Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Шомылудың да өз тәртібі бар

0 338

Төтеншеліктердің қызметі қашан да күрделі. Себебі, бірде құтқарушы, бірде фельдшер, бірде өрт сөндіруші, бірде ұшқыш та бола алатын мамандық иелерінің бір күні екінші күніне ұқсамайды. Бұл мамандықтың басты міндеті – суда да, құрлықта да халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.

Әрине, құтқарушы – өмірін қауіппен, тәуекелмен байланыстыратын мамандық. Өйткені олар адам өмірін құтқарумен айналысады. Басымызға қиын іс түскенде ең біріншіден біз «112» нөмірін теріп, құтқарушылардың көмегін сұраймыз. Қиындыққа қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы жәрдем береді. Лаулаған оттың ортасына да кіреді, қансыраған адамды құтқарып, қатыгез қыстың аязында қалғандарға да қол ұштарын созады. Бұл – олардың күнделікті жасайтын ерліктері.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жиі болып жүр. Басқасын айтпағанда көктем шыға қар суының еруінен пайда болатын су тасқыны, жазда шомылу маусымында туындайтын мәселелер жұртшылықты әбігерге салуда. Осы кезде Төтенше жағдайлар қызметкерлері жабыла іске кіріседі. Бұл қатарда тараздық төтеншеліктерде бар. Олар тек табиғи және техногендік сипаттағы жағдайларда ғана емес, қарапайым күндері де шаһар тұрғындарына қауіпсіздік шараларын түсіндірумен айналысады.
Бұл ретте қала аумағындағы шомылуға тиым салынған әрі жабдықталмаған су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатымен жоспарда көрсетілген қауіпті учаскелерде судағы қауіпсіздік іс-шараларын ұйымдастыру бойынша рейдтік жұмыстарды жүргізу кестесі бекітілген. Осыған орай қаладағы полиция қызметімен бірлесе отырып күнделікті рейд жұмыстарын жүргізу кезінде суға шомылуға тыйым салынған жерде, сонымен қатар су айдындарында алкогольдік ішімдікті қолдану бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 412-бабы, 440-бабы және 364-бабына сәйкес әкімшілік практиканы қолдану бойынша халықтың арасында жұмыстары жүргізіліп отырады. Нәтижесінде бүгінгі күнге 364-бап бойынша 5 азаматқа ескерту түрінде әкімшілік қарастырылса, 412-бап бойынша 1 қала тұрғынына 12 922 теңге айыппұл салынды.
Сонымен бірге Тараз қаласы аумағындағы барлық жасанды немесе табиғи түрде пайда болған су айдындарында тұрғындардың қаза болу жағдайын алдын алу мақсатымен 28 рейдтік жұмыс атқарылып, 350 жадынама таратылды. Аталған іс-шараларға Тараз қаласы «Amanat» еріктілері қоғамының белсенділері қатысты. Рейдтік жұмыстар Талас өзені маңында және «Шөлдала» алқабындағы су айдындарында жүргізілуде.
Қала аумағындағы шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған су айдындарында адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстарына «Lider.kz» волонтерлық қозғалысы және «Amanat» жастар қозғалысының 10 волонтеры қосылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың құзыретімен шомылу айдындарына арналған 21 ескерту тақтайшасы дайындалып, қала аумағында 4 баннер ілінді.
Сонымен бірге халықты ақпараттандыру үшін теле-радио арналарда 5 сұхбат беріліп, Жамбыл облысы ТЖД ресми парақшасында және жергілікті газеттерде 6 мақала жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс атқару шомылу маусымының аяғына дейін жүргізіледі. Өйткені халықты барынша хабардар ету жазатайым оқиғаның болдырмауының басты құралы болып отыр.
Жыл сайынғы өзекті мәселенің бірі – жазғы шомылу маусымы кезінде су айдындарында қайғылы жағдайлардың болуы. Мұның себебі – суда қауіпсіздік ережелерін сақтамай, белгіленбеген жерлерде шомылу. Осы мақсатта Жамбыл облысы әкімінің 2019 жылғы 7 тамыздағы №168 қаулысын басшылыққа алып, жағажайларда медициналық, құтқару бекеттері және құтқару құралдарымен жабдықталуы және модульдік-қаңқалы бассейндерді сатып алу және ескертпе тақтайшаларын орнату көзделген. Бұл ретте аталған мәселе бойынша осы жылдың 27 қаңтарында және 4 наурызында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің атына сұраныс хаттары жолданды.
Қорыта айтқанда, тараздық Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында қала бойынша 2024-2025 жылғы осы уақытқа дейін суға бату жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен, әр адам өз өмірінің басты қорғаушысы екенін ұмытпауы қажет.

Карина КАРТАШОВА,
облыстық Төтенше жағдайлар
департаментінің ресми өкілі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.