Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өнертапқыш өрендерді топтастырған орталық

0 60

Адамзат жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұрын-соңды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Қазіргі күні бұл технологиялар жасақталу үстінде. Сәт сайын жаңарып, түрленген технология дәуірі қазақ қоғамына да түрен салды. Төрткүл дүниенің бір бөлшегі ретінде Қазақстан да жарық жылдамдығымен дамыған ғылыми-технологиялық прогресті айқын сезініп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та цифрлық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл жөнінде Президент «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі кеңесте: «Әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен күн сайын жаңарып, даму үстінде. Болашақта елдің байлығы, даму көрсеткіші жер асты байлықтарының көлеміне қарай емес, заманауи технологияны қаншалықты игергендігіне, онымен жұмыс істеу әдетінің қалыптасуына байланысты болмақ.
Цифрлық технология қоғам өміріне әсерін молынан тигізуде. Соның нәтижесінде, денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Соған қарай коммуникациялар мен ақпараттық жүйелерге және көрсетілетін қызметтерге жаңа талаптар қойылуда. Серпінді дамып келе жатқан алдыңғы қатарлы мемлекеттер цифрлық экономиканы дамытуға белсенді түрде басымдық беруде. Бұл – жаһандық күн тәртібінің аса маңызды бағыты.
Цифрлық экономиканы қалыптастыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген елдерге тән ортақ сипат бар. Ол – инновацияны енгізуге қолайлы жағдай туғызып, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымға қомақты инвестиция салу», – деген болатын.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында да аталған мәселеге айрықша тоқталған еді.
– Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар. Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады. Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды, – деген Президент жастарды осы салаға бет бұруға шақырды.
Бүгінде цифрлық технологиялар қоғамның барлық саласына дендеп кіргені шындық. Әсіресе осы арқылы ғылымның көкжиегі кеңейіп келеді. Соның нәтижесінде ІТ мамандығының иесі болуға ниетті жастардың да қатары молаюда. Әрине, кез келген білімнің іргетасы мектепте қаланатыны сөзсіз. Осы бағытта өңірлерде түрлі қосымша білім беру мекемелері көптеп ашылуда. Олардың оқушыларды өнертапқыштықтың қыр-сырына баулуға қосып отырған үлесі қомақты. Солардың ішінде Тараз қалалық білім бөліміне қарасты Техникалық шығармашылық орталығының шоқтығы биік.
2008 жылдың қыркүйек айында өз жұмысын бастаған орталықта бүгінде директор Марат Ибраимовтың басшылығымен әлеуеті зор шығармашыл, педагогикалық ұжым қалыптасып, білікті әріптестер мен дарынды оқушылар топтасқан. 5 жылдың ішінде Тараз қаласының халқы тығыз орналасқан аудандарында білім алушыларды қамтуды арттыру үшін орталықтың «Авангард», «Шабыт», «Шығармашылық таскесте» атты филиалдары ашылып, тынысы кеңейе түсті.
Техникалық, сәндік-қолданбалы, биологиялық-экологиялық, әлеуметтік-экономикалық бағыттарды қамтитын орталықта 25 үйірме жұмыс істейді. Атап айтсақ, мұнда балалар авто ісі, автослесарь, авиаүлгілеу, алғашқы техникалық үлгілеу, ағашты әрлеп өңдеу технологиясы, әрлеу технологиясы, баспасөз орталығы, математикалық логика, компьютерлік кескіндеме және анимация, сәулет құрылыстарының технологиясы, кемеүлгілеу, робототехника, тігін бұйымдарының технологиясы және құрастырылуы, тағам дизайны және қызмет көрсету, зергерлік өнер, саз өнері және мүсіндеу, тоқыма бұйымдарын дайындау технологиясы, текстиль дизайны, төтенше жағдайдағы медицина, этнодизайн, кәдесый жасау технологиясы, автоүлгілеу, фотостудия, техникалық макеттеу және мобилография бойынша тәлім алады.
Орталық педагогтарының барлығы – өте шығармашыл, өз істерінің білікті мамандары. Ұлағатты ұстаздарының арқасында тәрбиеленушілеріміз 2018 жылдан бастап республикалық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» жарысында командалық есепте І орынды еншілесе, 2019 жылдан бері облыстық, республикалық деңгейдегі техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру бойынша республикалық білім бәйгелерінің алты дүркін жеңімпазы атанды. Сонымен қатар орталықтың озат оқушылары робототехника бағытындағы түрлі деңгейлі байқаулардың, оның ішінде «KazRobosport» және «KazRoboproject», республикалық «ROBOTEK GRAND TOURNAMENT», Алматы қаласы әкімінің кубогы үшін өткен робототехника және инновациялық технологиялар бойынша VII ашық чемпионаты, 2-7 сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының XVIII республикалық «Зерде» конкурсы, дәстүрлі халықаралық «IT STARS», «REGIONAL TOURNAMENT WRO» байқауларында да сан мәрте топ жарып, мерейімізді үстем етті. Бұдан бөлек, орталық өрендері ойлап тапқан өнертабыстар еліміз бойынша үздіктер қатарынан жиі көрініп жүр.
Өскелең ұрпақ – еліміздің ертеңі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Сондықтан олардың бойына рухани құндылықтарды сіңіре отырып, өркениет көшіне жетелеу – басты міндетіміз. Тек соның нәтижесінде ғана біз болашақтың тізгінін ұстайтын функционалдық сауатты ХХІ ғасырдың жаңа буын өкілін тәрбиелей аламыз. Бұған Техникалық шығармашылық орталығының әлі де қосар үлесі баршылық.

Гүлжан ЖАМАЛОВА,
Техникалық шығармашылық орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.