Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәслихаттардың мерейтойы кең көлемде аталып өтті

0 49
Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында әуелі Кенжебек Мамашбайұлы сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.
– Мәслихаттардың 30 жылдығы өткен істерге марқайып, жинаған іс-тәжірибені бағамдай ой қорытып, есеп беретін кезең ғана емес, бұл – алға ауқымды жоспарлар жасап, әлеуметтік дамудың болашақ бағыт-бағдарларын айқындайтын жауапты уақыт. Мәслихат депутаттары мен әкімдерді мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі екенін айтқан Мемлекет басшымыз олардың бірлесе жұмыс істеуі халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал ететінін атап өткен болатын. Қала әкімдігі мен қалалық мәслихат тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында бірлесе отырып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында бірқатар оң шешім қабылдады. Осылайша халықтың талап-тілегіне құлақ түру, кемшіліктермен жұмыс істеудің жаңаша әдіс-тәсілдері қалыптасты, – деген мәслихат төрағасы жергілікті өкілді органның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа мерекелік төсбелгілер мен түрлі дәрежедегі Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарды табыстады.
Өз кезегінде шаһар басшысы да халық қалаулыларын айтулы мерейтоймен құттықтап, мәслихаттардың ел тарихындағы елеулі орнына тоқталды.
– Жергілікті мәслихаттың қала өміріндегі орны мен халық көкейіндегі сауалдардың шешімін табудағы рөлі орасан. Облыс орталығының тыныс-тіршілігіне қатысты барлық маңызды мәселелер қалалық мәслихат депутаттарының назарынан тыс қалған емес. Бұл – сіздердің жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ мүдде жолында бірлесе жұмыс істеулеріңіздің айқын көрінісі. Бүгінге дейін қоғамды демократияландыру бағытында жергілікті өкілді органдар, яғни мәслихаттар халық билігінің негізгі формасы ретінде өздерін көрсете білді. Бұған өз жұмыстарын табысты аяқтаған әр шақырылымның депутаттары дәлел, – деген Бақытжан Әмірбекұлы 30 жыл бұрын негізгі қаланған мәслихаттардың жүйелі жұмысы қазір де өз жалғасын тауып отырғанын баса айтты.
Жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.