Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адамзаттың алыбы – хакім Абай

0 4  099

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді.

Оның фиософиясының өзегі – адам, адам туралы ой-толғамдар. Хакімнің адамзат туралы  түсінігі таңғажайып: сондай нәзік, сондай терең, даналыққа толы. Абай ұсынған  «адам бол!» идеясы, Абай көрсеткен  адам болудың жолдары, «Толық адам» ұғымы – бәрі де философиядағы өзекті тақырыптар.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов Абайды ұлы ақын, ойшыл, кемеңгер, қоғам қайраткері деп тани келіп, «соның барлығымен қатар Абайдың ел ішінің ең үлкен, ең іргелі биі болғанын да еске алу керектігін» назарға салады. Сондай-ақ, оның бұл ерекшелігі жөнінде замандасы Көкбай «билікке келгенде Абайдан әділ, таза дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы заманда көрген жоқ деп айта аламын» деп жазады.

Абайдың тұтас дүниетанымын, әсіресе  құқықтық мұрасын және билік-шешімдерін зерттеген А. Тәукелов, С. Зиманов, С. Өзбекұлы, Ш. Андабеков сынды заңгер-ғалымдарымыздың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Ондағы мақсатымыз – ұлы ойшылдың би ретіндегі табиғи болмысын ашып беру. Жалпы, кез-келген билік-шешімдердің логикасында Абайға және ол өмір сүрген қоғамға тән құқықтық өмір құбылыстары кестеленген. Ойымызды сабақтай түссек, билік шешімдердің басым бөлігі ар-намыс, абырой құндылықтарын реттеуге бағытталған. Сондықтан дәстүрлі құқықтық жүйені өмірінің басты мәніне айналдырған  қалың бұқара «малым жанымның  садағасы, жаным арымның садағасы» деуі бекер емес.

ХІХ ғасыр – қазақ тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі.  Абай дәуірі дәстүрлі ұлттық болмысы бұзылып, жұрт іші бүлініп, ел болып өзін-өзі билеуден қалған кезеңмен тұспа-тұс келді. Ел ішінде алауыздық өршіді. Осындай кезде Абай сынды алқалы би тарих сахнасына шықты. Оның халық атынан әділ билікті жүргізуіне заманның өзі мәжбүрледі, уақыттың өзі әділқазы атандырды десек, жалған айтпағанымыз.

Елімізді өркениеттілікке жеткізетін, ел экономикасын дамытатын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасын дамыған елдер қатарына қосылуға мүмкіндік жасайтын жастарды тәрбиелеу немесе кемел адамды тәрбиелеу қазіргі заман еншісіндегі ұлы қызмет екенін әрдайым есімізде ұстағанымыз абзал. Себебі Абай шығармаларының әр сөзіне үңіліп қараған жан одан үлкен ғибрат, өнеге, ұлы сабақ алары сөзсіз.  Әрқайсымызға Абайды тану – мұрат, ол шыққан шыңға шығу – парыз.Қорыта айтқанда, Абай шығармаларын жас ұрпақ бойына ана сүтімен сіңіруге, қадір-қасиетін түсіндіруге әрбір қазақ, өз ісінің шебері-педагогтар атсалысуымыз керек. Сонда ғана ақын мұрасы – халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы болып қала бермек.

Эльниза КЕМЕЛБАЕВА, 

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті

«Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасының

2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.