Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпкерлер көлік тұрғанын қашан ретке келтіреді?

0 358

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен ірі сауда орындары, тойхана және екінші деңгейлі банк өкілдерінің қатысуымен нысан аумағын абаттандыру және көлік тұрағын заңдастыру бойынша кеңес өтті.

Қала аумағындағы сауда нысандарының басым бөлігінің автотұрақтары қолданыстағы заңнама талаптарына сай келмейді. Ережеге сәйкес, қаланың сәулеттік келбетін сақтау үшін автотұрақтар абаттандырылуы қажет. Жалпы кәсіпкерлер келушілерге арналған көлік тұрағын өз жерлерінен қарастыруға тиіс. Ал мемлекет меншігіндегі жерлерді автотұрақ ретінде пайдалану үшін нысан иелері өз қаражатынан абаттандыру бойынша ұсыныс беріп, келісім алуы қажет.

2024 жылы кәсіпкерлерге заң талаптарына сәйкес абаттандыру бойынша ұсыныстар берілгенімен, бүгінге дейін оң өзгеріс жоқ. Қала әкімі енді талаптар ескерусіз қалса, мемлекет меншігіндегі жерлер бюджет есебінен абаттандырылып, бірақ кәсіпкерлердің мүдделері ескерілмейтінін айтты.

Енді қаланы көгалдандыру және абаттандыру ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Әр автотұраққа кіру-шығу жолы, жол белгілері, жаяу жүргінші жолы, жарықтандыру және мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасау міндеттелетін болады.

Бүгінгі кеңеске қатысқан кәсіпкерлер көтерліген мәселені қолдап, жақын күндері жобалық ұсыныс беретіндерін жеткізді. Алайда шақыртуға қарамастан кеңеске келмеген нысан иелері де бар. Олар – «Береке банк», «Aster avto», «Zeta», «Forte bank», «Friendly», «Musetti», «Discovery coffee», «Firkan», «Корзинка», «Қайқармет», «Бақ сарай», «Гаухартас», «Март магнат» және «Тараз Mall» сауда орындарының өкілдері.

Құрметті кәсіпкерлер! Егер сіз өз нысаныңыздың аумағындағы көлік тұрағын абаттандыру, заңдастыру жұмыстарын жүргізгіңіз келсе, Тараз қаласы Сәулет және қала құрылысы бөліміне жүгіне аласыз. Толық ақпарат алу үшін 45-54-97 нөміріне хабарласыңыз.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.