Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шашбауы сыңғырлаған «Бұрымды қыз»

0 177

Таразда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалы және Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «Бұрымды қыз» облыстық байқауы өтті.

Жалпы орта мектептің жоғары сынып оқушылары арасында өткен сұлулар сайысына облыс аудандары және Тараз қаласынан 11 үміткер қатысты. Байқау барысында үміткерлер 3 кезең бойынша бақтарын сынады.
Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, шаштарының ұзындығы өлшеніп, оның күтімі жайлы қысқаша баяндады. Мұнда бұрымның ұзындығы, табиғи бояусыз болуы және ұлттық киіммен келуі ескерілді. Екінші кезеңде қатысушылар өздері алдын ала дайындаған шашына тағатын шолпысының жасалу жолдары, оның қасиеттері жайында әңгімеледі. Ал үшінші кезеңде үміткерлер қазақтың салт-дәстүрлеріне байланысты сұрақтарға жауап берді. Қазылар қыздардың сұрақтардың мағынасын аша алуын және шапшаң жауап беруін бағалады.
Тартысты өткен «Бұрымды қыз» байқауының жеңімпазын анықтау әділ қазыларға оңайға түскен жоқ. Десе де, өнерлерімен, ақылымен және сұлулығымен көрерменді баурап алған арулар асқан мұқияттылықпен іріктеліп, лайықты жүлделер үлестірілді. Нәтижесінде, бас жүлдені шашының ұзындығы – 95 см, Жамбыл ауданы, А.Макаренко атындағы орта мектебінің оқушысы Айымжан Есіркеп жеңіп алды. Ал І орынды қос бұрымы жарасқан, ақылына көркі сай Байзақ ауданы, Жамбыл орта мектебінің оқушысы Мадина Мырзатай еншілесе, ІІ орын Жуалы ауданы, М.Жұмабаев атындағы №29 мектептің оқушысы Байжан Аяулымға, ІІІ орын Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы М.Әуезов орта мектебінің оқушысы Аяулым Желдібекке бұйырды.
Қалған қатысушыларға «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаттары және шара демеушісі «Айдар» құрылыс дүкенінің басшысы Жаңабай Айдардың бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Баян ЖАЛБИЕВА,
республикалық «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ Жамбыл облысы бойынша филиалының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.