Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мың бояулы Әулиеата

0 283

Таразда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Әулиеата бояулары» халық шығармашылығы фестивалі мәресіне жетті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Даналар дүние жаратылған сәтте адамзатқа қос бірдей қалам берілгенін айтып, небір аңыздарды әмбеге жария еткен. Оның бірі қауырсын қалам болса, бірі кәдімгі қылқалам. Осы бір киелі өнердің киесі қонған қылқалам шеберлері тарихи шаһарда бас қосты. Жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығы дәнекер болып, шаһардағы «Жеңіс» саябағы мың түрлі бояуға бөленді.

Әу баста алыс-жақын аудандардағы өнерпаздар арасында жүргізілген сайыс кейінірек республикалық ауқымға ұлғайып, Таразға еліміздің түкпір-түкпірінен келген суретшілер ағылды. 8-26 сәуір аралығында аудандағы бейнелеу өнерінің шеберлері іріктелсе, 1-7 маусым аралығында алыстан келген суретшілер саймандарын тас түйініп, өңірдің киелі жерлері мен қасиетті орындарын қағаз бетіне кестеледі. Саябақта көпшілік назарына ұсынылған көрмеде 400-ге жуық қылқалам шеберінің жұмыстары, 100-ге тарта қас қағым сәттің хас шеберлері саналатын фотографтардың еңбектері қойылды. Айта кететін жайт, фотокөрмеде Жамбыл облысының кешегісі мен бүгіні салыстырылып түсірілген туындылар көптің қызығушылығын тудырды. Бұл еңбектердің қатарында әріптесіміз, белгілі фотограф Юрий Кимнің де фотосуреттері ілінгенін мақтана жеткіземіз. Суретшілер мұндай мазмұнда ұйымдастырылған алғашқы фестивальге көбіне графика, пейзаж, кескіндеме жанрларындағы туындыларды ұсынған. Ал қылқалам шеберлерінің плэнерге қойған еңбектерінен көпшілік Тараз шаһарының ең көрнекті де көрікті орындарын көріп тамашалады. Өз жұмыстарында өзіндік стильдерін барынша ашып көрсетуге тырысқан қылқалам шеберлері сурет салу барысында көбіне қаланың бай да бағзы тарихынан шабыт алғандарын айтады. Солардың бірі астаналық Әділғали Баяндин: «Мұндай фестивальдердің суретшілер үшін маңызы зор. Ең алдымен біздер тәжірибе алмасамыз. Бұл – менің тарихымыздың темірқазығы саналатын Таразға жасаған алғашқы сапарым. Сапар барысында осындай мазмұнды шараның бел ортасынан табылғаныма өте қуаныштымын. Шара аясында бізге арнайы бекітілген мамандар Тараздың археологиялық қазба жұмыстарын көрсетті, тарихи орындармен таныстық. Менің суреттеріме Әулиебұлақ бастауы мен қаланың орталық көшелері арқау болды. Бүгінгі шараның туризм саласының дамуына үлкен үлесі бар екенін аңғаруға болады. Мен осы күнге дейін ұлттық стильдегі еңбектермен танылып келдім. Қылқалам шеберлерінің бақыты – өз туындыларының өміршеңдігінде. Ал ұлттық дүниетанымымызды осындай өміршең өнермен ғасырдан-ғасырларға мұра ету – біздің ұрпақ алдындағы борышымыз», – деді.

Расында, кешқұрым ұйымдастырылған көрмеге келген қала тұрғындарының қарасы мол болды. Олар тек қылқалам туындыларын ғана емес, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан ерекше дүниелерді сатып алуға, тамашалауға мүмкіндік алды. Фестивальге қатысушылардан тыс көрмеге қойылған 12 жастағы Ай-Қанат Хусайнова есімді балғын суретшінің «Жаратылыс», «Қорқыт ата аяны» сынды еңбектері ел назарын еріксіз өзіне аударды. Ашық аспан астында өткен мәдени шараға келушілердің бірі Аягөз Нұрымова картиналардан эстетикалық ләззат алғанын жасырмады.

– Шынымды айтсам, Таразда мұндай көрменің өтіп жатқанын бірінші рет көріп тұрмын. Біздің күнделікті өмірде көріп жүрген қаламыздағы әдемі орындардың осылай әдемі сурет болып қағазға түсуі өзгеше әсер береді екен. Балаларымыз осындай картиналарды тамашаласа, қазірден бастап өнердің не екенін ұғынып өсер еді. Өкінішке орай, біз қаламызда өтетін көрмелердің қайда ұйымдастырылатынын біле бермейміз. Ал бүгінгі көрме ел көп жүретін саябақта өткізіліп жатқаны бізді қуантып отыр, – деді тұрғын.

Расында, жарнаманың аздығынан немесе көпшіліктің бейнелеу өнеріне деген қызығушылығының төмендігінен бе, белгісіз, тұрғындар тіпті шаһарда көрме залының бар екенінен хабарсыз. Бұл ретте аталмыш шарада жиналған туындылардың барлығы келешекте облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бой көтергелі жатқан еңселі көрме залының төріне ілінетінін айта кеткеніміз жөн.

Фестиваль соңында маусым айының басынан бастап Әулиеатаға ат басын бұрып, киелі шаһардың шырайлы келбетін кенепке түсірген еліміздің әр тарабынан келген қылқалам шеберлері арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың жұмыстарына баға беріп, өзіндік ойларын ортаға салған сарапшылар Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Жамбыл облысы бойынша филиал төрағасы Айдархан Сихаев, профессор, суретші Байтұрсын Өмірбеков, қолданбалы қолөнер шебері Пернебай Ахметов шараны ұйымдастырушылар мен Әулиеатаның айбынын биіктете келген бейнелеу өнері шеберлеріне ыстық лебіздерін арнады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.