Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құбыр бар, бірақ тұтынатын тұрғын жоқ

0 564

Бүгінде халықты таза ауызсумен қамту мәселесі аса өзекті болып отыр. Бұл мақсатта 2002-2010 жылдары «Ауыз су» бағдарламасы жанданса, 2011-2020 жылдары «Ақ бұлақ» бағдарламасымен жалғасын тапты. Ал 2021 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының бойына жан үрленді. Осылайша ауқымды жобалар жүзеге асып, тіршілік нәрі тұрғындарға жетіп жатқанда, оны бұқара тұтынуға құлықсыз болып жатқаны таңғалдырады. Мұндай көрініс әсіресе Тараз қаласында белең алуда.

Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастасақ, облыс орталығындағы «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптарына таза ауызсу тарту жұмыстары 2022 жылы қолға алынған болатын. Талай жылдан бері бауын тапса, байлауын таппай келе жатқан тірлікке қазынадан 6,6 млрд теңге қаралған. Құрылысы қарқынды жүргізілген жоба жүйесін тауып, биыл тіршілік нәрі тұрғын алқаптарға толықтай жетті. Бұқараның денсаулығына қауіп төндірмейтіндігі туралы суға сараптама қорытындысы да алынды. Осылайша 7 300-ге жуық тұрғын үйде тұрып жатқан 29 мыңнан астам адам таза мөлдір суды тұтынады деп күтілген. Алайда орталықтандырылған ауызсуға қосылуға алқап тұрғындары асықпауда. Оған себеп – халық бұған дейін қолданылып келген су жүйесінен бас тартуға ниетті емес.
– «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала», «28 саяжай» алқаптарының тұрғындары бұған дейін ауызсуға «Теміржолсу-Алматы» ЖШС-нің теңгеріміндегі су құбырлары арқылы қол жеткізіп келген. Сонымен қатар есік алдынан қазылған ұңғымалар арқылы су алып отырған үйлер де аз емес. Су есептегіш құралынсыз жұмыс істеп келген жүйеге әбден үйренген халықтың жаңа желіге қосылуға құлқы жоқ . Сол себепті де 7,2 мыңнан астам тұрғын үйдің қазірге дейін тек 2 мыңға жуығы ғана орталық ауызсу жүйесіне жалғанған. Ал алқаптарды ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тұрғындардың кемінде 70 пайызы орталықтандырылған су құбырына қосылуы қажет. Осыны халыққа түсіндіре алмай шаршадық. Есік алдына келіп тұрған таза ауызсудан қалай бас тартуға болады? – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары.
Ең әуелі «Теміржолсу-Алматы» ЖШС-нің теңгеріміндегі су құбырларына келсек, мамандар оның әбден тозығы жеткенін айтып отыр. Яғни ол құбырлар одан әрі пайдалануға жарамайды. Ал ол құбырларды қайта жаңғырту экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған. Сондықтан биылғы жылыту маусымы басталған уақытта бұл желі толықтай істен шығарылады. Бұл жағдайда жаңа су желісіне қосылмаған тұрғын үйлер ауызсусыз қалатыны анық.
Бөлім қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта жаңадан тартылған су құбырлары әр тұрғын үйдің есік алдына дейін жеткізілген. Ендігі кезекте халық орталық желіден үйінің ауласына өз есебінен құбыр тартып алса болғаны. Аталған жұмыс халықтың қалтасына салмақ салмауы үшін тіпті мердігермен келісім жасалып, үйдің ауласына тартылатын құбырдың әр метрінің құны 4 мың теңге көлемінде бекітілген. Сонымен қатар есептеуіш құралды орнатудың да жеңілдетілген жолы ұсынылған. Ол үшін үй иесі «Жамбыл су» мекемесіне өтінім қалдырса болғаны. Бұл мақсатта алқаптарға мекеменің арнайы маманы да бөлінген. Ол үй-үйді аралап, өтінім жинауға сақадай сай дайын тұр. Бірақ тұрғындардың қай-қайсымен тілдеспесең де, есептеуіш құрылғысыз су ішіп, есік алдындағы ұңғыманы пайдалана беретіндеріне сенімді.
Осы жайтты халық арасында түсіндіру үшін әкімдік қызметкерлері тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, мәселенің мән-жайын ұғындыру жұмыстарын жүргізуде. Алайда тұрғындар әлі де болса түсіністік танытпай, тірлік тұралауда.

Әрине, жаңа нәрсеге жатырқай қарау – адам баласына тән қасиет. Алайда есік алдына келіп тұрған инфрақұрылым игілігінен бас тарту – ақылға сыймайтын дүние. Оған қоса, есік алдынан қазылған ескі ұңғымадан ертең індет тарап жатса, кімге кінә артамыз? Бармақ тістеп, сан соғатын кез сол тұста туады.
Жалпы биыл «Шалғай Қарасу-1,2,3,4,5,6,7», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптарын ауызсумен қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде, Тараз қаласында орталықтандырылған ауызсумен қамтылған халықтың үлесі 100 пайызды құрамақ. Бұл, әрине, жанға жылу беретін ақпар. Алайда «Халық есік алдына келіп жатқан ауызсуды тұтынуға құлықсыз болып жатса, қазынадан қыруар қаржы қарап, осынау ауқымды жұмысты атқару қажет пе?» деген де ой туады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Бұл межеге жетуге бүгінде жергілікті билік өкілдері барын салуда. Енді тек жұртшылық та жасалған жұмысқа түсіністікпен қарап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса екен дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.