Қалалық қоғамдық-саяси газет

Орталықтың сәнін келтірген он бір үй

0 191

Жыл өткен сайын қала көркейіп келеді. Бүгінде Тараз қаласында еңселі тұрғын үйлер бой көтере бастады. Сонымен қатар ескі үйлерге де жаңғырту жұмыстары жасалып, абаттандырылып, қала ажары одан сайын ашыла түсті. Әсіресе орталықта орналасқан үйлердің кескіні тұрғындардың ғана емес, шаһарға аялдаған туристердің де бірден назарын аударады. Сондықтан олардың келбетіне ерекше мән берген маңызды.

Биыл облыс орталығына бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында орталықтағы 11 үйдің қасбеттерін, шатырларын күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Соған орай, мердігер «Күмбез-Тас» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, «Қаратау құрылыс 2030» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Құрылысқа 100-ден астам жұмысшы мен 10-ға жуық арнайы техника жұмылдырылған. Енді тамыз айының соңына дейін құрылыс толығымен аяқталып, тұрғындар жаңа кейіпке енген тұрғын үйдің игілігін көреді.
Жалпы биыл шаһар аумағында 53 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Аталмыш жұмыстар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында орындалады. Ол үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылған. Айта кетейік, бүгінгі күні шаһардың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес болса, 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Сондай-ақ шаһар аумағындағы 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614-ін алдағы уақытта жаңғырту жоспарлануда.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.