Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балаларды мектепке даярлады

0 212

Жылдағы дәстүрге сай «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Балаларды мектепке даярлайық!» республикалық қайырымдылық акциясы өз жұмысын бастады.

Толғанай АТАБАЙ

Партия белсенділері жыл сайын қамкөңіл балаларға қамқорлық жасап, мектепке қажетті киім-кешектері мен оқу құралдарын алып беруге қол ұшын беріп тұратын-ды. Биылғы жылы да балаларды назардан тыс қалдырмаған партиялық топ жетекшілері, кәсіпкерлер «Мектепке жол» акциясына белсене атсалысып жатыр. Шарада әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мектепке қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін алып беріп, бүлдіршіндерді жаңа оқу жылына даярлап, көмектерін беріп, жомарттық танытуда. Акция аясында партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов балаларға жаңа оқу жылына қажетті бұйымдар және киім-кешектерді арнайы табыстады.
– Бүгінгі күнге дейін партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдары, бастауыш партия ұйымдары, мәслихаттардағы партия фракциясы мүшелері 1500-ден аса баланың жаңа оқу жылына дайындалуына жәрдем жасады. Тап қазіргі уақытта 60 балаға көмек көрсетіліп отыр. Өткен жылы акция аясында еліміз бойынша 30 мыңға жуық балаға көмек берілді. Сондай-ақ игі іске өңірдегі мекеме қызметкерлері мен депутаттар өз үлестерін қосуда, – дейді Ерқанат Нұрбапаұлы.
Жаңа оқу жылына баласын толық оқу құралдары, киім-кешекпен қамтамасыз ету жағдайы төмен отбасылар үшін оңайға соқпасы анық. Қоғам тарапынан көмек берілмесе, бұл мәселені шешу де қиын. Сабаққа мерекелік көңіл-күймен бару балалар үшін маңызды екені анық. Дәл осындай қамқорлық құшағына енген балалардың бірі – Нұрбол Құттыбаев. Екі қолсыз туылған жеткіншек биыл төртінші сыныпқа барады. Ол аяғымен ас ішіп, өздігімен киінуге икемделген. Акция аясында Нұрбол спорттық, күздік-қыстық киімдер мен қажетті оқу құралдарымен толық қамтылды. Бұл үшін ол партия аймақтық филиалына алғысын айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.