Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлем балуандары Әулиеатада бас қосты

0 2  461

Таразда Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен ересектер арасындағы халықаралық турнир өтті.

Байрақты бәсекенің ашылуына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ұйымдастырылған шараға қатысушыларды құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінде біз ел спортының қарқынды дамып келе жатқанын зор мақтанышпен айта аламыз. Өйткені Қазақстанның спорттағы жарқын жетістігі мен жеңісті жолдары төрткүл дүниеге белгілі. Көк туымызды көкке көтеріп, ел абыройын асқақтатқан спортшыларымыз байрақты бәсекелерде асқақ асулар мен биік белестерді бағындыруда.
Қазақ үшін асыл тұлғалардың бірі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы деп білемін, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтанов та өз лебізін білдірді.
Үш күнге созылған халықаралық турнирге Моңғолия, АҚШ, Грузия, Қытай Халық Республикасы, Словакия, Эквадор, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мемлекеттерінің балуандары қатысты. Бозкілем шеберлері 57, 61, 65, 70, 74, 79, 86, 92, 97 және 125 кг салмақ дәрежелерінде өзара мықтыны анықтады.
Тартысты турнир қорытындысы бойынша қазақстандық балуандар жеңіс тұғырынан үш рет көрінді. Атап айтқанда, Дәулет Ергеш (79 кг), Камиль Куруглиев (92 кг) және Омархан Надиров (125 кг) алтын медальға ие болды. Бұдан бөлек, ел қоржынына 8 күміс және 12 қола жүлде түсті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, олардың жаттықтырушыларына арнайы медальдар, дипломдар мен демеу- шілер есебінен қаржылай сертификаттар табысталды.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.