Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасампаздыққа жетелеген құнды құжат

0 274

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Білім күні «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Құнды құжатта Мемлекет басшысы бүгінде алдыңғы бастамаларының басым көпшілігінің жүзеге асып жатқаны жайлы айта келе, халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларға кеңінен тоқталды.

Президент өз Жолдауында «Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті» деп айрықша атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын одан әрі қарай іске асыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керектігін тағы бір мәрте еске салып, «Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалармен ұштастыру қажет», – деді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазір әлемде геосаяси ахуалдың ушығып тұрғандығын атап өте келе «Жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды», – деп тұжырым жасады. Сондай-ақ әлемдегі осындай аса маңызды шақта еліміздің зор экономикалық серпіліс жасауға толық мүмкіндігі бар екендігін айрықша атап өтті. Ол үшін еліміз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуі керек. Президенттің сөзімен айтар болсақ, «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс»
Жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналатын қағидаттар – әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік болмақ. Құнды құжатта айтылғандай «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді».
Президент одан әрі экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі бағыттарына арнайы тоқталды. Мұндағы ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, сонымен қатар еліміздің экономикасын өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Осыны жете түсінген Мемлекет басшысы өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруді жүктеді.
Жолдауда еліміздің тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобалар да назарға алынды.
– Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Қорыта айтқанда, еліміз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы экономиканың жаңаша даму үлгісіне көшуі тиіс. Президент айтқандай, «мемлекет ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің барлық сатысы өз елімізде болуын қамтамасыз етуі керек».
Маңызды құжатта сонымен қатар отандық өнім өндірушілерді қорғау және сирек кездесетін металл кеніштерін игеру қажеттігіне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру, су ресурстары, көлік-логистика саласы мен энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне және экономиканың басқа да бірқатар өзекті әрі маңызды бағыттарына тоқталып, күн тәртібінде тұрған міндеттерге талдау жасалды.
Мемлекет басшысы еліміздің алдында тұрған экономикалық реформаның мақсаты мен міндеттеріне тоқтала келіп, өз Жолдауын: «Бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз», – деп қорытындылады.
Әрине, еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз. Себебі біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. «Барлығына бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз», – деген ел Президентінің ізгі мақсаты мен асқақ арманы орындалуы үшін баршамыз тізе қосып, баянды бастамалардың орындалуына күш салғанымыз жөн.

Режеп БАЯРИСОВ,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік
университеті, «философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.