Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тірлігі төрге, өндірісі өрге озған өлке

0 316

Бүгінгідей алмағайып заманда экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы, дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, еңбек нарығын орнықтыру, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту, институттық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес сынды басымдықтар алдағы бағытымызды айқындап, бола-шағымызды біртұтастандыра түседі. Бұл орайда негізгі темірқазықтың беки түсуіне, тамырын тереңге тартуына ауыл шаруашылығымен аты шыққан, өндірісімен өркендеген, білімімен бәсекеге қабілетті, кәсіпкерлігімен кең өріс тапқан өңірлердің қосар үлесі айрықша.

Әсіресе, Әулиеатаның оңтүстік-батысында орналасқан Жамбыл ауданы бүгінде өндірісі өркендеген өңірлердің қатарынан саналады. Тоқсан бес жылдан астам тарихы бар ауданда талай тірлік тындырылуда. Мемлекет мүмкіндігін пайдаланып, өркен жаяр істерге бастамашы болған ауданның ахуалы бүгінде айтарлықтай жақсарған.
Қазіргі таңда аудандағы 17 ауылдық округтегі 42 елдімекенде 88196 адам тұрмыс кешуде. Тұрғындардың 40,3 мыңы немесе 45,8 пайызы экономикалық белсенділер қатарына жатады.
Өңірде барлығы 2902 агроқұрылым жұмыс істеуде. Оның 4-і – өндірістік кооператив, 35-і – ауыл шаруашылығы кооперативі, 2863-і – шаруа қожалық. Осының нәтижесінде биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 26,6 миллиард теңгеге жеткен.

Қамбалар астыққа толуда

Биыл 59 930 гектарға егу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде күздік бидай 4 580 гектарға, жаздық арпа 13 310 гектарға, майлы дақылдар 3 070 гектарға, қант қызылшасы 1 500 гектарға, картоп 600 гектарға, дәндік жүгері 1 900 гектарға, бақша 770 гектарға, көкөніс 9 000 гектарға, мал азығы 25 200 гектарға орналастырылды. Егістік алқаптарынан бүгінде 4 582 тонна бидай, 12 357 тонна жаздық арпа, 588 тонна майлы дақылдар, 13 225 тонна картоп, 68 272 тонна көкөніс, 21 649 тонна бақша және 308 934 тонна мал азығы жиналды.
Жыл өткен сайын өңірде егінсу мәселесі өзекті болып келеді. Бүгінде Тоғызтарау ауылының аумағындағы Аса өзенінің арнасына гидротехникалық имарат құрылысы жүргізілуде. Жобалық құны – 138,8 млн теңге. Бұдан бөлек, Аса өзенінің арнасына шлюз орнату үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Өңірде жалпы алаңы 42 400 шаршы метрді (сыйымдылығы 37 829 тонна) құрайтын 113 қойма бар. Сондай-ақ, биыл Ақбұлым ауылынан 1 қойма («Атабеков» ШҚ) бой көтерді. Бұған қоса 2024-2025 жылдары Шайқорық, Айшабибі, Жалпақтөбе, Бесағаш ауылдарында жеміс және көкөніс сақтайтын 4 қойма салу жоспарлануда. Оның жобалық қуаты 1 560 тонна болса, жобалық құны – 145,3 млн теңге
Ауданда кәсіпкерлікке де қолдау көп. Айталық, жыл басынан бері 532 жеке кәсіпкер 2,2 млрд теңге несие алса. Оның ішінде Бесағаш ауылдық округіндегі 279 аула 1 млрд, Өрнек ауылдық округіндегі 89 аула 366,3 млн, Қаракемер ауылдық округіндегі 166 аула 875 млн теңге қаржыға қол жеткізді.

Инвестиция игілігі

Ауданда 15 өнеркәсіп нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 1-і орта, 14-і шағын кәсіпкерлік. 2023 жылдың 8 айында өнеркәсіп саласында 20,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Атап айтсақ, «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС 3,4 млрд теңгеге (37 мың тонна) мұнай, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС 650,9 млн теңгеге (356,0 мың тонна) гипс өнімдерін өндірсе, «Суперфарм» ЖШС 813,1 млн теңгеге (16,3 млн дана) матадан жасалмайтын медициналық бұйымдар шығарды.
Өңірде инвестицияның да игілігі сезілуде. Мәселен, 2025 жылға дейін жалпы құны 64,7 млрд теңгені құрайтын 263 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 1166 жаңа жұмыс орны құрылады. Ауыл шаруашылығы бағытында 2,2 млрд теңгеге 58 жоба іске асырылып, 323 жұмыс орны ашылмақ. Оның 15 жобасы осы жылы іске асады. Ал, өнеркәсіп саласында жалпы құны 28,5 млрд теңге болатын 57 жоба іске асырылып, 526 жұмыс орны құрылады. Оның 21-і биыл жүзеге аспақ. Сондай-ақ, 2027 жылға дейін шартты құны 34,0 млрд теңге болатын 148 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 767 жұмыс орнын ашу көзделуде.

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуда да бірқатар жұмыс атқарылуда. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін өңірде 9 091 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп тұрғандары – 8 218. Мұнда барлыңы 7 915 адам еңбек етуде. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 32 жоба 513,3 млн теңгеге несие алып, 35 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 16 жоба пайыздық ставканы субсидиялау, 16 жоба банктік кредиттері бойынша кепілдік беру қарастырылған.

Құрылыс жұмыстары қарқынды

Жамбылда құрылыс жұмыстары да қарқын алуда. 2023 жылдың 8 айында 6,6 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 135,4 пайызды құрады. Бүгінде аудан көлемінде бюджет қаражаты есебінен барлығы 4,4 млрд теңгеге 36 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде облыс әкімдігі құрылыс басқармасының қаржыландыруымен 3 жоба 655,9 млн теңгеге және аудандық бюджеттің қаржыландыруымен 3,7 млрд теңгеге 33 жоба іске асырылуда.
Ағымдағы жылы 80 пәтерлі 4 үйдің (320 пәтер – 2,6 млрд) және қосымша 2 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін (120 пәтер – 2,1 млрд) бюджеттік өтінім тапсырылып, қаражат бөлу күтілуде. Осы 6 тұрғын үй пайдалануға берілген жағдайда кезектілік 33,5 пайызға төмендеп, 480 адам баспанамен қамтылады. Бұдан бөлек, биыл әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға «Асар» жобасымен 16 ауылдық округте 1 үйден тапсыру жоспарланған. Бүгінде 7 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек Аса ауылында 1 үйдің құрылысы аяқталды.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 4 маманға (20,7 млн) тұрғын үй алуға қаражат берілсе, спорт саласында 1 маман 5 млн 175 мың теңгеге тұрғын үй алуға бюджеттік кредит иеленді.
Ауданда жер телімін алуға 19 062 адам кезекте тұр. 2021 жылы 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісі, су, газ тартылып, кезектілікке сәйкес 1 053 азаматқа жер телімі берілсе, биыл Аса ауылында кезекте тұрған 811 адамға жер телімі үлестірілді.

Тіршілік нәрінен таршылық жоқ

Ауданда тіршілік нәрінен де таршылық жоқ. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, өңірдегі 42 елді мекеннің 35-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Осылайша тұрғындардың 86,3 пайызы таза ауыз суды тұтынып отыр.
– Жыл соңына дейін Бесағаш, Түрксіб, Кемел ауылдары да тіршілік нәрімен қамтылады. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін тұрғындардың таза ауызсумен қамтылу көрсеткіші 90,5 пайызға жетеді. Қазіргі таңда Ерназар, Жаңаөткел, Қызылшарық, Бектөбе ауылдарының ауызсу жүйесінің құрылысын бастауға республикалық бюджетке қаржыландыруға өтінім ұсынылды. Осы мақсатта аудандық бюджеттен әр ауылға 2 млн теңгеден бөлінді. Сондай-ақ, Жұма, Өрнек ауылдарының ауызсу жүйесі құрылысының құжаттары әзірленуде. Шартты құны – 1,5 млрд теңге. 2025 жылға дейін аталған жобалар іске асқан жағдайда таза ауызсумен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Сонымен қатар аудандағы 42 елді мекеннің 38-і табиғи газды пайдалануда. Ал Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат ауылдарын ауылішілік газбен қамту үшін құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға өтінім ұсынылды. Сондай-ақ, магистральды газ құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Шартты құны – 236,5 млн. Бұдан бөлек, Сеңгірбай ауылына магистральды газ құбырын және ауылішілік газ құбыры құрылыс жобасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Осы аталған 4 елдімекен табиғи газға қосылған жағдайда аудан тұрғындары көгілдір отынмен толық қамтылады, – дейді өңір басшысы.

Жамбылдың жолдары тақтайдай тегіс

Экономиканың күретамыры саналатын жолдар да аудан басшыларының айрықша назарында. Бүгінде өңір бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзынды- ғы – 321,6 шақырым. Оның 72 шақырымы – республикалық, 85,7 шақырымы – облыстық, 163,9 шақырымы – аудандық мәнге. Биыл ауданға тиесілі 9,2 шақырым жол жөнделді. Сондай-ақ, ауданға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде 427,9 шақырымды құрайтын 539 көше мен бұрылыстары бар. Биыл 30 елді мекеннің жалпы ұзындығы 74,2 шақырым болатын 93 ауылішілік көше жолы жаңаша кейіпке енуде. Тағы бір жағымды жаңалық, «Аса» стансасында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің құрылысы басталды. Осы мәселені шешу үшін аудан тұрғындар ҚР Премер-министрінің бірінші орынбасары Р.Склярдың қабылдауында да болған еді. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегеннен кейін ағымдағы жылы аудандық бюджеттен 160 млн теңге қаралған. Жобаның жалпы құны – 360 млн теңге. Келесі жылы қалған қаражатты бөлініп, жобаны толығымен тәмамдалады.
Қазіргі таңда электр желілері мен трансформаторлардың 50 пайызынан астамының тозығы жеткен. Биыл 9 елді мекеннің 24 көшесі мен бұрылыстары жарықтандырылуда. Сондай-ақ 10 елді мекеннің ауылішілік бағаналары мен желілері тартылып, трансформаторлары және жарықтандыру құрылғылары ауыстырылып жөнделеді.
Теміржол стансаларының аумағында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдарындағы үйлерді электрмен жабдықтауға 361,7 млн теңге қаржы қажет. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін ағымдағы жылдың екінші нақтылауында аудандық бюджеттен 6 млн теңге бөлінді. Негізі, қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылған. Бірақ республикалық бюджеттен қаржыландырылмай кері қайтарылды. Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде қаржыландыру көзделуде.
Аудандағы 42 елді мекендегі транс-форматорлардың жалпы саны – 355. Яғни, 103 трансформатор аудандық электр жүйесінің, 92-сі ТГЭС-тің, 129-ы аудандық әкімдіктің, 31-і жекеменшіктің теңгерімінде. Аудан бойынша бағаналар саны – 14 359. Оның 8710-ы – ағаш, 5 649-ы – бетон. Тозығы жеткен бағаналар – 5 144.
«Ауыл ел – бесігі» жобасы шеңберінде 2019-2022 жылдары 70 жоба іске асырылып, 183 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жобамен 5 тіректі, 12 спутниктік елді мекен қамтылды. Биыл енді 45 жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, 6 елді мекенде спорт кешенінің, 2 ауылда мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде және 6 елді мекеннің 37 ауылішілік көше жолдары жөнделуде.
Жайылымдық жерлерді пайдалану бойынша да ауданда бірқатар жұмыс атқарылуда. Өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым жер 177 020 гектарды құраса, елді мекендегі жайылым жер – 33 321 гектар. Ал, орман қоры жайылымы 64 564 гектар болса, ауылдық округтердегі қоғамдық пада үшін 18761 гектар жер берілді.
Жетіспейтін жайылым көлемі 87 100 гектарды құрайды. Бүгінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 37 300 гектар жайылым жетіспеушілігі анықталып отыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 5 878 гектар жер мемлекет меншігіне алынды. Оның 310 гектары – егістік, 7 гектары – шабындық, 5 561 гектары – жайылымдық жер учаскесі.

Жұмыссыздықпен жүйелі күрес

Жұмыссыздықпен де күрес жүйелі жүргізілуде. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша биылғы жылдың 8 айында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4 533 адам қатысты. Яғни, тұрақты жұмыспен 2 148, уақытша жұмыспен 1 675 азамат қамтылды. Кәсіптік оқытуға 710 адам жолдама алды. Сондай-ақ 2019-2022 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы Бесағаш, Өрнек, Қаракемер ауылдық округтерінде іске асып, жергілікті жұрт тұрақты жұмысқа орналасты. Атап айтсақ, Бесағаш ауылында – 285, Өрнек ауылында – 89, Қаракемер ауылында 164 азамат екі қолға бір күрек тапты.

Әлеуметтік салалардың әлеуеті кең

Білім саласы аудан үшін айрықша маңызға ие. Айталық, аудандағы 39 білім беру мекемесінің 26-сы типтік, 12-сі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. 29 орта, 9 бастауыш, 1 негізгі мектептегі 930 сынып комплектісіндегі 16 601 балаға 2 105 ұстаз білім беруде. Сонымен қатар мектепалды дайындық бойынша 68 сынып комплектісінде 1 052 бала білім алуда.
Биыл Шоқай ауылында 150 орындық мектеп пайдалануға берілді. 2024-2025 жылдары қолданыстағы тозығы жеткен 7 бастауыш мектептің орнынан жаңа типтік жобадағы орта білім беретін мектеп ғимаратын салу жоспарлануда. Келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шайқорық ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталмақ. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде 20 жоба іске асырылды. Ағымдағы жылы жоба аясында жоспардан тыс мектептерге тартылған демеушілер 20, 8 млн теңгеге 98 рет көмек көрсетті. Сонымен қатар танымал түлектермен, зиялы қауым өкілдерімен 57 рет кездесу өткізіліп, оған 10840 оқушы қатысты. Ал, «Мейірім» жобасы шеңберінде 134 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға 3 млн теңгеге көмек берілді.
Денсаулық сақтау саласында 35 мекеме бар. Оның 19-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Бүгінде Шайқорық ауылында 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның, Жаңаөткел ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункттің құрылысы жүргізілуде. Ал, Өрнек ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты күрделі жөндеуден өтуде.
2024-2027 жылдары 8 елді мекендегі ыңғайластырылған медициналық нысандардың орнына жаңа ғимарат соғу жоспарлануда.
Биыл қастерлі өңір 95 жылдығын атап өтіп жатыр. Мерейтой аясында түрлі мәдени ісшаралар бастау алып, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ұлттық ойындарға басымдық берілуде. Жалпы өңірде 1 аудандық, 4 ауылдық мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб бар. Биыл Гродеково ауылдық мәдениет үйі мен Ашыбұлақ ауылдық клубына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылқайнар ауылында 180 орындық, Ақбұлым ауылында 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайының құрылысына аудандық бюджеттен 172,2 млн теңге бөлініп, жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар аудандық орталық кітапхана ғимаратының құрылысын бастауға 10 млн теңге, жасөспірімдерге арналған демалыс орталығының құрылысын бастауға 10 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінді.
2027 жылы Түрксіб, Бесағаш, Сұлутөр, Ш.Ниязбеков ауылдарына клуб салу жоспарлануда.
Аудандағы кітап қоры 226,3 мың дананы құрайды. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі- сі – 152,3 мың дана.
«Ауыл ел – бесігі» жобасы шеңберінде 2023 жылы 5 спорт кешенінің құрылысына 976,7 млн теңге бөлініп, құрылысы аяқталуға жақын қалды (Айшабибі, Гродиково, Қаракемер, Өрнек). Сұлутөр ауылындағы спорт кешені жуырда пайдалануға берілсе, Бесағаш ауылындағы спорт кешенінің құрылысы басталды.
2024-2026 жылдары Тастөбе, Қызылқайнар, Ақбұлым ауылдарынан спорт кешендерінің, Ерназар, Бірлесу-Еңбек, Ащыбұлақ, Тоғызтарау ауылдарынан модульді спорт кешендерінің құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Жастарға барлық жағдай жасалуда

Бүгінде аудан тұрғындарының 32,3 пайызын жастар құрайды. Ауданда 37 NEET, 873 жұмыссыз жас тіркелген. 146 жас «Бастау бизнес» жобасымен оқытылды. 100 жас «Жасыл ел» жасақтары қатарына алынды. Волонтерлермен ағымды жыл- дың 8 айында 47 жұмыс атқарылды. Қамтылған еріктілер саны – 2080. Бүгінде «Жамбыл жастары» және «Ақжүрек» жастар клубы жұмыс атқаруда. 2025 жылға дейін тағы 2 волонтерлік клуб ашып, ерікті жастардың санын 10 152-ге жеткізу көзделуде. Ауданда 1 спорт кешені, 2 спорт мектебі, 17 үлкен футбол, 41 шағын футбол, 18 «Street workout», 25 балалар ойын алаңшасы бар. Осы жылы Қаратау, Қызылдихан, Түрксіб, Аса, Тоғызтарау ауылдарында шағын футбол алаңдары пайдалануға берілмек. Ш.Ниязбеков ауылындағы шағын футбол алаңын қоршау және ауласын абаттандыру жұмыстары аяқталды. 3 елді мекеннің шағын футбол алаңына жасанды төсем төселінді. Сондай-ақ 6 ауылда балалар ойын алаңшалары орнатылуда.
Қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында 27 елді мекеннің кіреберісіне және шығаберісіне 110 бейнебақылау камерасы орнатылған. 2023 жылы 8 елді мекенге 22 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қаракемер, Ерназар, Тастөбе, Қызылқайнар, Ш.Ниязбеков ауылдарына тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пунктін салу үшін құжаттары әзірленуде.
Ауданда атқарылған жұмыс ауқымды, алдағы жоспар жұмыр. Әрине, шешімін күткен мәселелер де баршылық. Дегенмен, жұртшылық көкейіндегі түйткілдердің түйіні тарқатылып келеді. Мәселен, бір ғана Бесағаш ауылында бас-аяғы 32 көшеге асфальт төселуде. Ауыз су құрылысы да толық аяқталуға жақын. Бұл өңірде халықтың талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын көрсетеді. Осылайша, аудан әлеуетін көтеру, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы ілкімді істер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.