Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жамбыл судағы» жарқын істер жан жадыратады

0 1  579

Су – өмір нәрі, тіршілік тірегі. Сусыз өмір жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс, – деген болатын. Сондықтан бұл салада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерен.

Бұл тұрғыда «Жамбыл су» кәсіпорнын ерекше атап өткеніміз абзал. Жарты миллионға жуық тұрғыны бар Тараз қаласындағы су және кәріз жүйесінің 80 пайызы «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің теңгерімінде. 1952 жылы құрылған кәсіпорын осы мерзімде талай даму мен дағдарысты кезеңдерді өткізді. Аға ұрпақ өкілдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары судың кестемен берілгенін, жоғарғы қабаттағы пәтерлерге жазда оны жеткізе алмай қиналғандарын әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Мекемеде кейінгі кезде қайта жарақтандыру жұмыстарының қолға алынуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына байланысты бұл қиындықтар артта қалды. Әсіресе, мекемеге Медет Беркімбаев тағайындалғалы кәсіпорын жаңа биіктерге құлаш ұрғаны жасырын емес. Мекеменің негізгі қызмет түрі –  жерасты суларын өндіру және қала тұрғындары мен кәсіпорындарын ауыз сумен қамтамасыз ету, сүзу алаңдарына ағынды кәріз суларын қабылдау және бұру.

– Қала тұрғындарының  80 пайызы су құбырлары және  53 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған.  Жер астынан су көтеру үшін 90 дана  су ұңғымалары жұмыс істеуде. Атап айтқанда «Жалпақ төбе» бас су жинағыш қуаттылығы- 64 мың  текше метр тәулігіне 21 дана  ұңғыма, «Құмшағал» алқабында қуаттылығы110 мың текше метрді құрайды. Сондай-ақ кәсіпорында 1585 өрт  сөндіру гидранты орналасқан.Қазіргі таңда мекемеде 588 адам жұмыс істейді. 2022 жылғы кәсіпорынның жалпы табыс көлемі 2 миллиард 392 миллион теңге, шығын көлемі 2 миллиард 391 миллион теңгеге жетті. Жыл қорытындысы бойынша қаржылық нәтиже 1 миллион 114 мың теңге пайдамен аяқтады. Бүгінгі күні айлық жалақыға қарыз жоқ. Мекеме жұмысшыларының еңбекақысын көбейту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, былтыр бастап жалақы 20 пайызға көтерілсе,  биыл тағы 17 пайызға артты. Осылайша, еңбекақы қоры 182 миллион теңгеге ұлғайып, 2 жылда орташа жалақы 132 863 теңгеден 187 177 теңгеге көтерілді. Сондай-ақ кәсіпорында жұмысшыларға арнайы киім (қыстық, жаздық), аяқ киім, жуынатын сабын, сүт және түскі ыстық тамақ  та беріледі, – дейді мекеме директоры Медет Жақсыбайұлы.

Бүгінгі күні мекемеге қарасты су желілерінің ұзындығы 660 шақырымды құрайды. Оның ішінде магистральдық су құбырлары 86, көшелік су жүйелері – 379 және ішкі су жүйелері – 195 шақырым. Алайда құбырлардың 71 пайызының тозығы жеткен.

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, кәсіпорынның ауыз су және кәріз суының сапасын бақылайтын заманауи зертханасы да бар. Мұнда айына 220 сынама (пробы) алынып, 1250 талдама жасалады.

– Кәсіпорында 69 көлік техникасы бар. Деген, бұлардың 30пайызы 25 жылдан астам жұмыс атқарғандықтан тозығы жеткен. Соңғы жаңарту 2018 жылы болған еді. 85 млн.теңгеге 10 жеңіл автотехника бюджеттен және ЕБРР есебінен 122 млн.теңгеге 2 арнайы техника алынған. Техника әлі де жеткіліксіз болғандықтан, бюджет есебінен арнайы техника сатып алуға өтінім жолданды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қолдауымен биыл мекемеге 7 жаңа техника сатып алынды. Сондай-ақ қоршаулар орнату, ұңғымаларды бұрғылау т.б. келелі жұмыстар тікелей Бақытжан Әмірбекұлының қолдауымен жүзеге асырылды. Жалпы қалалық әкімдік тарапынан кәсіпорынға кең қолдау көрсетілуде, – деді мекеме директоры.

2021 жылдан 2022 жылға жеке тұлға тұтынушылар саны 1498 абонентке,заңды тұлға тұтынушылар саны 116 абонентке өсіп, табыс  12 млн. теңгеге  артты. Сонымен қатар жылдық су беру көлемі 3,8 пайызға, кәріз көлемі  1 пайызға көбейген.  Бұған қоса 2021 жылы бақылаушының жалақысы 70 мың теңге болған. Бүгінгі күнге айлығы 123 мың теңгені құрап, айына 5мың теңге жол ақысы төленіп отыр екен. Қаржы түсімі жоспарын орындаған бақылаушыға 30 мың теңгеге дейін қосымша айлық  беріліп, 158 мың теңгеге дейін көтерілген.

Кәсіпорында жаңғырту жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде. Айталық, Еуропа қайта құру және даму банкінің қаражатынан Тараз қаласының сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жобасы бойынша 6 құрамнан тұратын жобалар әзірленген. Соған сәйкес, гео ақпараттық жүйе енгізу арқасында қаланың сумен жабдықтау және су бұру желілерінің мониторингі мен есебі құрылған. Сондай-ақ, екінші көтерімдегі сорғы станцияларының 8 сорғысын ауыстыру, жиілілік түрлендіргіштерді орнату, басқару шкафтары мен монометрлерді орнату нәтижесінде электр қуатын үнемдеу кәсіпорын бойынша  25 пайызға жетіп,  жылына 70 млн. теңге үнемделген. Сонымен қатар 65 ұңғыма сорғылары ауыстырылып, жиілілік түрлендіргіштер, басқару шкафтары мен монометрлер орнатылған. Бұдан бөлек, судың шығынын азайту және дистанциядан мәлімет алу үшін 551 нысанға коммерциялық су өлшеуіш құралдарын орнатылып, жұмыс цифрландырылды, уақыт үнемделді, шығын азайған.

«Жамбыл су» мекемесі Тараз қаласының тұрғындарын ауыз сумен Талас-Аса жер асты суларының кен-орнына  бұрғыланған ұңғымалармен қамтамасыз  етіп отыр. Ұңғымалардан тәулігіне 70-80мың текше метр су көтеріліп, құбырлармен қалаға жеткізіледі. Жер астынан су көтеріліп, сорап станциялары стратегиялық маңызды нысандар қатарына жатады. Сол себепті, қатаң қорғауды талап етеді. Осы нысандардың соңғы жылдары шешілмей келе жатқан күрделі мәселесі – қорғау қоршауларының терроризмге қарсы талаптарға сай келмеуі. Соған орай қала әкімінің шешімімен  ағымдағы жылы қазынадан тиісті қаржы бөлініп, «Бас су жинағыш» сорап станциясына толығымен талаптарға сай қоршаулар алынған.

Бүгінгі күні облыс орталығында өзекті болып отырған мәселенің бірі – кәріз тазарту жүйесінің жоқтығы. 1962 жылы салынған Тараздың сарқынды суларын сүзу алаңдары бүгінде қанағаттанарлықсыз жағдайда. Олардың жобалық қуатттылығы тәулігіне 43 мың текше метрді құрайды, дегенмен іс жүзінде күн сайын шамамен 70-80 мың текше метр сарқынды су келіп түсуде. Бұл мәселені шешу үшін жаңа тазарту қондырғыларын іске қосу жобасын әзірлеу қолға алынды.  Тараз қаласының әкімдігімен аталған жоба шеңберінде қаржыландыру, жобалау, құрылыс мәселелерін зерделеу үшін жұмыс тобы құрылған. Қазіргі уақытта «СЕСТ Consulting» компаниясымен келісім шарт жасалған. Сондай-ақ жұмыс тобы компанияның экологтарымен бірлесіп жақын маңдағы елді мекендерде зерделеулер өткізіп, тазарту нысанын салу мәселесі бойынша тұрғындар арасында сауалнамалар жүргізген. Сонымен қатар техникалық-экономикалық зерттеуді (ТЭЗ) және техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеу үшін Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі 340 мың еуро көлемінде гранттық қаражат бөлініпті.  Бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды, жыл соңына дейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу күтілуде. Осылайша, нысан құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Кәсіпорын тарапынан тұтынушылармен берік байланыс орнатылған. Мәселен, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында байланыс сандық технологиялар негізінде 109, ұялы телефон, Whatsaрp, telegram, Е-өтініш  жүйелері арқылы жүргізіледі. Айталық,  2022 жылы барлығы 7829 өтініш түсіп қаралған. Кері байланыс өз деңгейінде орнатылып, әрбір шағымға жауап қайтарылып және түскен шағымдардың орындалуы бақылауға алынған. 2021 жылы құбырлардағы ақаулар саны 5812 болса, 2022 жылы 5294 ақау тіркелді, яғни  518 ге кеміген. Бұған қоса 2022 жылы 5935 шағым түсіп, қаралып  орындалған. Шағым және ақауларды дереу жою үшін тәулік бойы кезекші бригадалар жұмыс істейді.

Бүгінгі күні кәсіпорында өзекті болып отырған мәселелердің бірі су және кәріз  құдықтарда орналасқан қақпақтардың сынуы мен ұрлануы. Теңгерімдегі құдықтардағы люктер саны 16 129 дананы құрайды. Ал өткен жылы сынған және ұрланған люктер 641 дана болған. Қақпақтардың ұрлану және сыну фактілерінің көбеюі салдарынан, кәсіпорын бетон қақпақтарды пайдалануға мәжбүр. Ал мұның 1 данасын жасау үшін 6280 теңгеге материал шығынын жұмсалады екен. Алайда, мұндай люктар уақытша болғандықтан, жергілікті тұрғындарға ыңғайсыздық  тудыратын көрінеді. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін кәсіпорын Еуропа елдеріндегідей кәріздердің арнайы тор орнатуды ұсынып отыр. Яғни, кәріздердің қақпақтары жоғалса да оның ішіндегі тор адамдарды құдыққа құлап кетуден сақтайды.

Кәсіпорында қызмет етіп жүрген әрбір жұмысшының еңбегі ерен. Олардың арасында осы салаға ширек ғасырдан астам ғұмырын арнаған азаматтар да аз емес. Тіпті бұл мекемеде  бір отбасының қос бірдей егіз ұлы да еңбек етеді. Олар Болат Дәуіт пен Қанат Дәуіт. Қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін тәмамдаған соң екеуі де су саласының дамуы жолында тер төгіп келеді. 2001 жылдан бері егіздер «Жамбыл су» мекемесінде слесарь болып жұмыс істеуде. Ең қызығы олардың әкесі Шаманберді осы кәсіпорынды талай жыл абыроймен басқарған азамат.

Бұл «Жамбыл су» мекемесіндегі жарқын істердің бір парасы ғана. Алдағы жұмыс бұдан да ауқымды, жоспар жұмыр. Ендеше, кәсіпорынның көкжиегі бұдан да кеңейе түсеріне сенім мол.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.