Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала әкімі тұрғындармен бірге тал екті

0 577

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанған қазақ үшін ағаш отырғызу – маңызды істердің бірі. Сондықтан көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ аулалардың маңайын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған. Осылайша өскелең ұрпақтың санасына табиғатты аялау, Жер-ананы қастерлеу сынды асыл құндылықтарды сіңірген.

Осындай игі іс Тараз қаласында да көрініс тапты. Айталық, санитарлық тазалықтың екі айлығы аясында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Жеңіс» саябағына барып, жұртшылықпен бірге тал екті. Тараз баршамыздың ортақ мекеніміз болғандықтан, оның тазалығына тұрғындардың да жауапты екенін айтқан шаһар басшысы көпшілікті сенбіліктен шет қалмауға шақырды.
Жалпы биыл қаланы көгалдандыруға көп көңіл бөлінбек. Айталық, ағымдағы жылы Таразда 40 мың тал егіледі. Оның ішінде «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары, Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің саябағы, әуежай сквері, Арбат-1, Теміржол бекеті, Саңырақ батыр скверлеріне наурыз-мамыр айларында 4 100 дана жабық тамырлы 1-ші санаттағы әртүрлі ағаш отырғызылады. Сонымен қатар №15 «Ұлы дала» ықшамауданындағы саябаққа – 3 500, «Тектұрмас» кешенінің аумағына – 1 000 және «Жасыл белдеу» жобасы шеңберінде шаһардың шеткі алқаптарына 20 000 түп көшет егіледі. Бұдан бөлек, биыл қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл отырғызу көзделуде. Атап айтсақ, Абай, Төле би, Ниетқалиев, Сейфуллин көшелері мен үлкен көшелердің қиылыстары және Жамбыл даңғылы 15 мың тал әсем раушан гүлімен көмкеріледі. Осылайша ағымдағы жылы облыс орталығында 1 миллионға жуық гүл егіледі деп күтілуде.
Осы жасыл желектерді күтіп-баптау мақсатында 22 дана суқұйғыш арнайы автокөлік жұмылдырылып, қала ішінде 40 су ұңғымасына қосымша 15 жаңа су ұңғымасы орнатылады.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.