Тәуелсіз атанғанымызға 30 жыл жуықтаса да, елімізде мемлекеттік тіл мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Мұны көшедегі жарымжан жарнамалардан-ақ аңғаруға болады.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен жиында шаһардағы көптеген сауда орындары, мейрамханалар мен дүкендердің сыртқы көрнекі ақпарат, яғни жарнамадағы мәтіндердің сауатты жазылуы талқыға салынды. Жиынды Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Тараз қаласы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырып, онда кәсіпкерлер мен әкімдікке қарасты басқарма мамандары өз ойларын ортаға салды.
Жыл басынан бастап Тараз қаласында орналасқан әлеуметтік-мәдени тұрмыстық және жеке меншік нысандардың сыртқы жарнамасының «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заң талаптарына сәйкес рәсімделуін бақылау және кәсіпкерлерге талаптарды түсіндіру мақсатында рейдтік жұмыстар қарқынды жүріп келеді. Аталмыш заңның 19, 21-баптарының сақталуы тіл мамандарының жіті назарында. Заң талаптары бойынша мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл ең бірінші кезекте, ал басқа тілдер қажет болған жағдайда қолданылады. Мамандардың айтуы бойынша бүгінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қаладағы сыртқы жарнамалардың қателері түзетіліп, өзге өңірлерге үлгі болатындай дәрежеге жеткен. Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нәбира Сүйманова бұл жұмыстар ең бірінші кезекте облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жіті қадағалауында екенін алға тартты.
– 2019 жылдың 16 қаңтар күні Жамбыл облысы әкімінің қатысуымен өткен кеңестің хаттамалық тапсырмасына сәйкес 2019 жылы Тараз қаласындағы мейрамхана, қонақ үй, сауда үйлері мен сән салондарының көрнекі ақпараттарындағы мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесін 100 пайызға жеткізу туралы тапсырма берілген. Басқарма мен әкімдіктің биылғы жылға бекіткен келісіміне сәйкес көрнекі ақпараттың пайдалануын бақылаудың өңірлердегі қамту дәрежесі 100 пайызға жетуі тиіс, – деді маман.
Жалпы жарнама жасау, тарату, оларды орналастыру мәселесі ҚР «Жарнама туралы» Заңымен реттеледі. Заңның негізгі мақсаты жөнсіз жарнамаға жол бермеу және оларға тыйым салу болып табылады. Ел аумағында жарнама мемлекеттік тілде және ресми тілде таратылатындықтан, жарнама мазмұнының бір тілден екінші тілге аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауы тиіс. Жиын барысында кәсіпкерлерге бұдан былай сыртқы жарнамадағы қателерге қатысты ескерту хат түрінде жолданатыны хабарланды. Жарнамадағы мәтінді бірнеше рет түзету қосымша қаражатты талап ететіндіктен, меншік иесі ең алдымен сала мамандарына тексертіп алуы қажет. Ал қателік жарнама агенттігінің салғырттығынан жасалса, мәселе кәсіпкермен өзара келісімге байланысты реттелуі тиіс.
Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева сыртқы көрнекі ақпаратты латын қарпінде жасағысы келетіндерге де өз ұсынысын айтты.
– Елімізде латын қарпінің қолданыс аясы кеңіп келеді. Алайда еліміз бұл әліппеге әлі басы бүтін ауысқан жоқ. Тіпті кейбір емле ережелері де тіл мамандарының қызу талқысына түсіп жатыр. Күнделікті өмірде қаланы аралап жүріп латын әліпбиінде жазылған қате мәтіндерге көзіміз түсетінін жасырмаймын. Егер нысанның сыртқы жарнамасын латын қарпінде бергілеріңіз келсе, мамандарға мәтінді тексертіп алғаныңыз жөн. Осылайша айыппұлдан айналып өтесіздер, – деді Бақыт Тілегенқызы.
Айта кететін жайт, мекеме тарапынан мәтіндердің сауатты жазылуына, орналасуына тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі» (Call center) қызметі іске қосылған.