Қалалық қоғамдық-саяси газет

Президенттік стипендия – студенттерге серпін

0 212

Мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «тарих» мамандығында білім аламын. Өзімнің жан дүниеме тән мамандық болған соң, оқу үдерісіне әрқашан тек қиыншылықпен  ғана емес, құштарлық пен пайда ретінде қарайтынмын. Бұл ғылыми бағыт менің Президенттік стипендия иегері болуыма себепкер болды. Осыған орай, оқу орны мен ұжымына көп алғысымды айтамын.

Мен, Шыңғыс Рахметулла, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Тарих және география» кафедрасының «Тар-20-1» тобының студентімін. Бірінші курстан бері тек белсенді білімгерлер қатарынан табылуға тырысып келемін. Әрине, оқытушылар алдында білікті студент болып көріну – өзім үшін де үлкен абырой. Алайда ол абыройды дәлелдеу керек.
Менің тарих мамандығым тек педагогикалық тұрғыда емес, тағы да ғылыми бағытта болған соң, тарих ізінде қойылмаған сұрақтар және толық емес жауаптар көп болды. Ғылыми мақалаларды шығаруды өзімнің студенттік мақсатым ретінде көрдім. Оқу үдерісінде білікті мамандар – Т.Тоқболат, Ж.Мырзабеков, И.Шакирбаева, Н.Бейбітов және П.Касымкулова секілді аға оқытушылар менің қалыптасуыма үлкен үлес қосты. Алғаш мақаламды т.ғ.д., профессор А.Абдуалының 70 жасына орай 2023 жылдың қаңтарында ұйымдастырылған «ХІХ-ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі отандық тарихтың аймақтық аспектілері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына өткізіп, үлкен профессорлардың алдында сәтті қорғап шықтым. Бұл менің үлкен тарихи бағытқа алғаш қадамым еді. Кейіннен ғылыми мақала шығаруды жолға қойдым. Мұндағы мақсатым – диплом және мадақтамалар алу емес, «Тарих және география» кафедрасы аға оқытушыларының алдында белсенді студент ретінде есте қалу еді. Ғылым кандидаттары және PhD докторанттарынан құралған бұл ұжым қызметкерлерінің тәжірибелік жолдары мен үшін қатты қызығушылық танытатын және сол кісілердің аузынан жағымды сөз есту мен үшін үлкен абырой еді.
2023 жылдың наурыз айында мақалалар жинағым, диплом және мадақтамаларым жиналған соң, Президенттік стипендия үміткерлігіне бағымды сынап көрейін дедім. Оған GPA деңгейім де келіп тұр еді.
Президенттік стипендияға керекті құжаттарды өткізген соң, естігенім бойынша, үміткер атанған 115 студенттің арасында үш студентті таңдап алған екен. Арасында менің атым аталып жүргенін білгенде, үмітім жоғарылай бастады. Жаз мезгілінде институтымыздан хабар келіп, мен Президенттік стипендия иегері атанғаным белгілі болды. Әрине, қуанышта шек болмады. Алайда мен абыройға жету бір бөлек, оның жауапкершілігін көтеру бір бөлек екенін естен шығарған емеспін.
Осы ретте ғылым қуған жастардың ісіне үлкен серпін беріп, қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне зор алғысымды айтамын. Себебі бұл жоба көптеген студенттерге білікті маман болып қалыптасуына жол ашып отыр. Сонымен қатар бұл жолда жігерлендіріп, бар көмектерін аямаған жоғарыда айтып өткен аға оқытушыларыма және кафедра меңгерушісі Ж.Мырзабековке, факультет деканы М.Нұрғабыловқа және басқарма мүшелеріне де шексіз ризашылығымды білдіремін!

Шыңғыс РАХМЕТУЛЛА,
Шерхан Мұртаза атындағы
Халықаралық Тараз инновациялық институтының
4-ші курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.