Жамбыл облысының этномәдени кеңістігі жаңа бірлестікпен толықты. Достық үйінде беларус халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеуге бағытталған «Крыніца» беларус этномәдени бірлестігінің ресми ашылу рәсімі өтті.
Шара барысында қонақтарға беларус халқының ұлттық киімдері, дәстүрлі кесте өнері, халық шығармашылығы, әдебиеті мен ұлттық тағамдары таныстырылды. Сондай-ақ, беларус халқының кеңінен танымал «Косил Ясь конюшину», «Купалінка», «Туған жер» және «Сад-виноградик» әндері шырқалды.
Жиын барысында сөз алған «Крыніца» бірлестігінің төрайымы Наталья Боцман мәдени мұраны сақтау, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу ұйым жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Алдағы уақытта бірлестік мәдени-танымдық кездесулер, шеберлік сабақтары мен түрлі тақырыптық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Салтанатты шараға «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сауле Құрманқұлова, Алматы қаласынан келген Қазақстандағы беларус бірлестіктері қауымдастығының оңтүстік өңір бойынша төраға орынбасары, «Новая Эра» ақпараттық-инновациялық журналының директоры әрі бас редакторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Ирина Костина, Жамбыл облыстық «Халық» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Болатбек Көлтаев, кәсіпкер, бизнес-тренер, «АКОРТ Лига Роста» қауымдастығының жетекшісі Виктория Усманова, этномәдени бірлестіктердің басшылары Леля Узденова мен Владимир Сорокин қатысты.
Қонақтар жаңа бірлестік мүшелерін құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыстады.
Жамбыл облысында этносаралық келісімді нығайту, ұлттық мәдениеттерді сақтау және этномәдени бірлестіктердің бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. «Крыніцаның» ашылуы осы бағыттағы мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндік бермек.