Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ойынқұмар отбасын ойран қылар

0 493

Соңғы онжылдықта коммерциялық құмар ойындардың бұрын-соңды болмаған өсімі байқалады. Заманауи технологиялардың арқасында әртүрлі виртуалды ойындар, соның ішінде құмар ойындар да қолжетімді болған. Технологияның дамып кеткені сонша, ойыншылар аз уақытта депозит жасап, ақшаға ойнау үшін ұялы телефондарын пайдалана алады. Міне, осылайша бүкіл әлемде онлайн құмар ойындары айтарлықтай дамып кеткен. Осылайша бүгінде «лудомания» деген жаңа ауру түрі пайда болды. Бұл әлеуметтік дертпен күресті дер кезінде күшейтпесек, болашақты елестету тіпті қорқынышты. Өйткені, мәселеге қатысты статистика қазірдің өзінде жантүршігерлік.

Дүниежүзілік статистика бойынша, Қазақстанда да құмар ойынға тәуелділер саны жыл өткен сайын артып келеді. Казинолардың, букмекерлік кеңселердің және басқа да «азарт дилерлердің» қызметтері салыстырмалы алғанда спорт, мәдениет немесе өнер саласындағы қызметтерден айтарлықтай асып түседі. Құмар ойындар мен бәс тігулерді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемі спорт, демалыс және ойын-сауық саласындағы көрсеткіштен 21,3 пайызға, кітапханалар, мұрағаттар, мұражайлар және басқа да мәдениет объектілері қызметтерінің көлемінен 9 есе және шығармашылық, өнер және басқа да ойын-сауық салаларындағы көрсеткішінен 12 есеге артық. Ойланатын жай…

Сандарды сөйлетсек, республикада 2019-2020 жылдары осы құмарлықтың салдарынан 350 мың ауру тіркелген. 2019 жылы бәс тігу компанияларының айналымы 80 миллиард теңгені құрапты. 2022 жылы бұл сома 500 миллиард теңгеден асса, 2023, 2024 жылдары бұл сома 1 триллион теңгеге шақтап қалған. Енді осы көрсеткіштер арқылы бүгінде ойынқұмарлардың саны қаншаға жеткенін бағамдай беріңіз. Демек, қазір Қазақстандағы 20 миллион халықтың 1 миллионнан астамы құмар ойындардың жетегінде жүргені анық.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі елдегі құмар ойынға тәуелді азаматтың орташа қарызын 10 млн теңгеден астам деп бағалауда. Ал отбасы институты бойынша әрбір 10 ерлі-зайыптылардың 7-еуі құмар ойындарға тәуелділіктен ажырасып, қылмыстық құқық бұзушылықтармен суицид оқиғалары жиілеп кеткенін айтады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 27 маусымда лудоманияға қарсы заңға қол қоюға дайын екенін айтып: «Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады.

Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар, тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Ал, бүгін Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды.

Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын. Аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бейжай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтқым келеді» – деген болатын. Көп ұзамай-ақ, 8 шілдеде сол заңға Президент қол қойды.

Ақорданың хабарламасында «Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді» делінген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуына шектеу қойылды. Енді мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға, бәс тігуге қатыса алмайды. Егер бұл шектеуді сақтамаса, жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Сондай-ақ ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері де күшейтілді.

Әрине, мұның бәрі де адамның өмірін сақтап, болашағын қорғау үшін жасалып жатқан іс-шаралар. Дегенмен, әркім өзіне сақ болмаса, бәрі бекер. Мұны психолог мамандар да растап отыр. Мамандардың айтуынша, кез келген тәуелділік адамға жағымды көңіл күй сыйлау арқылы пайда болады. Ал ойынқұмарлықтың жағымды тұсы – ұтыс. Қолында нақты ұтқан ақшасы болмаса да, ол адамға үміт сыйлайды. Жоққа алдандырады.

Ойнап көрем деп от басқан жандардың бәрін білімсіз, ақылсыз деуге ауыз бармайды. Жоғарыда айтқанымыздай, бір басына жететін байлығы бар адамдар да, жоғары білімді, өмір көрген жандар да кейде құмархананың тұрақты клиентіне айналып жататынын көріп жүрміз. Ондай адамдар дер кезінде өз-өзін тоқтатпаса, біртіндеп бүкіл дүние-мүлкін, көлігін, тіпті жалғыз баспанасын сатып, ақшасын құмар ойынның «құдығына» құяды. Таныстарынан қарызға ақша алып, оны қайтармай жексұрын болады. Ұрлық-қарлық жасайды. Ең соңында тақырға отырып, барар жері, басар тауы қалмағанда кейбірі қылмыс жасап түрмеге отырады, не суицидке барады, енді бірі «осындай жағдайға қалай түстім, қайтіп құтыламын?» деп өз ішінде жаман мен жақсы, ақыл мен нәпсі арпалысқа түсіп, тығырықтан шығар жол іздейді.

Психологтар адамның құмар ойынға салынуының бірнеше себебі бар екенін айтады. Біріншісі – жалғыздық сезімі. Құмархана табалдырығын аттаған жан сол жерде уақытын өткізіп, ниеттес достар тауып, жалғыздығының орнын толтырғандай болады. Құмар ойын барысында алған әсері оны қайтадан осы жерге алып келеді. Осылайша қалай тәуелді болып қалғанын аңғармайды.

Екінші себеп – адамның өз-өзіне көңілі толмауы. Отбасында, жұмысында, достары ортасында, жалпы өмірде толыққанды жолы болмаған адам өзін құмар ойын арқылы көрсеткісі келеді. Ол жерде жеңіл жолмен қомақты пайда тауып, шынайы өмірге қарағанда «жеңімпаз» болып шығуды көздейді. Қолына аз-маз ұтыс түскен сайын одан да үлкен қаражат ұтармын деп «қарыздың тұңғиығына» бата береді…

Үшінші себеп – оңай ақша табу. Ешқандай маңдай терін төкпей, саусағын ғана қимылдатып отырып олжаға кенелу – қиялдағы «миллионерлердің» басты арманы.

Төртінші себеп – адамның түрлі тәуелділіктерге оңай берілгіштігі. Қазіргі тілмен айтқанда, «сынғыштық». Ойынқұмарлық – қызылды-жасылды дүниеге, жаңа сезімдерге еліктегіш адамдар үшін қатерлі. Мұндай жандар құмар ойынның «дәмін» бір татып көрсе, оған қайта айналып келуі әбден мүмкін. Сонымен қатар түрлі психикалық ауытқушылықтар да ойынқұмарлыққа берілуге итермелейтін себептердің бірі.

– Бастапқыда бұған қызығушылықпен, оңай олжа табу мақсатымен барады. Әрине, әуелгіде жеңіске жеткендей, табыс тапқандай көрінуі мүмкін. Бірақ, оңай олжаның соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. Құмар ойындардың салдары адамның әлеуметтік қарым-қатынасына ғана емес, оның физикалық денсаулығына да кері әсер етеді. Адам психикалық тұрғыда шаршайды, сыртқы келбеті алкогольге және есірткіге тәуелді кісіге ұқсайды. Ойынқұмар өзін науқаспын деп санамайды. Оны кез келген кезде қоя саламын деген ой жетегінде жүреді. Бірақ, әдет жалғаса береді. Ал жан-жақтан қарыз қысып, шешім таппаған кезде мұның арты депрессияға алып келеді. Осы кезде ішімдік пен наркотроптық препараттарға да әуестігі басталады. Осылайша науқастың санасында өзін алдау процесі жүреді. Мұның соңы қылмысқа апаратын жағдаймен жалғасын тауып жатады. Сонымен қатар, суицидке апаруы да әбден мүмкін. Көбінде науқас өз проблемасын түсініп, дәрігерге бара алмайды, сондықтан оның жақындары маманға жүгіну мәселесін өз қолдарына алуы керек. Амбулаториялық жағдайда құмар ойындарға деген тәуелділікті тоқтату өте қиын және үнемі ойынға қайта оралу қаупі болып тұрады. Сондықтан да науқастың стационар жағдайында ем алғаны дұрыс, – дейді психолог Жанар Ердәулетқызы.

Мамандар лудоманиядан арылу және емделу үшін ең алдымен сол адамның өз қалауы мен еркі болуы керек екенін айтады. Егер өзі қалап тұрмаса, оның бетін бері қарату қиын. Дегенмен, бұл жазылмайтын ауру, шешілмейтін түйін емес.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.