Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жошы ұлысының түркілік негіздері

0 1  848

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында тамыры терең тарихымызда ерекше орны бар тұлғалар туралы айта келіп, биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толғаны туралы тоқталған болатын.

– Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа, – деді аталған сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ел Президенті ағымдағы жылдың 15-ші наурыз күні Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», – деген болатын.
Мемлекет басшысы өз сөзінде болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайтындығын білдірді. Президенттің пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалғаны да белгілі. «Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек», – деді Президент.
Енді, осы Алтын Орданың құрылу тарихына экскурс жасар болсақ, онда 1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін, 1235 жылы Қарақорымда өткен моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдағандығын, моңғол әскерлерін Шыңғысханның мұрагер немересі, Жошының екінші ұлы Бату басқарғандығын еске түсіруге болады. Бату әскері 1236 жылы Камадағы бұлғарларды, мордваларды талқандап, 1237 жылы орыс мекендері Рязань, Мәскеу, Владимирді ойрандаса, 1239 жылдың басында Перяславль қаласын, онан кейін Чернигов қаласын алып, оларды өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Бату Киевті талқандады, кейіннен Польшаны, Венгрияны, Чехияны және басқа да елдерді басып алды. Ағылшын тарихшысы Е.Д.Филлипс қыпшақтардың ханы ретінде атаған Батудың екпінді жорығы барысында моңғолдар кең-байтақ жерге ие болады. Бұл жерде Филлипстің сөзіне түсіністікпен қарауға әбден болады. Себебі, бағамдап қарасақ, Шыңғысхан 1219 жылы Қазақстан территориясына өзінің әскери жорығын бастағанда, өз вассалдарының жасақтарымен қоса есептегенде әскерінің жалпы саны 150 мың адам болатын. Ал Русь жеріне шапқыншылықпен қадам басқан Бату әскерлерінің саны орыстың әйгілі тарихшысы Н.М.Карамзиннің жазуы бойынша 500 000 адамды құраған. Ортадағы 350 000 мың әскердің басым бөлігінде қыпшақтардан, яғни түркілерден құралғаны туралы деректерді қазіргі заманғы ресейлік тарихшы В.В.Трепавлов береді. Оның зерделеуінше, Бату әскерлерінің Орталық бөлігін Хан-Шыңғыс тұқымы басқарса, оң және сол қанаттарын түркі тайпаларының көсем-батырлары басқарған. Жақында ғана өмірден озған В.В.Трепавлов тұрғысында Қасым-Жомарт Кемелұлының берген оң пікірінен көпшілігіміз хабардармыз деген ойдамын.
Нәтижесінде, Бату басқарған Орда территориясы батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына, оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейін жетті. Бату иеліктерінің құрамына оңтүстік-шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төменгі жағындағы жерлер де енді. Осындай аса зор мемлекет шығыс деректемелерінде Көк Орда, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деп аталды. Астанасы алғашында Еділ бойындағы Сарай-Батуда болса, кейін Сарай-Беркеге көшірілді. Осы оқиғаларға байланысты Мемлекет басшысы биылғы құрылтайдың үшінші отырысының Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екенін атап өтті. «Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен», – деді Президент.
Енді, тарихи деректердегі қаланың келбетіне мән берсек, онда: Сарай-Берке қорғаныс дуалдарымен қоршалмады, қаланы сумен қамтамасыз ету үшін Жайықтың суы енгізіліп, Қарақорымдағыдай қолдан кішігірім көл жасалынды. Хан сарайы өзінің кереметтілігімен көз тартып, оның қиян ұшында Исламның жарты айы алтынмен көмкеріліп, жарқырап тұрды. Мемлекеттің Алтын Орда аталуының бір парасы осында болуы да мүмкін. Тіпті Батудың басындағы алтын дулығасына байланысты солай аталынды деген пікірлер де бар. Негізінде, алғашында Алтын Орда деген ұғым болмаған. Бұл атау орыс деректерінде тек XVI ғасырдың аяғында пайда болған. Алтын Орда халқы этникалық жағынан біркелкі болған жоқ. Отырықшы аймақтарда Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрды. Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, дулат, қаңлы, найман, қоңырат, керей және т.б. тайпалар мекендеді. Десек те, Сарай-Беркенің негізгі тұрғындары мұсылмандар болды деуге толық негіз бар. Оған қалада үлкен 13 және кішірек басқа да көптеген мешіттердің болуы куә бола алады. Қаланың шамамен 100 000-дай халқын 5 ірі базар қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отырды. Саудагерлер мен басқа да шетелдіктер қоршалған, қауіпсіз кварталдарға орналастырылды. Дешті-Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған моңғолдар көп болған жоқ. Олар кейін жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кетті.
Алтын Орда хандығы – Бату (1243-1255), Берке (1257-1266), Мөңке-Темір (1266-1280), Төле Мөңке (1280-1287), Төле-Бұқа (1287-1291), Тоқа-Темір (1291-1312), Өзбек (1312-1342), Жәнібек (1342-1357) хандар тұсында қуатты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшейе түсті. Егер Жошы мен Бату Моңғолиядағы Ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді. Ол Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық жүргізді, әртүрлі кәсіпшілікпен айналысып, қолөнерді дамытты. Беркенің кезінде Алтын Орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасында байланыс күшейе түсті. 1262 жылы Бейбарыс Алтын Орда ханы Беркемен өзара достық қарым-қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін екі ел арасында әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнады. Берке хан тұсында Алтын Ордаға жалпылап ене бастаған Ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды. 1312 жылы Өзбек хан Исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялады. Алтын Орданың гүлденген мезгілі осы Өзбек хан (1312-1342) мен оның баласы Жәнібек ханның (1342-1357) билік еткен тұстары болды. Өзбек хан қалаларда медресе салдырып, мұсылмен дінінің жаппай таралуына септігін тигізді. Яғни ділі жұмсақ болды деп айтуға болады. Өйткені мұсылмандық пен қаныпезерлік ешқашан қатар тұрмаса керек. Мұны бодандықтағы русичтер де зымияндықпен түсіне қойған еді. Сондықтан да, айлакер Мәскеу князі Иван Калита Өзбек ханның көңілін тауып (қалталы Иван ғой), оны өзіне Ұлы князь атағын бергізіп қана қойған жоқ, сонымен қатар Орда ақсүйектері мен басшы-көсемдерінің орыс қалаларына келіп салық жинауын, өздері апарып береміз деген уәдемен, доғартуға да қол жеткізеді. Бұл арқылы әскерін алып желкілдеп жетіп, ту-талақайын шығарып жүрген жендеттерден құтылған русичтер, әрине, ес жия бастайды. Ал осы аралықты ұтымды пайдаланған Калита ендігі жерде Орда хандарының қалталарын қалыңдата жүріп, Ұлы князьдіктің құрамына басқа да орыс аймақтарын қосып алу арқылы келешектегі азаттық үшін болатын шайқасқа бес қаруын дайындауға мүмкіндік алады.
Дегенмен саяси өмірдің ерекше маңызды кезеңдерінде билеуші Шыңғысхан әулетінің өкілдері бастаған феодалдық алпауыт бектердің құрылтайы шақырылып тұрды. Мемлекет құрылысы әскери негізде болды. Қарулы күштер оң қол, сол қолға бөлініп, оларды ханзада-ұғландар, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасы басқарды. Аса маңызды әлеуметтік қызметтерге билеуші топтың өз адамдары – ұғландар, әмірлер, даруғабектер қойылды. Мемлекеттік мекемелердің басында атақты билер мен олардың көмекшілері – бақауыл, тұтқауыл, жасауыл, қази, муфти, диуан игітіршілері, тамғашы, тартынақшылар отырды. Қалалар мен бағынышты аймақтарды басқару үшін даруғашылар (даруғабектер), басқақтар тағайындалды. Олардың негізгі міндеті жергілікті халықты бұғауда ұстау, әскердің күшімен алым-салық жинау еді. Алтын Орда халқының қоғамдық және мәдени даму дәрежесі әркелкі болды. Моңғолдар жаулап алған елдерін арнайы тағайындалған әкімдер-даруғашылар мен тамғашылар арқылы басқарды. Басқа елдердегі сияқты моңғолдар бұл жерлерде де басқарудың бұрынғы жүйесін өзгерткен жоқ. Жергілікті басқару қызмет орындарының көпшілігінде бұрынғыша жергілікті феодалдар болды, бірақ оларды моңғол шенеуніктері қадағалап отырды. Қазақстан жеріне моңғолдар Шыңғысханның құқық нормаларын «Ясыларын» енгізді, онда феодал шонжарлардың артықшылықтары белгіленді. Ол бойынша жергілікті халық соғыс жорықтарына қатысу үшін әрбір он үйден (түтіннен) бір жауынгер беруге міндеттелді. Бүкіл халықтан хан әулетіне сыбаға тиіс деп есептелді және оларға ауыр алымдар мен міндеттемелер түсіп отырды. Көшпелі мал өсірушілер копчур деп аталатын салық төлеуге тиісті болды, оның мөлшері – жүз бас малдан бір бас мал беру. Егіншілерден де астықтай салық алынды: әрбір он тугар егістен қазына пайдасына бір тугардың өнімі, кейбір жерлерде харадж (жер салығы) алынды. Зерттеушілер жер-жерден жаппай алынған, моңғолдар белгілеген салықтың кемінде 20 түрін атап көрсетеді.
Әйтсе де, Хан Кеңесінің тұрақты мүшесі болып саналатын 4 уәзір (қарашалар) жергілікті халықтың қатаң қанауға түсуін болдырмады десек те қателеспейміз. Себебі моңғол хандарының шапқыншылық жорықтағы әлеуетін көтере отырып, жергілікті көсемдер мен рубасылары өз қандастарын тонау әрекеттерінен қорғап қалуға шамалары келді. Тіпті көп жағдайда моңғолдарға келіссөз арқылы қосылған қазақ рулары орыс жерлері мен Кавказды, Еуропаның біраз бөлігін жаулап алушылар ретінде, трофей иеленгендері де анық. Сталиннің Тұрар ағамызды «Түркістанның Шыңғысханы» деуі де осы оқиғаларға байланысты туындаған іш қыжылынан деп ұқсақ та әбден қисынға келеді. Әрине, оқыған-тоқығаны көп Кеңес басшысы Алтын Орданың негізгі орналасқан жері Тұран елі екендігін, ал мемлекеттің негізгі халқы түркілер болғандығын білмеді емес, білді. Ал Тұрардың оны өзінен жақсы білетінін және түсінді. Себебі бұл тұрғысындағы түсініктер орта ғасырлардағы Мысыр ғалымы, мамлюк дәуірінің соңғы үлкен энциклопедиясының авторы Шихаб ад-Дин Абу-л-Аббас Ахмад ибн Али ал-Калкашандидің (1355-1418) еңбегінде нақты берілген болатын. Ол Ресейде 1884 жылы алғашында араб тілінде және шығыстанушы В.Г.Тизенгаузеннің тәржімасында орыс тілінде жарық көрген еді.
Алтын Орда хандығы біртекті берік мемлекеттік бірлестік бола алған жоқ, оның әлеуметтік және мәдени даму дәрежесі әртүрлі, экономикалық негізі төмен болды. Феодалдық қатынастар дамыған сайын ішкі-сыртқы байланыстар шиеленісе түсті. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан өлгеннен кейін, Шыңғысханның тұқымынан тараған билеуші топтар арасындағы хан тағына таласқан феодалдық қырқыс өріс алды. Бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін іштегі алауыздық жегідей жеді. Тек, 1357-1380 жылдар арасында Алтын Орда тағында 25 хан ауысты. Оған қоса Алтын Орда қарауындағы езілген бұқара халықтың азаттық күресі өрістеді. ХIV ғасырдың аяқ кезінде Мәуереннахр билеушісі Әмір Темірдің күшті шабуылдары да Алтын Орданы әлсіретпей қоймады. 1380 жылы Куликово даласында Мамай хан бастаған моңғол әскерлерін талқандаған орыс князьдары Алтын Ордадан тәуелсіздік алды. Алтын Орда тарихында «дүрбелең кезең» басталды. Осындай қат-қабат қайшылықтар мен тартыстар нәтижесінде әлсіреген Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетті. Алтын Орда Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары болып бөлініп кетеді. Хорезм Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кірді. Сөйтіп, ішкі және сыртқы факторлар нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті күйреді.
Моңғол шапқыншылығы жергілікті халықтар мен елдердің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына орасан зор шығын әкелді. Елдің саяси және мәдени байланыстарын үзіп, шаруашылығын күйретті. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы отырықшы, қала мәдениеті мен егіншілігі гүлденген аудандары тапталды. Қалалар мен елді мекендер Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ, Жент сияқты ірі орталықтар қиратылып, Жетісу бойындағы Баласағұн, Алмату, Қаялық, Ілебалық және басқа да үлкенді-кішілі қалалар аймақ картасынан жоқ болып кетті.
Зерттеушілер моңғол шапқыншылығы қазақ халқының қалыптасуының аяқталуын екі жүз жылға кешеуілдетті деп есептейді. Әрине, кез келген сырттан таңылған әскери іс-қимыл басқыншылық соғыс болып саналады. Оны еш сылтаумен ақтауға болмайды. Шыңғысханның батысқа жорықтары да ғылымда өзінің тиісті бағасын алған. Солай бола тұра, қарудың күшімен құрылған мемлекет жергілікті халықтың топтасуын жеделдетіп, оның өз тәуелсіздігі үшін толассыз күрес жүргізіп, міндетті түрде, ерте ме, кеш пе өз мемлекетін құруына алып келеді. Шыңғысхан негізін қалап, ұрпақтары жергілікті түркілермен бірлесе отырып құраған Алтын Орданың да тағдыры осылай аяқталды. Нәтижесінде, Қазақстан аумағында XІV-XV ғасырларда қайта қалыптасып құрылған Қазақ хандығы өмірге келген еді.

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.