Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халықпен байланыс нығая түседі

0 175

Облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі кеңес отырысында бірнеше мәселе қаралды.

Толғанай Атабай

Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова төрағалық етті. Онда өңірлік БАҚ басшылары мен өкілдері атқарылған жұмыс көлемін талқылап, халықпен ашық диалог құрудағы жетістіктер туралы айтты. Иә, бүгінде мемлекеттік мекемелердің ашық әрі қолжетімді болуы – басты талап. Түрлі бағдарламалар мен атқарылған жұмыстар ресми БАҚ-қа жарияланып, әр басшы әлеуметтік желіде бұқараның әр сауалына жауап беруге міндетті. Өңірлік БАҚ кеңесінде аталған мәселелер кеңінен қаузалды. Келелі кеңесте алдымен облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының есебі тыңдалды. Аталмыш сала бойынша биыл республикалық, облыстық, қалалық және аудандық басылымдарда 26 мақала жарияланса, аймақтық телеарналарда 12 материал жарыққа шыққан. Алайда халықтың әл-ауқатына қатысты бағдарламаларды үйлестіруші басқарманың бұқараны ақпараттандыру жұмыстары ақсап тұр екен. Кеткен кемшіліктерді жіпке тізе отырып, кеңес мүшелері де аталған мәселелерді қатаң бақылауға алу керектігін ескертті.
Сондай-ақ жиында Қордай аудандық әкімдігінің де насихат жұмыстары қаралды. Ауданның көзі һәм құлағы «Қордай шамшырағы» аудандық газеті отандық телеарналар емес, шетелдік телеарналардың бағдарламаларына бет арнап, мемлекеттік ақпараттық саясаттан гөрі жарнамаға басымдық берген. Ал ауданда атқарылған істер туралы ақпарат республикалық басылым беттерінде шықпаған.
Сонымен қатар БАҚ кеңесінде өзге де басқармалардың баяндамасы тыңдалды. Сегіз ай бұрын құрылған облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы бүгінде аймақтық арналармен арадағы байланыс тығыз екенін тілге тиек етті. Және қоғамдық көліктегі электронды билет тақырыбы да назардан тыс қалмады. Бүгінде бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алыныпты. Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова кеңес жұмысының кезекті отырысының өту форматын өзгерту керектігін, комиссия мүшелерінен де ұсыныстар күтетіндігін ескертті. Ал салғырттық пен немқұрайлылық танытқан мекемелер кемшілікті түзетеміз деп сендірді. Кеңес жиыны соңында БАҚ өкілдері де бірқатар мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.