Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрылыс сапасы жіті назарда

0 302

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі қала әкімі Көшек батыр, Ж.Сабалақов және М.Қойшыбеков көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Бүгінде бұл көшелерде құрылыс жұмыстары қарқын алған. Айталық, Ж.Сабалақов көшесінде ұзындығы 2 шақырым 172 метр болатын жолдың құрылысын «АбдиСтрой» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда құрылыс басында оннан аса техника мен отызға жуық жұмысшы еңбек етуде.
Көшек батыр көшесінде де асфальт төселуде. «АрайСтройGroup» ЖШС мердігерлігімен жүргізіліп жатқан жолдың ұзындығы 1,4 шақырым болса, ені 14,70 метрді құрайды. Техникалық қадағалаушысы – «GrandUrban».
Сол секілді М.Қойшыбеков көшесінде де жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде.
Жалпы Тараз қаласында биыл 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Нақтырақ айтқанда, 67,8 шақырымды құрайтын 40 жобаны (оның ішінде 117 көше, бұрылыс, тұйық, өткел), одан бөлек, ұзындығы 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын және ұзындығы 73,8 шақырым болатын шағал жолды (оның ішінде 165 көше, бұрылыс, тұйық, өткелдер) жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын 3 көшені қайта жаңғырту жоспарда. Бұған қоса, қазына қаржысы арқылы ықшамауданға кіретін жолдар да жөнделеді. Сонымен бірге ағымды жол жөндеуге де қосымша қаржы қарастыру жоспарлануда.
Бұдан кейін шаһар басшысы «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы оңалту орталығының құрылысын көрді. Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы оңалту орталығының құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірістік кестеден артта қалуына және өз міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты «Qaratau Construction» ЖШС-мен келісімшарт бұзылған. Осылайша орталықтың жобалау-сметалық құжаттамасына ішкіалаңдық желілері мен абаттандыру жұмыстары қосылып, түзетулер енгізілді.
Бүгінгі күні «СтройМонтажGroup» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, 2023 жылдың 18 қыркүйегінен бастап құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанның құрылысын ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Бәйтерек» (13) шағынауданындағы №14, 39 көпқабатты тұрғын үйлерге аялдады. №14 көппәтерлі тұрғын үйді әрлеу, парапет орнату және №39 үйдің шатырын ағымдағы жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, демонтаж және жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Алайда шаһар басшысы жаңғырту жұмыстарына көңілі толмайтынын жасырмады. Себебі құрылыс сапасы төмен әрі көптеген кемшілікке жол берілген. Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы олқылықтардың орнын дереу толтырып, жұмыстарды жоғары деңгейде орындау қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ шаһар басшысы Саңырақ батыр, Д.Шостакович көшелері мен «М-1» жылу желісінің қайта жаңғырту жұмыстарына қанықты. Құрылысы былтыр басталған Саңырақ батыр көшесінде қайта жаңғырту жұмыстары аясында асфальт жабындысының екінші бөлігі төселуде. Ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын көшенің құрылысы 2024 жылға өтпелі болған. Былтыр құрылыс-монтаж жұмыстары Ы.Дүкенұлы көшесінен бастап Жазылбек Қуанышбаев көшесіне дейін жүргізілсе, биыл Ж.Қуанышбаев көшесінен бастап Тәуке хан көшесіне дейін жөндеуден өтуде. «Арайстроймаркет-2003» ЖШС қолға алған құрылыс басында оннан аса техника мен елуге жуық жұмысшы еңбек етуде. Жауапты мамандардың айтуынша, мұндағы жаңғырту жұмыстары маусым айында аяқталады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, биылға өтпелі Д.Шостакович көшесінде де жол жөндеу жұмыстары басталды. Ұзындығы 2,8 шақырым жол құрылысын «UNISERV» ЖШС жүргізуде. Техникалық қадағалаушысы – «Қабылан Эксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда құрылыс нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары мен қатар асфальт төселуде.
«М-1» жылу желісін жаңғырту жұмыстары да қарқынды. 2023 жылы қала әкімдігі «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасын әзірлеп, жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын.
Жылу магистралінің жалпы ұзындығы – 6 138 метр. Құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың 19 сәуірінен, полиция органдарымен жол жабу жұмыстары келісілген соң басталды. Бүгінде құрылыс алаңы 4 бөлікке бөлініп, барлық бөліктерінде құрылысшы топтар монтаждау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Жалпы 840 метр лоток пен жылу құбырлары қазып алынды. Бұл жұмыстарды 2024 жылдың 1 қазанына дейін аяқтау көзделуде.
Сонымен қатар қала әкімі Төле би даңғылы, №11 мекенжайында орналасқан жатақхананың қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Аталған тұрғынжайдың күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, ішкі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Енді сыртқы күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, нақтылауға ұсынылған.
Қала әкімінің келесі назар салғаны – Балуан Шолақ және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы, «Кирпичный» алқабы Завод көшесі және Строительный көшесінің 2-бұрылысындағы жол жөндеу жұмыстары. Бұл нысандарда да тиісті жұмыстар қызу атқарылуда. Айталық, биыл қала көшелеріне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жеңімпаз атанған мердігерлер «АБДИ-СТРОЙ» ЖШС, «BIG building NS» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Аталған компаниялар 25 наурыздан бастап қала ішіндегі жолдарға ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар шаһар басшысы Абай, Аппаев, Малобесагашская көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолының жөндеу жұмыстарымен де танысты. Қазіргі таңда облыс орталығында жаяу жүргіншілер жолының (тротуар) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – Малобесагашская көшесінің бойы. Мердігер мекеме – «ЯСА» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «РДК-01» ЖШС. Бұдан бөлек, Абай даңғылының бойындағы (№2 полиция бөлімінен бастап «ҚазМұнайГаз» жанармай бекетіне дейінгі аралық) жаяу жүргіншілер жолына да (тротуар) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Келесі кезекте шаһар басшысы «Тектұрмас» этнотарихи кешеніне аялдап, онда отырғызылған талдар мен суғару жүйесін және «Көне қамал» нысанының құрылысын көрді.
Әрбір құрылыс нысанымен жіті танысқан Бақытжан Әмірбекұлы тиісті жұмыстарды сапалы әрі уақытында тәмамдау керегін қадап ескертті. Сонымен бірге қала әкімі құрылыс жұмыстары тұрғындарға ешқандай қолайсыздық тудырмау керектігін де еске салып, бұл бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.