Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рәміздерге құрмет – баршаға міндет

0 354

Кеше Тараз қаласы әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың төрағалығымен өткен жиында әуелі қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаева шаһардағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, білім басқармасына қарасты мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы мен қолданылуына жасалған зерделеудің қорытындысы туралы баяндады.
Гүлназ Есенғалиқызының айтуынша, ағымдағы жылдың 25 қыркүйегі мен 25 қазаны аралығында 85 мемлекеттік мекемеге зерделеу жұмыстары жүргізілген екен.
– Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңына сәйкес, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ғимараттарында орналастырылуы қажеттігі айтылған. Сондай-ақ бекітілген мемлекеттік стандарттарда рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған және сынған қалпында қолдануға жол берілмейтіні көрсетілген. Алайда зерделеу барысында бірқатар мекемелерден бұл талаптардың сақталмағаны анықталды. Атап айтқанда, ғимарат сыртындағы Мемлекеттік Тулардың тозуы, ұштықтардың ескіруі сынды кемшіліктер белгілі болды. Мәселен, «Мейірім» арнайы мектеп-интернатында орналасқан Елтаңбадағы бейнеленген «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуына ауыстырылмаған. Сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы, тарихи-өлкетану музейі, Халық шығармашылығы орталығы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы ғимараттарының сыртында Мемлекеттік Ту орналастырылмаған. Сонымен қатар Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының сыртындағы және мәжіліс залындағы Мемлекеттік Ту кірлеген. Бұған қоса №2 қалалық емхана, жұқпалы аурулар ауруханасы ғимараттарының сыртында орналастырылған Мемлекеттік Ту тозса, дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейде арнайы оқшауланған орынға мемлекеттік рәміздер орнатылмаған. Мұның барлығы жауапты тұлғалардың өздеріне жүктелген міндеттерін тиісінше орындамауынан, басшы тарапынан бақылаудың жоқтығынан, Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын тиісті деңгейде сақтамау салдарынан орын алған мәселелер, – деген Гүлназ Есенғалиқызы комиссия мүшелеріне кеткен кемшіліктерді қайта қалпына келтіру үшін мекеме басшыларына үш күн уақыт беруді ұсынды.
Бұл ұсынысты қала әкімінің орынбасары Қайрат Әбілханұлы да қолдап, олқылықтардың орны үш күн ішінде толмаса, аталған мекеме басшыларының жауапкершілігі қаралатындығын ескертті.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.