Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Адасқан сенім тура жолдан тайдырады

0 217

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне бағдарлық баяндамасын жолдап, 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялаған болатын. Бұл – еліміздің рухани даму кезеңіндегі маңызды қадам. Отбасы құндылығының маңыздылығын арттыру, діни тұрғыдан да ерекше мәнге ие.

Қазіргі таңда отбасы құндылығы жаһандық мәселеге айналуда. Дер кезінде қауіптің алдын алу шаралары қолданылмаса, адамзат өз қолымен жасаған жамандықтың өкінішінде қалуы мүмкін. Сондықтан отбасыдағы түйткілді мәселелерді күн тәртібіне шығару – Діни басқарманың игі шешімінің бірі.
Отбасы – салиқалы ұрпақ өсіретін алтын бесік. Адам баласы ұрпағының болашағы жарқын болғанын қалайды. Баласы дүниеге келгеннен бастап әйел ана атанады. Баласын құшағына алып, бауырына басқанда мейірімі тасып, Раббысының құлдарына деген рақымын еске түсіреді. Бала мен ананың арасындағы байланысты үзгісі келетіндерді Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ана мен сәбиін бір-бірінен айырғанды Алла да Қиямет күні сүйгенінен айырады», – деп қатаң ескертеді. Тіпті, аузына салғалы тұрған құрманы баласы сұрай қалғанда аузына салған ананың жұмаққа баратыны хадистерде айтылған.
Перзенті дүниеге келгенде отағасы әке атанады. Қияметке дейін соның есімімен еске алынып, мойнына жауапкершілік жүктеледі. «Отбасының сенде ақысы бар» деп ескерткен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне жүктеген жауапкершілігін орындауға атсалысады. Еңбек ету арқылы қолына тиген нығметті отбасымен де бөлісіп, үйіне жақсылық әкеледі. Барлық жамандық атаулыдан шаңырағын аулақ ұстап, бұл жолда жан тапсырса, шейіт болатынын әсте есінен шығармайды.
Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сенімі. Бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын шайқалмайтын іргетас. Сенімділік отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауымен оны ешқашан жолда тастамайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде тыныштық, қауіпсіздік бар. Сенімнің арқасында отбасы мүшелері өз ойы мен сезімін ашық білдіре алады. Сонымен қатар сенім эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.
Ислам діні әрбір мұсылманның әлеуметтік жағдайына да басты көңіл бөледі. Отбасы, бала тәрбиесі, мұсылман арасындағы қарым-қатынастың жүйелігін Ислам жіті қадағалайды. Сондай-ақ кез келген әлеуметтік мәселелерді түсіністікпен шешуге, ауыртпалықтарға сабыр етуге шақырады. Осының салдарынан мұсылманның бойында белгілі бір мінез-құлқы пайда болады. Мұсылман үшін отбасын бағып-қағу үлкен сауап. «Ер адамның садақа етіп шығарған динарының ішіндегі ең абзалы – өзінің қарамағындағылары үшін шығарған динар, Алла жолындағы өзінің көлігіне шығарған динар және де Алла жолындағы өз жолдастары үшін шығарған динар» делінген хадисте.
Бүгінгі таңда қоғамда дін атын жамылып, ұлттың өркениеті мен мәдениетін теріске шығарушы көптеген ағымдардың пайда болғаны белгілі. Бұл ағымдар өздеріне тән әдістері мен мүмкіндіктерін тиімді пайдаланады. Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, діни мәселелерді терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлердің үгіт-насихатына тез ілігеді. Дін атын жамылып, дүниауи мақсаттарды көздеген, жастарды дәстүрлі дінінен ажыратуды мақсат еткен теріс пиғылды жат ағымдар сенушілердің сана-сезіміне етене жақын құндылықтар арқылы әсер етіп, жаулап алуды мақсат етеді. Аталмыш ағымдардың бір бөлігі өздерін діни, мәдени, ғылыми-танымдық, білім беру қызметін көрсетушілер ретінде таныта отырып, дәстүрлі дін негіздерімен мүлде байланыспайтын, жеке тұлғалардың ілімінен бастау алатын сан алуан сенімдік бағыттарын насихаттап, сенушілердің қатарын көбейту арқылы дүниауи игіліктерге қол жеткізу мақсаттарын көздеуде.
Қазіргі таңда адамдардың негізгі құқықтарына нұқсан келтіріп, мемлекетке, қоғамға, жанұяға қауіп төндіріп отырған, адам денсаулығына түзелмейтіндей зиян келтірген теріс пиғылды діни ағымдардың қызметі алаңдатушылық туындатуда. Деструктивті діни ағымдар өз жақтаушыларын пайдалана отырып, үстемдігін күшейту үшін діни, саяси, психотерапиялық, денсаулық сақтау, ағартушылық, ғылыми-танымдық, мәдени және басқа да іс-шаралар арқылы өздерінің ниеттерін жасырын насихаттайтын авторитарлық ұйым саналады.
Дін атын жамылған ағымдар өздеріне жаңа мүшелерді тартып, олардан түскен ақпараттарды бақылауда ұстайды. Сондай-ақ бейэтикалық тәсілмен жеке тұлғаны бағындыру арқылы, психологиялық қысым көрсету, қорқыту және мүшелерді ұйымда ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенеді. Осылайша олар тұрмыс қалпын және адамның еркін, ақпараттық дүниетанымды таңдау құқығын бұзады. Заңсыз әрі мамандандырылмаған медициналық қызметпен айналысу салдарынан сенушілерінің денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген теріс пиғылды ағымдар да бар.
Оның бір себебі – қазіргі таңда интернет қолданушыларының саны артып келеді. Сол себепті интернетте пайдалы мәліметтермен қатар, деструктивті, яғни адамның психологиялық, физикалық саулығына теріс әсер ететін, құқығына қайшы келетін теріс ақпараттар та баршылық. Мұндай ақпараттар қоғамның қалыпты дамуына қауіп төндіреді. Сондықтан оны дер кезінде тану және онымен күресу өте маңызды.
Деструктивті мазмұндағы ақпарат адамды күрделі, сонымен қатар күнделікті қажетті тапсырмаларды орындаудан алшақтату үшін жасалған. Мұндай ақпараттарды оқу жұмыс процесін баяулатып, адамды өз бетінше және креативті ойлау қабілетінен айырады. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер, форумдар, басқа да цифрлық платформалар қылмыс жасаудың және жекелеген адамның дүниетанымына әсер етудің алаңына айналды. Зерттеушілердің пікірінше, интернет қолданушылары, соның ішінде жас буын өкілдері (14-25 жас аралығы) әлеуметтік желілерде экстремистік идеология насихаты, суицид жолдары, есірткі қолдану және басқа да ақпараттарға көп кезігеді. Осындай ақпараттардың салдарынан адам баласы ауыр күйзеліске ұшырап, ата-анасы, қоршаған ортасымен қарсы келіп, соңында түрлі қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ұрынуы мүмкін.
Цифрлық технологиялар дамыған сайын адамдар басқа адам туралы қажетті мәлімет алып қана қоймай, оның абырой-беделін түсіруге бағытталған ақпарат тарата алатындай мүмкіндікке қол жеткізді. Әсіресе, мұны деструктивті ағым өкілдері белсенді түрде пайдаланып келеді. Мысалы, экстремистік идеяларды насихаттау көбіне «бізді» «өзгелерден» бөлуге бағытталады. Олар адамдардың тәрбиесіздігіне сүйене отырып, арнайы әсер ету әдістерін қолданады, рухани ілімдер мен тарихи фактілерді бұрмалайды. Сонымен қатар деструктивті діни ағымдар әлеуметтік желіде арнаулы дайындалған стратегия бойынша әрекет етеді. Олар өзге адамдарды қатарына қосу үшін әлеуметтік желілерді өте белсенді пайдаланып, арнаулы ойластырылған стратегияны іске асырып қана қоймай, әртүрлі бұрмаланған, жалған ақпарат тарату арқылы өзгелерді шатастырады. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Қазақстанда тыйым салынған «ДАИШ» секілді экстремистік ұйымдар интернеттің шексіз мүмкіндігін шебер пайдаланғанын, желілер арқылы виртуалды орта қалыптастыруға әрекет еткенін жазған болатын. Шынында, қазіргі таңда әлеуметтік желілерді пайдалану оңай. Желілердің көмегімен радикалды ағымдар өз хабарламаларын аудиторияның нақты топтарына бейімдеп, виртуалды әлем арқылы миллиондаған адамның үйіне еніп жатқаны жасырын емес.
Деструктивті мазмұндағы ақпарат тасқынына қалай төтеп беруіміз керек? Оның алдын алудың алғашқы қадамы – қауіпті білу және тану. Алайда үрейге беріліп, өзіңізді интернеттен толық шектеудің қажеті жоқ. Себебі интернет – адамзаттың ең үлкен жетістігі. Сондықтан одан бас тарту қиын. Интернетті меңгерудің ең тиімді жолы – оны дұрыс қолдану. Сол арқылы ғана интернеттің игіліктері мен мүмкіндіктеріне қол жеткізе аламыз.
Қазіргі қоғамға қажетті дағды – медиа сауаттылық. Ол ақпараттық хабарламаларды дұрыс оқуға, оларды талдауға және солар арқылы қалыптасқан пікірді сыни тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Медиа сауаттылық адамдарға манипуляцияға қарсы тұруға, жалған немесе деструктивті мәліметтерді тез анықтауға көмектеседі.
Деструктивті ақпараттан сақтану үшін қарапайым ережелерді біліп, деструктивті мазмұнды саралауға көмектесетін цифрлық нұсқамаларды қолдану қажет. Мысалы, қажетсіз ақпаратты бұғаттайтын түрлі антивирус бағдарламаларын орнатуға болады. Көптеген танымал интернет браузерлерде веб-сайттарды бұғаттауға арналған қосымшалар бар. Сонымен қатар «Бейтаныс адамдармен сөйлеспе» ережесін есте сақтап, әлеуметтік желіде барлық белгісіз нәрседен сақ болуымыз керек. Бейтаныс сілтемелерге өтпей, беймәлім жерден келген хабарламаларды қабылдамау аса маңызды.
Деструктивті ақпаратпен күресу үшін әркім өзінің медиа сауатын арттырып, ақпаратты дұрыс талдауды үйренуі қажет. Бүгінде ақпарат ағынының көптігі сонша, интернеттегі ақпараттар өзіне назар аудартпай қоймайды. Алайда сыни ойлай алатын және ақпаратты ресми дерек көздерден ғана пайдаланатын адамдар деструктивті ақпараттар ағынынан өзін қорғай алады.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде де жалған және деструктивті ақпарат көп тарайды. Себебі, желілердегі ақпаратты тексеру механизмі әлсіз. Желілерде таралып ақпараттардың ақ-қарасын анықтау қиын. Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпараттарға алданбай, тек ресми және сенімді дереккөздерге жүгінген жөн.
Діни ақпаратты шекараның арғы жағында отырған беймәлім ұстаздардан, белгісіз сайттардан үйренуге болмайды. Діни мағлұмат алам деушілерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының muftyat.kz сайты бар екенін еске салғымыз келеді. Біз бірге сыйластық пен өзара түсіністікке негізделген үйлесімді қоғам құру арқылы деструктивті ақпараттың барлық түрінен бас тарта аламыз.
Қорыта айтқанда, осындай дін атын жамылған радикалды және теріс пиғылды ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттер халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей, идеология ретінде әрекет ететіндіктен, оларға қарсы күрестің негізгі жолы да идеологиялық ағарту шаралары болып отыр.
Қазақстан Республикасының Ата Заңында және басқа да заңнамаларында көзделген нормаларға қайшы іс-әрекет жасаған, азаматтардың діни сенім мен ар-ождан бостандығы құқығына нұқсан келтіріп, өмірі мен денсаулығына, имандылығына қатер төндірген, отбасының бұзылуына себепкер болған, тағы басқа заңға қайшы іс-әрекеттер жасағаны анықталған теріс пиғылды діни ағымдардың ел аумағындағы қызметіне сот шешімімен тыйым салынған.

Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.