Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлтаралық келісім ұйыстырар ел ішін

0 693

Бүгінгі геосаяси ахуалдың күрделі жағдайында конфессияаралық және ұлтаралық келісім жаһандық күн тәртібінен түспеуде. Ал Қазақстан бұл принципті елдегі қоғамның көпэтносты, көпконфессиялы қалыптасуы жағдайында жариялады.

Бәрімізге мәлім, 1992 жылы желтоқсанда ел тәуелсіздігінің мерейтойына арналған Қазақстан халқының бірінші форумы тарихи тұрғыдан Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалаған болатын. 1995 жылдың сәуірінде облыс орталығы Тараз қаласында Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Оның құрамына этникалық және мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, зиялы қауым өкілдері кірді. Сол жылы олардың саны 9-ға жетті. Грек, өзбек, түрік, шешен-ингуш, кәріс, ұйғыр, неміс, украин және орыс қауымдастықтары құрылған кезеңнен бастап әлеуметтік-экономикалық және этникалық-мәдени тұрғыдан өз жұмыстарын атқара бастады. Өңірдегі этностар мен этникалық топтар жылдан-жылға өз этномәдени бірлестіктерін құрып, өркендеп келеді. Облыста қырғыздардың «Манас ата», еврейлердің «Шиват Цион», әзірбайжандардың «Азери», қытайлардың, поляктардың этномәдени бірлестіктері және «Қазақстан корейлері Ассоциациясының» Тараз бөлімшесі құрылған еді. Сондай-ақ, 2005 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 10 жылдығына орай Тараз қаласында жаңартылған «Достық үйі» ашылды. «Достық үйінің» мақсаты – халық бірлігін, қоғамдық келісімді және ұлттық мемлекеттік бірегейлікті нығайту. Ал 2016 жылы Таразда «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында «Достық үйінің» жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен бірге «Достық үйі» ұлтаралық мәселелер бойынша әдістемелік және консультативтік орталық ретінде жұмыс істеуде. Сол кезеңдерде өткен әртүрлі тақырыптағы мәдени-қоғамдық іс-шаралардың негізі де ұлтаралық келісімді нығайту, ортақ Отанымыздың мерейін тасыту арқылы ел бірлігін насихаттады. Осы бағытта жыл сайын жоспарлы түрде облыс және Тараз қаласы бойынша көптеген іс-шаралара ұйымдастырылады.

Әр ұлттың жеке ерекшеліктері, сол ұлттың бірлігін тану, қабылдау мәдени құндылықтар жүйесін, тарихы мен тілін еркін дамыту арқылы жүзеге асады. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт өкілі бар болса, біздің өңірдің өзінде 80-нен аса түрлі этностар мен этникалық топ өкілдері мекен етеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміз бір шаңырақ астында мекендеген әр ұлттың достығын басты назарға алды. Осыған орай шаһарда этностар мен этникалық топтардың әлеуметтік, мәдени мәселелерін шешу мақсатында бірнеше этномәдени бірлестіктердің орталықтары жұмысын бастады. Этномәдени бірлестіктердің құрылып, дамуына негіз болған 1991 жылдың 27 маусымындағы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңының қабылдануы еді. Заң бойынша қоғамдық бірлестіктер, соның ішінде этномәдени орталықтардың құрылуы мен тәртібі реттелді. Сонымен Тараз қаласын мекендейтін этнос өкілдерінің қызметін үйлестіріп отыратын этномәдени бірлестіктер ұйым ретінде қызмет етсе, 1991 жылдан бастап олар заңды түрде өз жұмыстарын жалғастырды. Ресми санақ бойынша елімізде 820-ға жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 1995-2020 жылдары аралығында облыстағы этностар мен этникалық топтардың кестеде келтіргендей этномәдени бірлестіктерінің саны 75-ке жеткен болса, оның 25-і облыс орталығында орналасқан. Жалпы статистикалық мәліметке сүйенсек, Тараз қаласында 428 668 адам бар. Оның ішінде қазақтар – 304 994, орыстар – 50 546, дүнгендер – 1 954, түріктер – 4 840, өзбектер – 23 814, кәрістер – 7 816, күрділер – 2 828, әзірбайжандар – 2 399, татарлар – 5 900, қырғыздар – 4 807, немістер – 3 322, украиндар – 4 852, ұйғырлар – 1 285, шешендер – 652, гректер – 895, белорустар – 505, тәжіктер – 753 және тағы басқа этностар – 5 194 азаматты құрап отыр.
Бүгінде Тараз қаласы бірлік бен берекенің озық үлгісін көрсетіп келеді. Сөзімізге дәлел, 2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай көне шаһарда «Қазақ халқына мың алғыс!» ескерткіші ашылған болатын. Бұл стела – түрлі этностардың жүздеген мың отбасылары паналаған қазақ халқына ризашылықтың белгісі. Жаппай қуғын-сүргін, аштық, коллективизация сияқты сұмдықтарды бастан өткерген халқымыз өзге ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алып, соңғы нанына дейін бөліп беріп, құрмет көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да отарлауды еңсерген қазақ халқы өз жерлестерін тағдырдың тәлкегіне қалдырған жоқ.
Қазақстан халқы Ассамблеясының нақты міндеті құқықтық негізде жүйе- ленген. Айталық, оның мақсаты – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді әрі қоғамда этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайта түсу үшін қолайлы жағдай жасаумен бірге халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның іргелі құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау мен дамыту. Сондай-ақ экстремизм мен радикализмнің көріністеріне және адам мен оның құқықтарына, бостандықтарына қол сұғуға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесумен бірге демократиялық нормалар негізінде азаматтардың саяси және құқықтық мәдениетін қалыптастырады.
Бүгінге дейін Ассамблея өзіне жүктелген сенім мен міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді. Ұйымның белсенді мүшелерінің арасында патриоттық рухты істерімен дәлелдеп жүрген азаматтар да жетерлік. Түрлі ұлт өкілдері мемлекет ісіне, ғылымға, әдебиетке, білімге, өнерге, спортқа, бизнеске кеңінен атсалысып жүр. Ұлттық бауырластыққа тәрбиелеу, Ассамблеяның бірегей институционалдық құрылым ретінде ашылуы, мемлекеттік деңгейде өзге халықтардың дамуына жан-жақты жағдай жасау – әлемде теңдесі жоқ тәжірибе екенін атап өткен жөн. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күннен бастап орасан зор әлеуетті жинақтап, халық дипломатиясы институтының үлгісіне бейімделіп, дамудың ұзақ жолын жүріп өтті.
Жалпы Ассамблея Қазақстанның ұлтаралық қатынастар саласындағы саясатының табыстылығын бүкіл әлемге паш етуде. Қоғамда тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің ішкі саясаты бағытының негізгі іргетасына айналды. Ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қатынастардың ерекше дәстүрі қалыптасып, кеңінен насихатталып келеді. Бүкіл әлемде «қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісімнің үлгісі» туралы айтыла бастады. Оның негізі ретінде тағдырдың еркімен ортақ Отанымызға келген барлық этникалық диаспораларға қазақтардың толеранттық қатынасын атап өту орынды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп анық жазылған. Сондай-ақ ұлтаралық келісімге іріткі салатын кез келген әрекет заңға қайшы деп танылған. Сепаратистер, террористер мен ұлтшылдардың лаңкестік әрекеттеріне орталық билік тарапынан қатаң түрде тыйым салынған. Елде үйлестірілген тіл саясаты да жүргізілуде. Мемлекеттің терең ойластырылған кадрлық саясаты барысында биліктің жергілікті және орталық органдарында еліміздің түрлі ұлт өкілдері қызмет атқаруда. Бұл ретте ең әуелі адамның іскерлік қасиеттеріне назар аударылады.
Қазақстанның Ұлт бірлігі доктринасын қабылдауы халқымыздың бірігуі үшін маңызды рөл атқарды. Әлемде осы сияқты қоғам мен биліктің арасындағы келісім көрініс тапқан және ұлттың болашағын белгілейтін мемлекеттік деңгейдегі көптеген құжаттар бар. Тәуелсіз Қазақстан тарихында өте маңызды, күрделі мемлекеттік тұрғыдағы ұлтаралық мәселенің болашағын белгілейтін құжат қабылданды. Ел бірлігі доктринасында басты міндеті- міз – қолымызда тұрған ең бағалы құндылық – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап, еліміздегі азаматтық бейбітшілік, саяси тұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді болашақ ұрпаққа тапсыру.
Ұлт бірлігі доктринасы үш маңызды бөлімнен тұрады. «Бір ел – бір тағдыр» атты бірінші бөлімін-де «Ұлт бірлігін негіздейтін бірінші қағидат – әрбір азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отаны-ның – Қазақстан Республикасының ортақ екенін ұғыну. Біздің ұлттық бірлігіміз этникалық шығу тегіне қарамастан, әрбір адамның жоғары деңгейде Қазақстанмен және оның болашағымен етене бірігуіне негізделген», – деп жазылған болатын. Ал, «Тегі басқа – теңдігі бір» деп аталған екінші бөлімде ұлттық бірлігімізге негізделген басты қағидат – этностық, басқа да шыққан тегіне, діни ұстанымына, әлеуметтік жағдайына қарамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер беріледі деп көрсетілген. «Әрбір Қазақстан азаматы өзінің жеке артықшылығы мен шығу тегіне қарамай, қабілетіне қарай барлық мүмкіндігін жүзеге асырып, жетістіктерге жете алады» және «оған ешқандай кедергі болмай- ды», – деп белгіленді. Қазақстанның барша азаматына тең мүмкіндіктер мен лайықты өмір сүру жағдайын туғызуға ұмтылу сынды қағидаттар негізге алынды. «Ұлт рухының дамуы» атты үшінші бөлімінде «Рухани бастау – ұлтты біртұтастыққа біріктіретін күш. Халықтың рухы күшті болған сайын, оның мемлекеттілігінің де болашағы зор болмақ. Біздің ұлттық рухымызды көтеру үшін негізгі басымдықтар мыналар: дәстүр мен отансүйгіштік рухы, жаңару рухы, жарыс пен жеңіс рухы», – деп көрсетілді. Қазақстан Республикасы Ұлттық бірлік доктринасының қабылдануы тарихи маңызды шара болды. Аталған құжат этносаралық қатынастар саласында тиімді шарттарды қалыптастыруға бағытталған заңнамалық және өзге де нормативтік актілерді әзірлеуге негіз қалады.
Ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі – тіл саясаты. 1970-1980 жылдары қазақ тілінің республикамызда қолданыс аясы тарылып, мемлекеттік тіл ретінде беделі төмендеді. Әрбір облыс орталығында бір-бірден ғана қазақ тілінде оқытатын мектеп жұмыс істеді. Қазақ тілінде шығатын газеттер әсіресе, солтүстік, солтүстік-шығыс аймақтарда жабылды. Сонымен қатар 1989 жылы қыркүйекте «Қазақ КСР-інің тілдері туралы» заң қабылданды. «Қазақ тілі – республикада мемлекеттік тіл» деп атап көрсетілді. Орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретінде бекітілді. Сонымен қатар елімізде басқа диаспоралардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасалып, мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Ал қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы нақтылады. 1996 жылы «Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасы» қабылданып, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамытуға нақты міндеттер белгіленді. 1998 жылы ҚР Үкіметі «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» қаулы қабылдады. Осы жылы ҚР Үкіметінің жанында Мемлекеттік терминология комиссиясын құру туралы шешім бекітілді. Соның аясында 1999 жылы республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылды. 2011 жылы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мемлекеттің тікелей қолдауымен елімізде 88-ден аса ұлттық мектеп, 170 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, онда ұлттық тілдер оқытылады. Ұлттық жаңғырту мектептерінде ана тілін оқыту бойынша бөлімдер ашылды. Оларға үкіметтен және жергілікті бюджеттен қаржылық көмек көрсетіледі. Республикада 14 орыс, өзбек және ұйғыр, кәріс, неміс театрлары жұмыс істейді. Бүгінгі күні елімізде ақпараттық алаңда 15 ұлттық тілде этномәдени орталықтардың 35 газеті мен 26 сайты бар.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзді бойтұмар еткен Тараз қаласының тұрғыны, ұйғыр ұлтының өкілі Мухаббат Алиханованың қазақ тіліне деген құрметті ерекше.
– Ұйғырдың қызы болсам да, қазақтың елінде жерінде тұрғаннан кейін қазақ тілін оқымау білмеу, сөйлемеу ол ұят нәрсе деп ойлаймын. Қазақтың тілін үйренгісі келетін жастарға айтарым, қазақтың патриот жастарымен дос болыңдар дегім келеді, – дейді ол.
Сондай-ақ 2018 жылы мемлекеттің тапсырмасы бойынша тарихшы ғалымдар, географтар және ақпараттық технологиялар мамандары бірлесіп «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасын дайындады. Электронды картада ежелгі заманнан бастап қазіргі уақытқа дейінгі қазақ жерінде қоныстанған этникалық үдерістер тарихы көрсетіліп, елуден астам этностар туралы қысқаша деректер мен мағлұматтар берілді.
Этносаяси мәселелер мемлекеттік ұлттық саясаттың өзегіне айналды. Ол мемлекетті қалыптастырушы қазақ ұлтына этносаралық келісім мен ынтымақтастықты сақтауға, өзге этностар құқықтарының шектелмеуіне деген жауапкершілігін жүктейді. Қазақ халқымен еліміздегі барлық этникалық диаспоралар бейбітшілік пен келісім негізінде полимәдени қоғам болып құрылды. Халқымыз ынтымақ, бірлік пен діни тұрақтылықты қорғауға бар күш-жігерін салады. Қазақстандағы этносаралық қатынастар онда тұрып жатқан барлық халықтардың қоғамдық қызметінің әр түрлі салаларындағы сан түрлі өзара байланыстары мен қарым-қатынастарының тізбегі, біртұтас органикалық жүйе ретінде қызмет атқаратын тәжрибе көрсетіп отыр. Этносаралық келісім мәселесі бойынша Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасындағы бірегей мемлекет деп айтуға біздің құқығымыз бар. Бұлай деп айту – асыра айтқандық емес.
Осы тұста өзінің тарихында, жалпы мемлекеттік құрылымдық ғұмырында Қазақстан ерекше ел болып қалыптасқанын айта кеткеніміз абзал. Өзінің тағдыр-талайында, біртұтас бола білудің жауапкершілігін көрсеткен кезеңі ондағы ұлттар мен ұлыстардың үлкен жауапкершілігін көрсетсе керек. Біздің бақытымыз да сол, Қазақстан аз уақыттың ішінде әлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне қосылды.
Қорытындылай келгенде, этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық үлгісі аясында елімізде саяси тұрақтылық пен бейбітшілігін сақталу жолында көптеген жұмыстар атқарылуда. Осы арқылы елімізде алуан түрлі этникалық қауымдардың бейбіт қатар өмір сүру нысаны ретіндегі берік, жүздеген жылдардың сынағынан өткен өркениетті дәстүрлер үн қатысуы қалыптасты. Ассамблея қызметі Қазақстанның ұлтаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін мемлекет ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етуде. Келешекте де осы қызметінен, мүддесінен таймайтыны анық.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.