Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстандық ғылымның жаңа кезеңі

0 232

Бүгінгі таңда өркениетті мемлекетті бағалау үшін ғылым мен білімнің, мәдениеттің дамып жатқан көрсеткіштеріне көз жүгірту керек. Қазір еліміз білім мен ғылым саласын дамытуға баса назар аударып отыр.

– Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде. Осыған орай Президент 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізуді міндеттеп қойды.
Былтырдан бері отандық ғылымның дамуындағы жаңа кезең басталды деп айтсақ болады, себебі елімізде 1 200-ге жуық ғалым грант жеңіп алғанына немесе алмағанына қарамастан, жалақымен қамтамасыз етілетін болды. Ал бұл қаржыландыру ғалымдардың үздіксіз ғылыми жұмыстарын атқаруға үлкен мүмкіндік болып отыр. Сонымен қатар гранттық және мақсатты қаржыландыру бар. Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі есе өсті. Ұлттық ғылым академиясы ғалымдардың қаржы мәселесіне қатты мән беріп, ғылымды дамыту үшін барын салып жатыр. Мұндай қаржыландырулар болмаса, жас ғалымдарды ғылым саласында ұстап тұру біршама қиындық туғызар еді. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұлттық бағдарламаларға қатысатын ғалымдардың 40 пайызы жастар болуы керек деген бастамасы көңілге қуаныш ұялатады. Бұл – бір. Екіншіден, орта жастан асқан академик-профессорлардан бөлек, жас ғалымдарға грант жарияланып, «Жас ғалым» жобасы жүзеге асуда, шетелдік университеттермен бірігіп жобалар жасау, нәтижесінде, PhD докторантура курсын тәмамдап, диссертациялық жұмысын қорғап үлгермеген жас ғалымдар өз ғылыми бағыты бойынша жобалар ұсынып, оң шешімін тапса, шетелде тағылымдамадан өтіп, стипендиямен қамтамасыз етіліп, ғылыми жұмысын диссертациялық кеңесте қорғауына таптырмас мүмкіндік. Ғылыми жұмысын 3 жылдың ішінде қорғап шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шетелдік жоғары деңгейлі университеттерді қарасақ, олар он жылдың көлемінде қорғап жатады және соған сәйкес қаржыландырылады. Біз де осы жүйеге ақырындап жақындап келеміз. Осы бағытта елімізде жыл сайын 1 000 грант бөлініп отыр. Сонымен қатар жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді.
Елімізде ғылымды дамытуға 2023-2025 жылдарға 3 млрд теңге бөлінсе, 2024-2026 жылдарға арналған қаржыландырудың жалпы сомасы 9 млрд теңгені құрап отыр. Яғни үш есе көп қаржыландыру жүзеге аспақшы. Сонымен қатар ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған жобаларға бөлінетін қаражат сомасы бірнеше есе артқанын білеміз.
1991-2000 жылдары еліміздегі ғылыми қызметкерлердің саны екі есеге жуық қысқарған болса, бүгінде мемлекет тарапынан ғылымға үлкен қолдау көрсетілудің арқасында ғалымдар саны арта түсуде. Және айта кететін тағы бір мәселе, осы уақытқа дейін ғылыми жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру ұзақтығы үш жылдан аспайтын болса, соңғы жылдары ол бес жылға дейін ұзартылды. Кез келген салада ғылыми тәжірибелер жасау ұзақ мерзімді талап ететіні анық. Себебі әрбір ғалымның ашқан немесе ашатын жаңалығы инемен құдық қазғандай. Осы ретте бес жылдық жобалардың нәтижесі нақтырақ болары анық.
Өткен жылы Білім және ғылым министрінің «Дәрежелерді беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізілген болатын. Осы бұйрықтың негізінде қазақ тілі мен әдебиетіне, қазақ филологиясына, Қазақстан тарихына, қазақ философиясына қатысты білім беру бағдарламалары бойынша оқитын докторанттар үшін «Scopus» деректер базасындағы журналдарға мақала жариялау міндетті емес болып танылды. Оның орнына Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіндегі ғылыми журналдарға бес мақала жариялайтын болды. Бұл ғылыми бағытта тіл мамандарының қызмет атқаруына зор көмегін тигізуде.
Ғалымдардың баспана мәселесі де шешімін тауып келе жатқандай. Елімізде жас ғалымдарды қолдау мақсатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ұсынысымен жас ғалымдар баспанамен қамтамасыз етіледі. Ол үшін жаңа бағдарлама ұсынылды. «Отбасы банк» пен Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған келісім аясында, 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап ғалымдар жеңілдетілген несиемен өтініш бере бастады. Бағдарлама ғылыми ұйымдар мен жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарына 5 жыл бойы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алу мүмкіндігін беретін болды. Бұл – ғылым саласында жүрген жастарға үлкен мүмкіндік.
Жыл сайын үздік ғалымдарды қолдау мақсатында министрліктен берілетін «Үздік зерттеуші» байқауын да атап өтуге болады. Байқаудың иегері 6 миллион теңге көлемінде бір реттік стипендия алады. Мемлекет басшысы айтқандай, ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс, бұл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл елімізде Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың жолын қуатын ғалымдардың жаңа буыны қалыптасатынына әсер етері сөзсіз.

Гүлбану Жақсылықова,
доцент, ғылым докторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.