Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаланың бюджеті бекітілді

0 82

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың кезекті жиырма бесінші сессиясы өтті. Әуелі қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11-2» шешіміне өзгерістер енгізу және 2025-2027 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы кеңінен баяндады.

– 2024 жылға арналған қалалық бюджетті нақтылау жобасы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 106 бабын басшылыққа ала отырып, жергілікті атқарушы органның бастамашылығы бойынша өзгерістер енгізіледі.
Ағымдағы жылы «Ұлы дала» шағынауданындағы көпқабатты бірқатар тұрғын үйдің мердігерлерімен («Велена», «Бином», «СМК» ЖШС) сот процессі жүруіне орай 9 үйді пайдалануға беру мерзімі кейінге шегеріліп отыр. Сәйкесінше пәтерлерді сатудан түсетін түсімдер орындалмауына байланысты және 2024 жылға арналған қалалық бюджеттің өзіндік кірістерін сапалы орындау мақсатында түсімдер арасында қосымшаға сәйкес жылжытулар енгізуді ұсынамыз, – деді Жандос Ильясбекұлы.
Келесі кезекте 2025 жылға арналған Тараз қалалық мәслихатының перспективалық жұмыс жоспарын бекіту, Тараз қалалық мәслихатының экономика, бюджет және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі, Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын, Тараз қаласының 2024-2029 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту, Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты шарттардың жобасына келісу, «Әлеуметтік мәселелер жөнінде қалалық консультативтік-кеңесші ведомствоаралық комиссия құрамын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 8 шілдедегі №16-4 шешіміне, Тараз қаласы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-4 шешіміне, «Тараз қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-6 шешіміне, «Тараз қаласы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңестің құрамын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-5 шешіміне өзгерістер енгізу секілді маңызды мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы қазына қаржысының әрбір тиыны қаланы дамытуға бағытталатынын баса айтып, бұл бойынша алдағы уақытта да халық қалаулыларымен бірлесе жұмыс жүргізетінін жеткізді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.