Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сырқат жүрекпен сырласқан

0 246

Қайраткер ғалым, кардиология саласының білгір маманы, денсаулық сақтау жүйесінің бірегей ұйымдастырушысы, көрнекті кардиохирург Сейтхан Жошыбаев ағамыздың еселі еңбегі жайлы жылы сөздер, жақсы лебіздер азды-көпті әр дәрежеде жазылып та, айтылып та жүр.

Дәрігерлік білім, хирургиялық шеберлік тек оқу мен еңбекпен келетінін түсінген ол шаршамай-шалдықпай, ешбір қиындыққа қарамай ту сонау Мәскеу, Киев, Каунас қалаларындағы белгілі кардиохирургиялық орталықтарда болып, атақтарынан ат үркетіндей академиктер В.И.Бураковский, Г.И.Цукерман, Ю.С.Петросян сияқты әлемдік деңгейдегі белгілі кардиохирургтерден көп нәрсені үйреніп, санасына тоқып, жүрекке операция жасайтын жауапкершілігі батпандай мол кардиохирург ретінде ысылды. Білмегенін білді, жұдырықтай жүрекке операция жасаудың «құпиясын» тапжылмай жүріп табандылықпен меңгерді. Білімі мен ісі, оташылық қол шеберлігі сәйкес келген маманды қырғыз ағайындар құрметтеп, сый-абыройға кенелтті. Ол мамандықты меңгере жүріп, ғылыми ізденіспен де айналысты. Орта Азия мемлекеттерінің дәрігерлері арасында алғашқылардың бірі болып кардиохирургиядан докторлық диссертация қорғап, профессор, Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген дәрігер лауазымына ие болды.
Бірақ алынған мерей мен қонған «таққа» тоқмейілсіп, атақ-даңққа даңдайсып жүре беретін жан Сейтхан емес еді. Тер төге беріле еңбек ету оның өмірлік қағидасына айналды. Қайда жүрсе де қазақ елінің көгергенін, ел-жұртының амандығын ұмытпаған ол «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары Бішкекті Алматыға алмастырып, елге келген. Шеберлігін сарп ете А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында еңбек етті. Білімді кардиохирургтің абырой-даңқы жылдап емес, айлап өсе берді, ел аузынан Секеңнің нағыз білікті, қолы жеңіл кардиохирург екені жиі естіле бастады. Бірақ, өкінішке орай, бәзбір іші тар жандар оның аяғына тұсау, қолына қолбайлау болып, көз алартушылар, жоғары жаққа жамандаушылар пайда болды. Жағдайдың ұшқындап, тым қиындап бара жатқанын сезген Сейтхан аға сегіз жыл өткізіп, өзіне таныс Бішкекке қайта тартқан. Қырғыздар да кең халық «Оу, байке, қызымызды бергенде, қызметімізді бермейміз бе?» деп Сейтханға тағы да төрін ұсынады. Көп уақыт өтпей мұнда Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-зерттеу институты ашылып, оның алғашқы директоры болып профессор С.Жошыбаев тағайындалды. Мұнда да ол сый-абыройдан кенде болмады. Жүрегінде ақауы бар сандаған сырқат жандар білгір маман, шипалы саусақты Сейтханды алыс-жақыннан ат терлетіп іздеп келіп, оған сенім артып, оның қолына тек қана денсаулығы ғана емес, тіпті өмірін тапсыратын. Сейтхан болса, олардың сенімін ақтауға ешқашан білімін, күш-қуатын, уақытын, өз денсаулығын аяған емес. Жүрек пен қолқа тамырларына атқарылатын 4-5 сағаттық күрделі операциядан кейін тыныс таппай есік алдында күтіп тұратын сандаған сырқат жандарға кеңес беріп, операциядан кейінгі аурулардың хал-жағдайын біліп, оларға қажетті ем-дом тағайындап, ауру наркоздан оянғанша қасынан бір қадам кетпейтін. Кейде ауыр аурулар түссе, күрделі операциядан кейін көмегі қажет болған жағдайда үйіне қайтпай, клиникада қонып қалатын кездері аз болмады. Сенбі, жексенбі күндерді де клиникада өткізетін. Оның бұл кәсіптік әдетіне жұбайы, дәрігер-инфекционист Салқын Сансықызы мен отбасындағы балалары да әбден үйреніп көнген.
Міне, жүрекке сызат түсірмей емдейтін осы алтын қолды оташы-дәрігер 2007 жылдың жазында еліне, туған топырағына жыл құсындай қайта оралды. Әлбетте, қайын жұрты – қырғыздар сыйдырмағандықтан емес, елге деген сағыныш пен махаббаттан тұратын сезімнің алпыс екі тамырында шамадан тыс бүлк-бүлк етіп, «туған халқыма қолымнан келгенше қызмет етсем, көмегімді қаракөздеріме берсем» деп соғуынан… Елу жылдан астам саналы ғұмырын өзге елде өткізген ғалым өз Отанына оралып, қалған өмірін тәуелсіз мемлекетіне, қара орман халқына, туып-өскен жеріне, туған еліне арнауды мақсат етті. Содан, «елге оралсам, халқыма қызмет етсем» деген түпкі ойын қағазға түсіріп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа хат жолдады. Президент көрнекті ғалым-кардиохирургтің бұл ұсыныс-тілегін қабыл алып, оның туған еліне, өскен жеріне, көне Тараз қаласына орналасуына жағдай жасады. Сөйтіп, ол 2008 жылдың басынан Әулиеата жерінде бұрын-соңды болмаған алғашқы кардиохирургиялық орталық ұйымдастырып, өз шәкірттерімен бірге жүрекке ота жасау жұмысын шұғыл бастап кетті.
Сол жылы мемлекетімізде «Қазақстанда кардиология және кардиохирургияны дамыту» қаулысы қабылданып, оны іске асыру бағытында іс-шаралар қызу жүріп жатқан еді. Ол үшін 2007-2009 жылдарға бағдарлама да жасалып, 25,5 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Әр облыс орталықтарында кардиология және кардиохирургия орталықтары ашылу жоспарланып, шетелдік клиникаларда 200-ге жуық маман даярлану керек-ті. Міне, сол істі республика бойынша басқарып, өмірге енгізу, кадрларды дайындау Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен Таразда кардиохирургиялық орталық ашқан профессор С.Жошыбаевқа тапсырылды. Сейтхан ағамыз күн демей, түн демей шапқылап жүріп, сол 2007 жылдың өзінде 6 облыс орталығында кардиохирургиялық бөлімшелер, орталықтар ашылуына мұрындық болды. Ондаған жас маманды тәрбиелеп, жүрекке ота жасау тәсілдерін үйретіп, еңбекке баулыды. Айтуға оңай, әйтпесе ол бір күнде, бір жұмада орындала салатын жеңіл жұмыс емес. Денсаулығын, тіпті өмірін саған сеніп тапсырған адам алдындағы жауапкершілікті сезіну қиынның қиыны. Ол үшін терең білім, табандылық, қажырлық, қайсарлық, күш-қуат керек.
Осыдан біраз жыл бұрын Тараздағы Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының қызметімен танысқан Алматыдағы тамақтану ғылыми-зерттеу институтының президенті, академик Төрегелді Шармановтың: «Қызмет бабымен талай шет елдерде болып жүрміз. Медицина орталықтары тек ірі қалаларда, ел астаналарында даму керек деген пікірге өз басым қосылмаймын. Мысалы, АҚШ-тың бас қаласы Нью-Йорк болғанымен, әкімшілік орталығы Вашингтонда, медициналық орталықтар Хьюстон қаласында жақсы дамыған. Сондықтан Таразда келешекте зор кардиохирургиялық орталық ұйымдастырылып, еліміздің халқына жоғары деңгейде қызмет етуі өте мүмкін. Тағы бір айтарым, медицина саласының тағдыры жеке тұлғаға байланысты көркейіп, көктейді. Қанша жерден орталық ашылып, ол қанша жерден жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталғанымен, соны меңгеріп алып кететін әлемге әйгілі тұлғаны табу қиын. Сондықтан Сейтхандай білікті маманды қазақ пен қырғызда әзірге ешкім алмастыра алмайды», – деген сөзі және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Балалар хирургиясы» кафедрасының меңгерушісі, академик Камал Саруарұлы Ормантаевтың: «Ең қиын операция ми мен жүрекке жасалады. Бір жолы Сейтханның жүрекке жасаған операциясына қатысып, оны мидан да күрделі ме деп қалдым. Сөйтіп, Секеңнің шеберлігіне тәнті болдым. Мен талай елдерді аралап, белді медицина орталықтарында болдым. АҚШ-тың кардиохирургиялық орталықтары керемет дамыған. Біздің еліміз де сол алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан көрінуге талпынып жатыр. Құдай қаласа, біздің еліміздегі Тараз қаласы сондай белді кардиохирургиялық орталыққа айналарына сенімім мол. Оған Сейтхан Жошыбаевтың білімі де, күш-қайраты да, қабілеті де жетеді. Тек оның аяғынан шалатындар кедергі жасамаса болғаны…», – дегені есімізде.
Иә, «Жақсы сөз – жарым ырыс». Дуалы ауызды азаматтарымыздың айтқанындай, бүгіндері Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы жағымды істерімен бүкіл республикамызға танымал, беделді ғылыми-практикалық орталыққа айналды. Бірте-бірте қызметкерлер қатары Астана, Мәскеу, Алматы, Бішкек, Новосібір, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалаларындағы жоғары оқу орындарын бітірген маман-дәрігерлермен толығып, жалпы саны 55-ке жетті. Қаланың шет жағында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы шипажайдың бір қанатын жалға алып, аз ғана уақыттың ішінде толассыз еңбектің нәтижесінде орталықты аяғына тік тұрғызды. Жаңадан ашылған жеке меншік мекеме болған соң, оның мүмкіндіктері де шектеулі болды. Әрине, ең басты қолбайлау болған мәселе қаржы екені белгілі. Өйткені басқа емес, жалпы жұрт қарапайым ғана «қозғалтқыш» деп атап кеткен адамның ең негізгі органы – жүрекке ота жасау өте қымбатқа түсетін емдік шара еді. Сондықтан орталыққа осы заманғы технологияның соңғы жетістіктеріне сай жасалған шетелдік құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер сатып алу, ағымдағы шаруашылық жұмыстары, қырғыздың өзі жиі айтатын халық мақалындағы «Ескі дос естен кетпес, жаңа дос барыққа (қазақшасы – қадіріңе) жетпес» дегендей, жора-жолдастардың, тамыр-таныстардың, жеке байланыстардың көмегінсіз еш мүмкін болмады. Сөйтіп, алғашқы 2008 жылдың нәтижесі жаман болған жоқ. Жалғыз ғана ота жасайтын үстел мен үш орындық жансақтау бөлмесінің өзінде күніне (сенбі күндерді қоса есептегенде) екі-үш сырқаттың жүрегіне ашық ота жасап, 152 науқас адамды аман алып қалды. Бұл бастапқыда үлкен жетістік болатын. Ота жасағандардың үштен біріне (50 адамға) мемлекет тарапынан бөлінген квота бойынша тегін ота жасалды. Екінші, 2009 жылы 304 науқасқа (оның 200-і квотамен), ал 2010 жылы 402 адамға ота жасалып, мұндағы квота саны 300-ден аса түсті. Кейіннен Астана, Алматыдан соң, еліміздің әр облысынан өңірлік кардиохирургиялық орталықтар ашылуына байланысты 2011 жылы 349, 2012 жылы 330 квота бөлініп, соған сәйкес сырқат жандарға көмек берілді. Ал 2013 жылы 260 адамға (оның 20-сы ақылы түрде) ота жасалынды. 2017 жылы 400-ден аса науқасқа әртүрлі ота өткізіліпті. Он жыл ішінде жүрек пен ірі қан тамырларына 3000-нан астам хирургиялық ота жасалыпты.
Орталық бүгіндері талапқа сай жаңа әсем ғимаратқа орналасқан, науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда еңбек ететін дәрігерлердің ғылыми әлеуеті де жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі уақытта онда 60-тан астам медициналық қызметкер еңбек етсе, оның 20-дан астамы кардиохирург-дәрігерлер, олардың ішінде 2 ғылым докторы, профессорлар, 2 медицина ғылымдарының кандидаты, 1 PhD докторы, 4 резидент, 4 докторант және 6 магистрант бар. Орталықтағы медицина ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Төлебеков, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары білікті кардиохирург Жәлил Шейшенов, магистр, анестезиолог-реаниматолог Дәурен Нарбаев, білікті дәрігер Ербол Өстеміров, ангиолог Вадим Сейсенбаев, ультрадыбыстық зерттеу мамандары, дәрігерлер Әлия Әзімжанова, Рахат Айдарова сынды мамандар – елдің ерекше ілтипаты мен сый-құрметіне бөленіп, жұрттың алғысын алып жүрген жандар. Олар Түркия, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Чехия, Польша, Германия, Латвия, Украина секілді елдердің алдыңғы қатарлы емдеу клиникаларында тағылымдамадан өтіп, біліктілігі мен шеберлігін шыңдап келеді.
Соңғы жылдары ғылыми-клиникалық орталық Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеттері мен Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ғылыми әрі оқу базасы ретінде аталған білім ордаларымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп отыр. Мұнда жас дәрігерлерді тәжірибелік оқытумен бірге, жүрек ауруларының сан алуан өзекті мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді. Алматы мен Астананы айтпағанда, орталықтың дәрігерлері Испания, Франция, Бельгия, Түркия сынды мемлекеттердегі өткізілген шеберлік сыныптарына, симпозиум-конгрестерге, конференцияларға, семинар-кеңестерге қатысып жүр. Қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған орталық жүрек ауруларының диагностикасы (оның ішінде жүктілік кезеңіндегі шарананың өсіп-жетілуін бақылау), сырқаттың даму деңгейін айқындау, ем қолданудың бағыт-бағдарын анықтау, хирургиялық ем қолдану, жүректің туа біткен ақаулары, жүре пайда болған жүрек ақаулары, жүректің коронарлық ақаулары, кіші инвазивті шаралар (жүрекке косметикалық ықпал ету), соңғы үлгідегі мультиспиральды компьютерлік томографпен қан айналымы жүйесінің ауруларын скринингті (профилактикалық) тексеру секілді медициналық қызметтің тағы басқа түрлерін көрсете алады. Ендігі жерде орталық ұжымы бүгінгі заманғы ақпараттық технология жетістіктерінің мүмкіндіктерін, телемедициналық тәжірибелерді пайдалана отырып, онлайн конференциялар, дәрігерлік кеңестер, медициналық жетекші жоғары оқу орындарының резиденттері мен интернатура тәлімгерлеріне арақашықтықтан (дистанциялық) оқытуды, ірі кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтармен тікелей шығармашылық байланыс орнатуды, сондай-ақ халықаралық университеттермен жасалған келісімшарттар негізінде анестезиология, реаниматология, жасуша салу бойынша ағылшын, түрік тілдерін жетік білетін жас дәрігерлерді туысқан түрік елдерінде алты айлық, балалар жүрек хирургиясы бойынша Израильде бір жылдық тегін тағылымдамадан өткізуді, органдарды алмастыруды, ғылыммен айналысатын білікті мамандар даярлауды жоспарлап отыр.
Әйгілі кардиохирург, профессор Сейтхан Жошыбаев ағамыз басқарып отырған орталық 2010 жылы медициналық көмек көрсетудегі жоғары жетістіктері мен жақсы нәтижелерге жеткені үшін Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын алса, 2011 жылы «ХХІ ғасыр лидері» халықаралық имидждік бағдарламасы бойынша жоғары сапалық көрсеткіштер мен жетістіктерге қол жеткізгені үшін «Еуропалық сапа» алтын белгісіне ие болды. Ал 2009 жылдың қорытындысы бойынша Елбасымыздың өзі еліміздің жоғары марапаты «Парасат» орденін С.Жошыбаевтың омырауына тақты. 2011 жылы Дүниежүзі кардиологтар қоғамының «Алтын жүрек», 2013 жылы Францияның медициналық «Sein» атты алтын медальдерімен, «Алтын скальпель» сыйлығымен марапатталды. Бұған қоса, өткен жылы профессор С.Жошыбаев басқаратын орталық Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь мемлекеттері Ұлттық бизнес-рейтинг одағы тарапынан Қазақстан аумағындағы шағын кәсіпорындар арасында «Міндеттер мен талаптардың көрсеткіштері» номинациясы бойынша «Сала көшбасшысы – 2013» құрметті атағына ие болып, мекеме жетекшісі ретінде Сейтхан ағамыз медицина саласына инновациялар енгізуге қосқан мол үлесі мен осы саладағы көп жылдық жоғары сапалы еңбегі үшін аталған елдердің арнайы шығарылған «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» төсбелгісін омырауына қадады. 2016 жылы Еуропа бизнес ассамблеясының «Үздік медицина қызметі» сертификатына ие болды. Клиника басшысы «Барыс» орденімен марапатталды.
– Бұл наградалар мен марапаттар – жоғары атақтар жалғыз менің ғана еңбегім емес, мына біздің кардиохирургиялық орталықта қызмет ететін, күнделікті тірлікке аса жауапкершілікпен қарайтын әріптестерім мен қызметкерлерімнің еңбек үлесі. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам әскер емес» деген сөз орынды айтылған. Еңбегіміздің бағаланып жатқанына шүкіршілік етеміз. Басты мақсатымыз – алдымызға медициналық көмекке зәру болып келген жандарға қол ұшымызды беріп, ауруын дәл анықтап, қажетті хирургиялық оталар жасап, дертінен сауықтырып, аяқтарына тұрғызып жіберу. Ол мақсаттарымыз орындалып, ем-шара іздеп келген науқастардың көңілдері жадырап, риза болып жатса, одан артық дүние жоқ. Сол үшін біз алдағы уақытта қол жеткізген табыстарымыз, енгізген жаңалықтарымызбен шегеріліп қалмай, заман талабына сай жаңа технологияларды енгізе береміз. Таяу жылдары ағзаларды алмастыру оталарын жасауды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл – өмір талабы. Сол ойымыздан шығу үшін мамандарымызды шетелдік клиникаларда барынша даярлап жатырмыз. Жас дәрігерлердің талпыныстары, талаптары жаман емес, құлшынып-ақ тұр. Құдай қаласа, трансплантология да біздің клиникада игеріле бастады. Өткен жылы бірнеше науқасқа бүйрек алмастыру отасын сәтті жасап шықтық. Болашақта жүрек, бауыр трансплантологиясын меңгеруді мақсат етіп отырмыз. Мен мамандығын үзбей жетілдіріп жүретін, алға талпынған ынталы, білімді жастарға сенемін, – дейді профессор Сейтхан Жошыбаев.
Несі бар, уақыт келе еліміздегі беделді кардиохирург, қажырлы қайраткер, іздемпаз ғалым, академик С.Жошыбаев басқарып отырған Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы жақсы, жағымды жетістіктермен еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми-медициналық орталықтармен терезесі тең келіп жатса несі артық?! Лайым солай болғай!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
м.ғ.д., профессор,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.