Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаһандық бейбіт бастамалар – еліміздің басты миссиясы

0 86

Еліміз тәуелсіздігін алған сәттен бастап-ақ өзін әлемдік аренаның белді мүшесі ретінде таныта білді. Бұл жолда өзінің саяси салмағын анық аңғарта алған жас мемлекет жаһандағы елдермен қарым-қатынас құрудағы пиғылы оң, ниеті түзу екенін білдіру үшін ә дегеннен Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесіне айналды. Осылайша осы жылдар ішінде Қазақстанның ұйыммен серіктестігі бейбітшілік, тұрақты даму және адам құқықтарын құрметтеу сияқты ортақ құндылықтарға негізделді.

Қазақстан БҰҰ миссиясына өзінің адалдығын дәйекті түрде көрсетіп, халықаралық қоғамдастыққа құнды серіктес ретінде беделге ие болды. Бұл тұрғыдан келгенде о бастан еліміз үшін басты басымдық – аймақтық және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Сол секілді ядролық қарусыздану және таратпауға ерекше екпін берілді.

Аталған бағытта батыл әрекеттер жасай алған Қазақстан тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын мемлекет екенін төрткүл дүниеге әйгілі етіп, көптеген дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу тәсілін ұсынып келеді. Осы жолда атқарылған жұмыстардың бір парасы жоғарыда атап өткен ядролық қарусыздандыруға бағытталды.

Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша көтерген, сондай-ақ іске асырған бастамалары аз емес. Соның ішіндегі бірегейі әрі елеулісі, еліміздің жаһандық имиджіне тікелей әсер еткен оқиғаның бірі – Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуы. Бұл бастама шартараптың түкпір-түкпірінде ядролық қарусыздануға қатысты маңызды шешім қабылдауға тікелей әсер етті.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның еншісіне өте мол ядролық арсенал мұраға қалды. Бұл «қырғи-қабақ соғыс» кезінде бәсекелескен АҚШ-ты бейжай қалдырған жоқ. Тіпті, халықаралық қоғамдастық та одақ тарағаннан кейін жаңадан тәуелсіздігін алған елдерге күдікке толы күмәнмен қараған-ды. Бірақ, Қазақстан ядролық арсеналынан түбегейлі бас тартты.

Қазақстан басшылығының Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуын халықаралық ұйымдар бұрын-соңды тарихта болмаған тың және батыл бастама деп мойындады. Еліміздің бұл қадамын шетелдік саясаткерлер жоғары бағалағанын БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқарған Пан Ги Мунның Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Сіз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы өте дұрыс әрі көреген шешім қабылдадыңыз, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру бастамасын ілгерілетуге ықпал еттіңіз», – деген сөзінен-ақ аңғаруға болады.

БҰҰ Бас хатшысы лауазымын атқарған Кофи Аннан да еліміздің бастамасын жоғары бағалады. «1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты», – деген еді ол.

Ядролық қарудан бас тарту – Қазақстанның ядролық қауіпсіздік жолындағы алғашқы қадамы болды. 2009 жылдың 2 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жария еткен болатын. Сол уақыттан бері бұл күнді бүкіл әлем елдері атап өтіп келе жатыр. Айта кетерлігі, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін белгілеу туралы ұсынысты қазақ елі жасаған еді. 29 тамызға таңдаудың түсуі де кездейсоқ емес. Өйткені, сонау 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан біржақты тәртіппен Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтатқан болатын.

2012 жылдың тамызында елордада «Ядролық сынақтарға тыйым салу, ядролық қарусыз әлем» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара барысында Қазақстан «АТОМ» халықаралық жобасын ұсынды. Бұл жобаның атауы «Abolish Testing. Our Mission», яғни «Сынақтарды жою – біздің мақсатымыз» дегенді білдіреді. Жоба аясында ядролық қаруға қарсы жер бетіндегі кез келген адам онлайн-петицияға қол қоя алады.

2014 жылдың наурызында Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммитте Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкін құру туралы шешім қабылданып, 2015 жылдың 27 тамызында елімізде төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімге қол қойылды. 2015 жылы 8 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясы қабылданды. Құжатқа 35 мемлекет тең автор болды.

Әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – татулық пен өзара келісім орнату. Бұл бағыттағы Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастамасы – 2003 жылдан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан өз астанасында бір үстелдің басында мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады.

Бұдан бөлек, Қазақстанның жаһандық ұйымдарға төрелік етуі де тәуелсіз елдің сыртқы саясаттағы беделіне байланысты деуге болады. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де кәрі құрлықтағы бірқатар мәселенің шешімін тауып берді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі Қазақстанның жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлетінін айғақтайды. Бұл саммит бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстанбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.

Сириядағы азаматтық соғыс жүздеген мың адамның өмірін жалмап, миллиондаған тұрғынды босқынға айналдырғаны туралы талай мәрте жазылып, биік-биік мінберлерде айтылды. Алайда елдегі шиеленіскен жағдайды саяси жолмен бейбіт шешуге ұмтылғандар санаулы. Осы орайда, Қазақстан Таяу Шығыстағы мемлекеттің тыныштығын сақтау мақсатында келіссөз алаңын ұсынғаны белгілі. Астана процесі ретінде танылған бұл жиынның тиімділігі бүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Сирия келіссөздерінің оңтайлы жүргізілуіне бейтарап Қазақстан алаңының тиімді болғанын кепілгер мемлекеттер – Түркия, Иран және Ресей елдері президенттерінің жылы лебіздерінен-ақ байқауға болады. Мәселен, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған Ресей президентімен кездескен сәтінде: «Астана келіссөздері Сириядағы қантөгісті азайтуға зор үлес қосты. Сириядағы дағдарысты саяси жолмен реттеуге негіз пайда болды. «Қазақстан жай ғана бас қосатын жер емес, ол – өте қолайлы алаң. Қазақстанның бейтарап позициясы, қандай да бір шиеленістерге ешқашан араласпауы беделді бітімгер екенін көрсетеді. Қазақстан басшысы барлық шиеленісуші және бітімге келісуші тараптарды келіссөз үстелінің басында ұстап қалу үшін белгілі бір жауапкершілікті өз мойнына алған кездер де болған. Сол үшін алғысымыз шексіз», – деп Астана процесіне лайықты бағасын бергені есімізде.

Қазақстанның ұсынысы бойынша «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта елордада өткен «EXPO-2017» көрмесі энергияның экологиялық таза және жаңартылатын көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының күш-жігерін біріктіруге күш салды. 2019 жылы қарашадағы Astana Club отырысы аясында Қазақстан тарапы ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын құруды ұсынды.

Егемен ел болған 34 жыл ішінде мұндай бейбітшіл бастамалар аз болған емес. Жыл санап жаңашыл жаһан құруға бет алған Қазақстан халықаралық жобалар мен форумдарға бастамашы болып, биік мінберлерде маңызды мәселелер көтеріп, еліміздің әлемдік аренадағы үні мен орнын айқындауға күш салуда. Осы бағытынан таймаған еліміз 2024 жылы да бірден 6 халықаралық ұйымға төрағалық етті. Одан бөлек, «орта держава» мәртебесін нықтады.

Өткен жылғы мамырда «Euronews»-ке берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта державаларды» белсенді әрекет етуге шақырып, дүние жүзіндегі шиеленіскен жағдайды реттеуге осы орта күштердің әлеуеті зор деген пікірін жеткізді. Президент халықаралық алаңдарда сөйлеген сөзінде Қазақстанның «орта держава» екенін жиі айтады.

2024 жылы Қазақстан Армения мен Әзірбайжан арасындағы бейбітшілік шарты бойынша келіссөздер жүргізу үшін Алматы алаңы ұсынды. Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыстың тарихы тереңде жатыр. 2024 жылы Қазақстан бұл қақтығысты бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу үшін нақты қадамдар жасады.

Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының – 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына орай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік» бастамасын қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Президент көпжақты ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, жаһандық қауіпсіздікке қатысты жаңа көзқарасын жеткізді. Соның ішінде Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдауды ұсынды.

Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары орталығын ашуды ұсынды. Бұл Қазақстанның жаһандық бастамаларда белсенді екенін көрсетеді.

Президент ШЫҰ елдеріндегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өз күшінде қалды. Президент инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажет екенін жеткізді.

Шілде айында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның бейбіт күш-жігерді қолдауға қатысты ұстанымын растады.

БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Қазақстан Франциямен бірлесіп жаһандық су проблемаларын шешуге бағытталған «One Water Summit» халықаралық форумын ұйымдастырды. Форумда Қасым-Жомарт Тоқаев мұздықтарды зерттеу және қорғау үшін жаһандық зерттеу орталықтарын біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.

Жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да Мемлекет басшысы еліміздің әлемдік аренадағы рөлі мен жаһандағы саяси ахуал жайында маңызды ойлар қозғаған еді.

Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отырғанын айтқан Президент, соған қарамастан Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейткенін жеткізді. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.

Әрине, әлемдегі қазіргі геосаяси жағдайда көршілес жатқан мемлекет ретінде Қазақстанның Ресеймен байланысы және оған деген көзқарасы көпті алаңдататыны белгілі. Әсіресе, әлем саясатының беделді мүшелерінің бірі ретінде Америка Құрама Штаттарының бұл бағытқа көз тігіп отырғаны анық. Бұл ретте қабылданған шешімдер қазақ-америка қатынасына тікелей әсер ететіні анық. Аталған тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысы АҚШ Қазақстанға маңызды стратегиялық серіктесі ретінде жақсы қарайтынын сеніммен айтты.

«Біз АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы болған әңгіме барысында жоғары деңгейде жұмыс бабындағы байланыста боламыз деп уағдаластық. Трамп және оның командасы халықаралық саясатқа жаңа көзқарастар орнықтырып, тың тәсілдер енгізумен айналысады. Мұның бәрі әлемдегі ахуалға ықпал етері анық.

Мен қазақ-америка қарым-қатынасын нығайтуға өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың ортасынан бері атсалысып келемін. Өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы отыз жылдан астам уақытта басымдықтарға, яғни сауда-экономика, инвестиция саласындағы ынтымақтастыққа, ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне қатысты ортақ ұстаным қалыптасты. Ақ үйдің жаңа басшылығымен бірлесе атқарылатын жұмысқа да осы мәселелер арқау болады.

Телефонмен сөйлескенде Дональд Трамп Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатуға қатысты біздің пікірімізді сұрады. Бұл – мен үшін тың тақырып емес. Өйткені 2024 жылы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың көптеген басшысы менен осы жөнінде сұраған болатын. Ерекше жағдай қалыптасып отыр: Ресей әскери тұрғыдан жеңілмейді, ал Украина Батыстағы одақтастарының көмегімен соғыста беріспей, тым болмағанда жеңіліп қалмаудан үміттеніп отыр. Сондықтан бұл мәселенің айрықша күрделі екенін, оның шешімі қақтығысып жатқан екі ел басшыларының ерік-жігеріне және әлемдік держава көшбасшысы ретінде Трамптың өзіне де байланысты екенін айттым. Қазақстан Украинада әскери іс-қимыл басталған сәттен-ақ бейбітшілік орнату үшін келіссөздер жүргізу қажеттігін айтып келе жатқанын атап өттім», – деген болатын.

Сонымен қатар Қ.Тоқаев біз еш жерде ара ағайын атануға өзіміз сұранып, ұмтылмайтынымызды қадап айтып, халықаралық аренада Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне қарай әрекет жасайтынын жеткізді. Десе де халықаралық мәселелердің шешілуіне жәрдемдесуге әрдайым дайын екенімізді айтқан Мемлекет басшысы халықаралық аренадағы күрделі ахуал біздің белгілі бір елдермен сауда және саяси қарым-қатынасымызға салқынын тигізетінін, сондықтан біз сыртқы үрдістердің жағымсыз ықпалын азайтуға тырысып, Қазақстан мүдделі мемлекеттердің бәрімен өзара тиімді прагматикалық байланыс орнатуды көздейтінін анық аңғартты.

Қазақстан Түркі елдері ынтымақтастығының аясы үздіксіз кеңейтуге де күш салып келеді. Мәселен, былтыр еліміз Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы ретінде бауырлас елдердің байланысын бекемдеуге едәуір үлес қосты. Түркі мемлекеттері ұйымының бастауында болған мемлекет ретінде ұйымға мүше елдерге көршілеріміз әрі маңызды геосаяси серіктестеріміз есебінде қарайтыны да белгілі.

«Біз төрағалық еткен кезде саяси және сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса мән бердік. Бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырдық, 80-нен астам іс-шара ұйымдастырып, нақты нәтижеге қол жеткіздік. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оқу орындары мен академиялық құрылымдардың, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің арасында тығыз байланыс орнады. 2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы халықтарымыздың достығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарады», – дейді Президент бұл жайында.

Еліміздің ерекше екпінінің арқасында соңғы 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс айтарлықтай артты. 2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асты. Елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты күшейтуді көзделіп отырғанын да айта кеткен жөн.

Бұдан бөлек, Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (Traditions), унификация (Unification), реформалар (Reforms), білім (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды. Еліміз түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса береді.

Қазақстан әлемдік экология мәселесіне де бейжай қараған емес. Мәселен, былтыр желтоқсан айының басында Сауд Арабиясында One Water Summit атты басқосу өтті. Қазақстан мен Франция төрағалық еткен осы алқалы жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, суға байланысты апаттарға төтеп беру мүмкіндігін арттыру қажеттігіне арнайы тоқталды. Онда Қ.Тоқаев халықаралық қауымдастық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін бірлесе әрекет етуі керек екенін, Қазақстан осы мәселеге басымдық беретінін мәлім етті.

Сонымен қатар Президент өз сөзінде Қазақстанның әлем елдерімен берік байланыс орнатуға, сыртқы саясатты сарабдал жүргізіп, бейбіт қарым-қатынас жасауға ниетті екенін үнемі айтып келеді.

«Қазақстан орналасқан жері, экономикалық әлеуеті және қазіргі геосаясат ахуалы тұрғысынан алғанда, әлемнің көптеген мемлекеті үшін стратегиялық маңызы бар ел саналады. Бізбен байырғы серіктестеріміз ғана емес, сонау Африка құрлығындағы мемлекеттер де достық қатынас құруға мүдделі. Батыста, жалпы жер жүзінде Қазақстанды орта держава деп атайды. Әрине, бұл мәртебенің салмағы да ауыр. Біз, ең алдымен, халықаралық аренадағы іс-әрекеттерімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның аса күрделі мәселелеріне келгенде, сындарлы ұстанымда болуымыз керек. Сондықтан Қазақстан – «барша адамзаттың ортақ үйі», еш баламасы жоқ әрі әмбебап құрылым саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымын қашанда жақтайды» – деді ол.

Қорыта айтқанда, еліміздің жаһандық деңгейдегі бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып, әлемдік аренадағы абыройын асқақтатты. Қазақстан төрткүл дүние мойындаған мемлекетке айналып, тәуелсіздік тұғыры берік, керегесі кең, болашағы жарқын ел атанды.

Назерке ШАЙЗАДАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
6В03212-«Конвергентті журналистика»
білім беру бағдарламасының
4-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.