Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Таразда жол жөндеу жұмыстары екі есеге артты

0 247

Тараз қаласында жол жөндеу жобаларының саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге дейін артты. Бұл туралы Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков айтты.

Жол жөндеу халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға септігін тигізеді. Айталық, биыл жалпы ұзындығы 61,4 шақырым болатын 95 көше, бұрылыс, тұйық және өткелге орташа жөндеу жоспарланған. Сонымен бірге 100 көшеге және 20 тұрғын алқапқа шағалтас төселіп, жалпы ұзындығы 35,3 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолдары жөнделеді. Бұдан бөлек, Рысбек батыр, Қолбасшы Қойгелді, А.Асқаров көшелеріндегі жол қайта жаңғыртылады деп күтілуде.
Қазіргі таңда 37 көше, бұрылыс, тұйық және өткелде жөндеу жұмыстары басталып, қарқынды жүргізілуде. Мәселен, «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабындағы жалпы ұзындығы 33,2 шақырым болатын 75 көшеге асфальт жабынын төсеу қарастырылған. Бүгінге дейін 61 көшеде жұмыстар аяқталды. Биыл қалған 14 көшеге жол төселеді.
– «Бурыл» алқабының тұрғындары мемлекет шарапатын сезініп отыр. Көшеміз жарық, ауызсу бар. Қала әкімдігі екі қабатты асфальт төселеді деп уәдесін берді. Қазір мердігер мекеме жерді тығыздау жұмыстарын жүргізуде. Жақын арада жаңа жолдың игілігін көреміз. Алғысымыз шексіз, – дейді 82 жастағы Тараз қаласының тұрғыны Бақыт Самыратбеков.
Айта кетейік, биыл Жамбыл облысындағы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 181 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.