Соңғы бірер жылдың бедерінде көне шаһар – Таразды көркейту бағытында ілкімді істер қолға алынып келеді. Бұл мәселе қаланы өркендетуге арналған үш жылдық даму жоспарында айқын көрініс тапқан. Аталған жұмыстар бойынша Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Осыған орай қаланың орталық көшелерінде орналасқан 16 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеден өткізу жұмыстары қолға алынған еді. Бұл бастама шаһарға бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында қолға алынғанын айта кеткен жөн.
Биылғы жобада Абай даңғылы бойында орналасқан №117, 121, 123, 127, 128, 129, 130, 132, 134, 139 үйлер, Әйтеке би көшесіндегі №1, 2 және Қазыбек би көшесіндегі №103, 113, 120, 140 үйлер тізімге енген.
Бүгінде жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мердігерлер жөндеу жұмыстарына қызу кіріскен. Қазіргі таңда қасбеттер жаңартылып, шатырлары ауыстырылуда.
Жемісті жоба аясындағы бұл жұмыстар қаланың сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға да бағытталған. Жалпы, шаһардағы тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жаңғырту болашақта да жалғасын табады.
«JT»-ақпарат