«Arai Plaza» бизнес орталығында «Сиқырлы уақыт кітабы» атты жаңажылдық шырша кеші өтті.
Балалардың қуанышына ортақтасқан Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков балғындарға арнайы сыйлықтарды табыс етті. Аталған шараға шаһардағы 67 мектептен оқуда озат атанып, білім биігінен көрініп жүрген 150 бала қатысты.
Мерекелік думан барысында Алдар көсе мен Ақшақар балалармен бірге «Сиқырлы кітаптың» сырын ашуға тырысты. Осы жолда балғындар Уақыт сақтаушысы, Стюарт, Кевин, Квинтина, Цифрон, Перизат, Пряник, Карамель, Капитан Джек секілді ертегі кейіпкерлерімен қосылып ән айтып, шаттана би билеп, түрлі таңғажайып оқиғаларға тап болды. Сондай-ақ кішкентай қонақтар «Қысқы ертегі», «Киіз үй», «Тәттілер елі», «Жыл символы» хореографиялық композияларын тамашалап, «Караоке battle», «Интернет сигналдары: «Би желісі», «Тәттілер», «Жеміс paty», «Біз қарақшы болу үшін», «Айдаһар», «Лепим снежный ком», «Хоки-поки» ойындарын ойнап, қуанышқа кенелді. Бұған қоса Зүбаржат жыланы мен ақ аюлар шараның көркін қыздыра түсті.
Кеш соңында барлығы «Жаңа жыл» әнін қосыла шырқап, Аяз ата және Ақшақармен бірге шыршаның шамын жақты.