№19 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат МЫРЗАТОВ Ержан Советханович
ӨМІРБАЯН
Мен, Мырзатов Ержан Советханович 1985 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Тоғызкент ауылында дүниеге келдім.
2008 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ университетін «денешынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Еңбек жолымда 2008-2010 жылдары «Досбол» мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі, 2010-2012 жылдары Тараздағы спорт мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі, 2013-2015 жылдары «Жамбыл Жылу» мекемесінің жүргізуші болып жұмыс істедім. 2015 жылдан бастап бүгінге дейін «КЕГОК» АҚ-да жүргізуші болып еңбек етудемін.
Жұмыс барысында үнемі өзімді сенімді, жауапкершілігі мол, тез шешім қабылдай алатын қызметкер ретінде көрсетіп келемін.
Отбасылымын, 1 ұл, 3 қызым бар.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
Қымбатты жерлестер!
Мен қасиетті Тараз жерінде туып-өстім. Туған өлкемнің тарихын да, халқымның басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді де жақсы білемін. Жоғары оқу орнын бітіріп, өндірістік жұмысқа тұрғаннан бері осы өңірді дамыту жолындағы сан алуан жұмыстарға белсене араласып келемін.
Өлкемізді жан-жақты дамытудың барлық мәселелері облыстық мәслихат депутаттары арқылы шешіліп келеді. Тараз өңірінде де шешімін күткен мәселелер жетіп-артылады. Өлкеміздің қай жерінде де тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ірілі-ұсақты барлық мәселелерін алдымен өздері сайлаған депутаттарға айтып жатады. Өйткені, депутат – халық сенімін иемденген тұлға, аманат жүгін арқалаған азамат.
Бүгінгідей күрделі кезеңде осындай зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен табылу кім-кімге де сын болатынын жақсы сеземін.
Мен сайлаушылардың сенімін иемденіп, депутат деген мәртебелі мандатқа қол жеткізсем, Тараз қаласында мынадай өзекті мәселелердің оң шешімдерін табуға жұмыстанатын боламын:
– Отандық өнімдер шығаратын жаңа кәсіпорындар ашуға ықпал ету. Кәсіпкерлікті дамыту. Ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсету;
– Жергілікті жас мамандарды тұрақты жұмыспен қамту;
– Денсаулық сақтау мен білім берудің үздік әлемдік стандарттарына қол жеткізу;
– Жастар бастамаларын барынша қолдай отырып, олардың тегін оқып, мамандық алуына жағдай жасау.
– Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлікте қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға атсалысу;
– Тараз қаласында мемлекеттік тілдің аясын барынша кеңейту мақсатындағы жұмыстарға бастамашы болу;
– Қай салада да жемқорлық әрекеттерге жол бермеу, адамдарда жемқорлық әрекеттерге төзбестік ахуал қалыптастыру.
Депутаттар алдағы бес жыл ішінде осы бес бағыт аясында облысымыздың өркендеуіне өздерінің бұған дейін жинақтаған білім-тәжірибелерін, іскерлік қарым-қабілеттерін аянбай жұмсайды деп сенемін.
Партияның Сайлауалды бағдарламасы алдымызда тұрған бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Реформаларды жүзеге асыру арқылы және Партияның Сайлауалды бағдарламасының толықтай орындалуы арқылы біз ұлттық сананы өзгертеміз, отаншылдықты арттырамыз, ел бірлігін нығайтамыз, Тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтай отырып, Қазақстанды өркениетті елдер санатына көтеріп, Мәңгілік Елге айналдырамыз. Сондықтан мен жерлестерімді алдағы сайлауға бір кісідей белсене қатысып, елімізді дамытудың көшбасында келе жатқан осы саяси партия ұсынған кандидаттарымызға дауыс беруге шақырамын!
Тапсырыс беруші: №19 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Мырзатов Е.С.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстары есебінен төленді.