Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бәрі де халық игілігі үшін

0 197

ҚР Конституциясы күні қарсаңында облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы мен жолаушыларды тасымалдаушы мекемелер су жаңа көліктермен толықты.

Толғанай АТАБАЙ Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ

«Достық» алаңында мекеме иелеріне көлік кілтін облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев салтанатты түрде табыстады.
– Облысымызда денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда. Алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында былтыр облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына 27 санитарлық автокөлік берілсе, биылғы жылы облыстық бюджет есебінен 322 миллион теңге қаражат бөлініп, 47 автокөлік сатып алынды, бүгінгі күні соның 36-сы берілгелі тұр. Денсаулық сақтау саласындағы медициналық қызметтің сапасына кадрлардың тапшылығы тікелей әсер ететіні анық. Осы мақсатта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссиямен бірлесіп, жоғары медициналық оқу орнын бітірген 185 жас маманға облысқа жолдама беріліп, соның 33-і жұмысқа орналасса, 152 жас маман келеді деп күтілуде. Сонымен қатар қаланың инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыру өзекті саланың бірі екені даусыз. Бұл бағытта көлік құрылымын, оның ішінде қоғамдық көлік қызметін заманауи үлгіде қалыптастыру облыс әкімі Асқар Исабекұлының ұдайы назарында. Қоғамдық көлік тасымалы саласының әлеуметтік маңызы зор екендігін ескере отырып, қалалық бағыттар бойынша автобустарды жаңалау мәселесі жүйелі түрде жүзеге асып келеді. 2018 жылы қала автопарктері 71 бірлік автобуспен жаңартылған болса, ағымдағы жылдың соңына дейін 100 бірлік автобус жаңартылмақ, – деді Еркебұлан Әбілханұлы.
Медицина саласына берілген алғашқы көмек көрсету көліктері тек аудандарға берілді. Атап айтқанда, Жамбыл және Жуалы, Шу аудандарына 3 автокөліктен берілсе, Қордай ауданына – 11 автокөлік, Меркі және Мойынқұм мен Сарысу аудандарына – 2 автокөліктен, Тұрар Рысқұлов ауданына – 9 автокөлік, Талас ауданына 1 автокөлік кілті бұйырды. Сондай-ақ «Жол картасы» бағдарламасы аясында 58 қоғамдық көлік сатып алынып, «ӘулиеатаТрансПасс», «ТаразТрансМоторс», «СапарТранс-2012» жолаушы тасымалдаушы автопарктеріне үлестірілді.
Сала қызметін түбегейлі жаңартуға бағытталған жұмыстар, ең алдымен, көпшіліктің көңілінен шығуға деген бетбұрыс екені анық. Атқарылып жатқан шаралар нәтижесінде халыққа сапалы, қолжетімді медициналық көмек көрсетіліп, жолаушылар тасымалдау сапасы артатындығына жиылған көпшілік сенім білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.