Әулиеатадан Аспан асты еліне
Туған жер. Бұл сөз әрбір етжүректі адам үшін құдіретті. Сондықтан да дана халқымыз: «Адамзатта екі ана болады. Жарық дүниеге әкелген анасы және осы дүниеде өз бауырында аунатып өсірген жер анасы, туған жері», – деп тегін айтпаса керек. Ал менің туған жерім – бағзыдан алты Алаштың ата қонысы болған, тағдырлы тарихтың тайғағына түсіп, салқын саясаттың кесірінен, шекараның арғы шетінде қалып қойған қазақы ауыл.
«Адамның басы – Алланың добы» дегендей, мен үшін хан тағынан мәртебесі биік, топырағында түлеткен туған жерім Қарадаладан ата-бабам жатқан, әр қазақтың жалғыз Отаны Қазақстанға қоныс аударғаныма жеті жылдың жүзі болыпты. «Жыл жылқы аунап тұрғанша» дейді ғой, ғылымның өзі тоқтата алмайтын уақыттың уысында жүйрік жылдың жылжып өте шыққанын байқамай қалыппыз. 7 жыл былай қараған адамға қысқа уақыт көрінер, ал әке-шешесінің аялы алақанынан алыстап, ыстық құшағына бөленбеген, туған-туыстарымен табыспаған, туған жердің шалғынына ұзақ уақыт аунамаған адам үшін бұл жылдар «ғасырдан да ұзақ».
Шүкір, міне, ұлу жылының ақпан айының алғашқы күндерінде аңсаған ауылға аттануға жол түсті. Отарбаға отырып, Алматыны бетке алып келеміз. Ұзақ жол, купеде төрт адамбыз. Қашанда қанымызға біткен әдетпен амандық сұрастық. Екі апамыз Ақтөбеден Алматыға тойға келе жатыр екен, бір бауырымыз Шымкенттен Алатаудың бөктеріне жұмыс іздеп бара жатқан беті көрінеді.
– Қай ауылдың баласысың? – деп мені сөзге тартты апамыз.
– Қытай Халық Республикасында туғанмын, қазір Тараз қаласында тұрамын. Облыс көлімінде жазылымы жоғары «Jambyl-Taraz» газетінде жұмыс істеймін. Алланың қалауымен араға жылдар салып, туған жерге аттанып бара жатқан бетім осы.
– Ол жақта жағдай қалай екен? «Қазақтарды қинап жатыр» деп естіп едік.
– Иә, бәріне шүкір, саясат деген дүние сондай құбылмалы ғой, бірде олай, бірде бұлай. Дегенмен екі елдің достығының арқасында өткен жылдың 10 қарашасынан бастап Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енген болатын. Бүгінде қос елдің азаматтары көрші елде шекарадан өткен күннен бастап 30 күнге дейін визасыз бола алады. Бұл келісім мен сияқты туған жерінен жыраққа кетіп, туған ауылын аңсап, аңқасы кеуіп жүрген ағайындар үшін үлкен мүмкіндік болды.
– Айналайын балам, сапарың сәтті болсын, туған жердің тұмса табиғатына көз мейіріңді қандырып, жақындарыңмен жүздесіп қайтқанға не жетсін!
Осылай аз-кем әңгімеден соң сапарластарымның бәрі жастыққа бас қойды. Ал мен пойыз терезесінен айлы түнге телміріп, өткен шаққа сапар шегіп, ауылымды, анамды, бала шағымнан санама «Қазақстан» есімін сіңірген әкемді ойлап келе жатырмын.
Әкем Көксубай 35 жыл жағырапия мамандығынан сабақ берген қарт бағбан. Әлі есімде, сәби шағымызда үйдің қабырғасында әлем картасы тұратын. Мен ол кісінің аузынан алғаш рет дүниенің бір бұрышында «Қазақстан» деген мемлекеттің бар екенін, ол мемлекеттің президенті қазақ екенін естідім. Бірде әкем әңгіме арасында 1991 жылы «Азаттық» радиосынан қазақ елі өз тәуелсіздігін алғанын естіп, көршілер арасында бір-бірінен сүйінші сұрағанын көзінде қуаныштың нұры ұялап тұрып айтып еді. Сондықтан да болар, бала шағымнан аңсаған атажұртыма оралу менің арманымның ең биігі еді.
2017 жылдың тамыз айының бел ортасында мен алғаш рет алыс жолға сапарға аттандым. Бағытым – Қазақ елі. Ауылдан аса ұзап шықпаған кенже ұлын қимады ма, әлде шетел асып бара жатқан соң көңіліне көп ой кептелді ме, анам көз жасына ерік берді. Әкем аудандық автовокзалға дейін бірге келіп, қоштасарда: «Ал, балам, бөтен жер емес, арғы аталарыңның асыл сүйегі жатқан қарашаңыраққа бара жатырсың. Ол (Қазақстан) – әлемде өз қандастарын шақырған үш мемлекеттің бірі. Жақсы оқы, бар біліміңді қазақ елінің өркендеуіне арна. Біз ол елге еңбек ете алмадық, десе де сен барып теріңді төксең, үмітімнің ақталғаны», – деді маңдайымнан сүйіп. Қызыл тудан қысыла өтіп, көкке қарап ұлыған көкбөрідей айбатты көк туды көргенде, менің бойымды билеген зор мақтанышты сөзбен айтып жеткізе алмаспын.
Міне, енді сол шекараға бет алып бара жатырмын. Арғы жағы – аңсаған ауыл. Аңсаған ауыл демекші, менің туған жерім – бүгінгі ҚХР меншігіндегі Іле Қазақ автономиялы облысы, Текес ауданы, Қарадала ауылы, Қапсалаң қыстағы. Тарих бетінде жазылған деректерге сүйенсек, Шығыс Түркістан Республикасы тұншықтырылып, коммунистік жүйедегі жаңа Қытай үкіметі билік басына келген соң, 1952 жылдан бастап Қытайда аз санды ұлттар шоғырлы қоныстанған өңірлерде ұлттық территориялы автономия органдары құрыла бастады. Сол қатарда 1954 жылдың 22 қарашасында Іле Қазақ автономиялы районы құрылып, келесі жылы 12 қарашада оның аты «Іле Қазақ автономиялы облысы» болып өзгертілді. Сөйтіп, қазақтар үшін есімі құлаққа жағымды естілетін, жүрекке жылы тиетін Іле Қазақ автономиялы облысы барлыққа келді. Оның әкімшілік орталығы Құлжа қаласы болып бекітілді. Іле Қазақ автономиялы облысының меншігінде 8 аудан бар. Автономия мәртебесін алған соң Қытайдың аз ұлттарға бағытталған заңы бойынша аталған «облыстың әкімі қазақ әрі қазақтар жиі қоныстанған аудандардың әкімі қазақ болады» деп бекітілген болатын. Жалпы шығыстағы көршімізде 2 миллионға жуық қандасымыз тұрып жатқан болса, олардың көп бөлігі Іле облысына шоғырланған. Ал менің туған жерім Текес ауданында 85 мың қазақ ұлты бақытты өмір сүруде.
Қазақ шекарасынан қиналмай өткенімізбен, Қытай өткелінде көп бөгелдік. Әр адамды иненің көзінен өткізгендей өзгеше тексеріп, тіпті телефонымыз бен жол сөмкемізге дейін ақтарып көрді. Кәдімгі қылкөпірден өтіп бара жатқандай күй кештік. Әйтеуір дәм бұйырып, кеш бата шекараның арғы есігінен аттадық. Кеш батты дегенім болмаса, Қорғастың көше шамдары самаладай жарқырайды, туған жердің саф ауасы мұрнымды қытықтап, самал желі анамдай аймалайды. Ойыма белгілі ақын, жерлесім Ауыт Мұқибектің:
Өкінбен алыс кеткен жолым үшін,
Кетті ғой сағынышқа толып ішім.
Есімнен ертелі-кеш бір кетпейсің,
О, менің Іле Қазақ облысым! – деген жыр жолдары оралды.
Мені шекарадан туған жиенім Берік Тілебалдыұлы темір тұлпарын көлденең тартып күтіп алды. Кеше ғана есік алдында ойнап жүрген сәби еді, сақал-мұрты өсіп, соқталдай азамат болыпты. Бірден «Құлжа, қайдасың?» деп тартып кеттік. «Даму деген дау жүрмейтін шындық екен ғой» деп қоям ішімнен. Кеше ғана қарапайым өткел еді, аз жылдың ішінде қытайлар шекараның іргесінен алып қала салып тастаған. Қаланың көркінен көз сүрінеді. Менің таңғалысымды сезгендей әңгімені Берік бірден бастап кетті.
– Өзіңіз көріп тұрғандай, соңғы жылдары туған жеріңіз қатты өзгерді. Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің 2014 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес, Қорғас өткелі жеке қала статусын алып, нәтижесінде шекара өткелінде өндірістік-құрылыс ғимаратының бөліктері, тұрғын үй инфрақұрылымы бой көтерді. Бүгінде 4 миллионан астам халық тұратын Іле облысының әкімі – екеуміздің жерлесіміз, өзіңіздің ағаңыз Елшат Тұрсынбайұлы. Туған жеріңіз Текестің әкімі – 1980 жылдың тумасы Әлімжан Әшімұлы. Бұл кісі де қазақ ауылында өскен ұлтжанды азамат. Жалпы Іле өңірі көркем табиғатымен ішкі өлкеден келетін қытай саяхатшыларын қатты қызықтырады. Міне, Құлжаға да жақындап қалдық, – деп сөзін аяқтады ол.
«Әрине», – дедім мен де сөзге араласып. Біздің Құлжа – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі керуен жолы. Қазіргі Ташкент, Тараз, Меркі, Алматы, Жаркент, Құлжа бағытымен өткен. 1851 жылы Құлжада орыс-қытай сауда шартына қол қойылып, саудагерлер жеңілдік ретінде сауда жасауға толық рұқсат алды. 1864 жылы Шығыс Түркістан халқы көтерілісіне байланысты Іле сұлтандығы құрылып, астанасы Құлжа болды. Бірақ Ресей әскері Құлжаны басып алып, онда 1882 жылға дейін орын тепті. Іле өлкесін Қытайға қайтарып берген кезде Құлжа тұрғындарының көпшілігі Жетісу жеріне көшіп келіп паналаған болатын.
Алыс жолды жақындастыратын әңгіменің жетегімен байқамай қалыппыз, аядай ауылдың төбесі көрінді. Сонау жылдары жалғыз чемоданды сүйреп, аттанып кеткен қасиетті қарашаңырағыма жақындағанда аяулы әкем, ардақты анам, асыл ағам, алтын жеңгем, інілерім және тамыры бір туыстарым есік алдында күтіп тұр екен. Ұзақ сағыныштан әке жүрек толқып тұр, ардақты анам көз жасына ерік берген, бәрінің жанарында қуаныштың лебі еседі.
Шай үстінде өткен-кеткенді айтып отырдық. Әрине, сыртта ұзақ жыл жүргендігімнен болар, көп дүние өзгеріпті. Туыстарымның балаларын сөзге тартып едім, қытайша сайрап тұр, мен байғұс түсінбеймін. Әкем сөзге араласып: «Бұлар өз тілін ұмытты, қазақша мектептер түгел жабылған, балалар қытайша оқиды, телефоннан да, телевизордан солардың фильмін көреді. Сендер оқыған қазақ мектебі келмеске кетті ғой», – деп ауыр күрсінді.
Келесі күні өзімнің жастық шағым өткен аудан орталығы Текеске жол тарттық. Текес – ежелгі Үйсін ордасының ата қонысы. 1920 жылдардың соңы, 30-жылдардың басында қазақ елді мекендерінде жаңадан әкімшілік аудан, қалалар пайда болды. Cол қатарда осы Текес ауданы да бар. Дүниежүзілік Гиннесс рекордтар кітабына еніп, «Сегіз қырлы» атанған аудан орталығы Азиядағы, тіпті әлемдегі сирек үлгідегі қалаға айналып отыр. Текес Қытай мемлекеті бойынша «Тарихи мәдениет қаласы» қаласы атағымен ерекше. «Шаңырақ» формасындағы шаһардың жобасын кейбір деректерде орыс, кейбір жазбаларда қытай мамандары жобалаған деген мәліметтер бар. Ал бала күнімнен үлкендердің әңгімесінен «Қаланың жоба авторы – қазақ, Текес өңіріне аты мәлім Әлімжан ақалақшы деген кісі» деп естіген едім. Әлімжан ақалақшы (ақалақшы – кемінде 1000 түтін үйді басқарушыға берілген ескі әкімшілік тариxи атау) Текес аудан болып алғаш құрылғанда қазақтарды отырықшы өмір кешуге үгіттеген, сонымен қатар Текестің қала жобасына ұсыныс жасап, келешектегі қала жобасын «Шаңырақ» үлгісінде жобалап салу ұсынысын жасаған. Аудан әкімшілігі жағынан бұл ұсыныс қабылданып, қаланың салыну үлгісі оның жобасы негізінде қаланған екен.
Біз барған уақытта Қытайдың «Чуньцзе», яғни «көктем мерекесі» басталып жатыр екен. 15 күн тойланатын бұл мерекеде туыстарымен өткізу үшін миллиондаған адам жолға аттанса, осы мереке демалысын пайдаланып мөлшермен 340 миллион қытай азаматы шетелге саяхат жасайды екен. Көшедегі көп дүкенге бас сұққанымызда, қазақ кәсіпкерлері өндірген шай, сусындық, ұлттық тағамдар, кәмпиттерге көзіміз түсіп, жүрегіміз жылынды. Миллиардтың ішіндегі миллион болып есептелетін қаракөздеріміздің тынымсыз еңбегі бізді қуантты.
Одан кейін балалығым өткен Қаражон жайлауына сапар шектік. Аталған жайлау – көрікті келбетімен Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесіндегі туризм саласы ең жоғары деңгейде дамыған өңірдің бірі. Бұл күнде жазғы туризм ғана емес, қысқы қар шаңғы алаңын да іске қосыпты. Бұрын жалғыз атты жолаушы әрең жүретін тау қойнауына тақтайдай тегіс жолдар салынған екен. Хан жайлаудың төріндегі «Ежелгі Үйсін ордасына» бас сұғып, тарихымызға көз жібердік. Өткеннің көзіндей болып, сол орда қалған екен. Бұрын аппақ қарға оранып жататын қазақтың қайран даласы, бүгінде қалың қытайдың демалып, сайран құратын мекеніне айналыпты.
* * *
Қошеметтің ортасында жүріп байқамай қалыппыз, бізге берілген бір ай уақыт та сырғып өте шығыпты. Құжаттарымды реттеп, қайтуға қам жасадым. Көлікке отырып артыма қайырылып қарағанымда, қол бұлғап қоштасып тұрған қос бейнені көрдім. Әрине, олар менің асқар тауларым – әкем мен шешем ғой. Ал алдымда қазақтың Ұлы даласы күтіп тұрды…
Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ,
Тараз – Қорғас – Іле – Тараз