.

Әлемдегі ең қиын мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Бұл қызмет батылдық пен тәуекелді талап ететін нағыз ержүрек азаматтарға тән жұмыс. Себебі өрт сөндіруші болу үшін ең алдымен физикалық және моральдық тұрғыда мықты болу керек. Өйткені кез келген уақытта өрт болса, дереу іске кірісіп, жалынды тез арада өшіру шарт. Ал өрт шарпыған аумақта адамдар болса, сала мамандарына екі есе жауапкершілік жүктеледі. Себебі олар өз бастарын қатерге тігіп, жалынның арасынан адамды аман алып шығу үшін үлкен тәуекелге бел буады. Өрттің ортасында жүрген төтеншеліктердің әр қимылы әбжіл, басқан қадамы тиянақты болуы шарт. Қате жасаған кішкене қадам қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыруы мүмкін.
Бүгінде қызыл жалынды құрықтау жолында қызмет атқарып жүрген Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы гарнизоны аумағында 4 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімі орналасқан. Бұл күндері шаһардағы өрт сөндіру бөлімдерінде үлкен жүрек пен машық, білім мен білікті ұштастыра білген мамандар жауапкершілік жүгін арқалап жүр. Бұл қатарда азаматтық қорғау полковнигі Арман Сартаев та бар. Ол 2022 жылдың мамыр айында таңғы сағат 8:00 шамасында «Ауыл-Береке» базарында болған өртті сөндіру кезінде ерен ерлік көрсеткен.
– Өрттің ұлғайғаны сонша, аумағы 700 шаршы метрді құрады. Жүргізілген электр қуатының бойымен әр жерден контейнерлер тұтанып, от шығып жатты. Өрт сөндірушілер тоқты қай жерінен ажыратарын білмей әуре-сарсаңға түсті. Осы орайда электр мамандары келіп, біздің кедергісіз жұмыс істеуімізге жағдай жасады. Өрт сөндіргіш автоцистерналарды ішке кіргізіп, контейнерлердегі жалынның бәрін өшірдік. Бас-аяғы 3 сағаттың ішінде өртті толық сөндіріп, контейнердің ішіндегі тауарларды қауіпсіз жерге көшірістік. Өрттің себебі электр тогының қысқа тұйықталуынан болған екен.
Тағы бір оқиға есімде. 2023 жылдың күз айларының бірінде, таңғы сағат 4:00-де Тараз қаласындағы «Қарасу» шағынауданында орналасқан №24 жатақхананың өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Бірден жолға шықтық. Барсақ, 4-ші қабаттан қою түтін шығып жатыр. Екі адам балконнан секіргелі тұр екен. Қара түтіннен ештеңе анық көрінбейді. Тұрғындардың көбі қалың ұйқыда. Оянып кеткендердің жан дауыстары естіледі. Бірінші кезекте адам өмірін аман сақтауымыз керек. Сондықтан балконда тұрған екі адамды және екі кішкентай баланы құтқардық. Кіреберісті қара түтін басқаны соншалық, ештеңе көрінбейді. Сонда да түтінге тұншықпасын деп тұрғындардың есіктерін қағып оятып, қауіпсіз жерге шығардық. Әр кез адамдарды қауіпсіз жерге көшіру, олардың өмірін сақтап қалу – біз үшін бұлжымас қағида, – дейді Арман Молдатайұлы.
Дәл осындай сын сағатта сынбаған қайсар азамат Арман Сартаев ерен еңбегі үшін I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Карина Карташованың айтуынша, ағымдағы жылы Тараз қаласында 167 өрт оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 18 миллион 730 мың теңге шығын келген.
– Орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында облыс әкімдігінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды. Мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілді. Табиғи өрттерді алдын алу және оларға жедел әрекет ету мәселелері облыстық Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында қаралды, – деген Карина Карташова қазіргі уақытта осы мәселе бойынша әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Сонымен қатар облыстық телеарналарда тақырыптық бейнероликтер көрсетілуде. Мемлекеттік орман қорының аумағына кіретін жерлерде және автомобиль жолдары бойында 60 аншлаг, 40 панно және 16 билборд орнатылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында өртке қарсы тақырыпта мақалалар жариялануда.
Сонымен қатар 82 адамнан құралған 16 мобильді топ құрылды. Олар орман алқаптарында 309 рейдтік іс-шара жүргізді. Жалпы айтқанда, табиғи өрттің алдын алу мәселелері тұрақты бақылауда, – дейді ол.
Әрине, заң – бәрімізге ортақ. Осы жүргізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде орманды далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деректері бойынша 232 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 91 тұлғаға жалпы соммасы 1 миллион 543 мың 310 теңге айыппұл салынған. Ал 140 тұлға ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Мұндайда батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі еске түседі. Біз де өз кезегінде қалалық өрт сөндіру бөлімінің жұмысына сәттілік тілей отырып, қалтқысыз қызметтеріне шексіз алғысымызды білдіреміз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.