Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алаш еліне алғыс жауған күн

Дүнгендердің Қордайдағы торқалы тойы дүркіреп өтті

0 623

Тарихтың түрлі тағдырлы кезеңінде Қытай патшалығынан қысым көрген 4 мыңға жуық дүнген ұлтының өкілі 1877 жылдың желтоқсан айында Жетісу жеріне қоныс аударды. Қонақжай қазақ халқы діні бір дүнген ағайынға жерімен қоса, төрт түлігінен енші де бөліп берді. Қазақ халқының осынау кеңпейілділігін ұмытпаған олардың ұрпақтары қазақ жеріне қоныс аударғандарына 145 жыл толуына орай Қордай жерінде ұлан-асыр той берді.

Тараздан бір топ журналист түс ауа темір тұлпармен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік жолымен Қордай ауданын бетке алып, жолға шықтық. Тақтайдай тегіс жол, жұлдыздай аққан көліктер, асқақ Алатау ұлтымыздың айбыны сынды алыстан айбатты көрінеді. Жол ұзақ, оның үстіне елдің-жердің тарихын білген көптік етпейді. Сонымен әлеуметтік желіні ақтарып, дүнген бауырлардың Әулиеата жеріне қалай қоныс аударғанына көз жүгірттік. Дүнген – Қытайдағы ресми мойындалған 56-шы аз ұлттың бірі. Сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сынды мемлекеттерді мекендейді. Олардың шығу тегі – Араб, парсы көпестері Қытай аумағына VIII-XIII ғасыр аралығында жиі келуімен байланыстырады. Дүнгендердің саудаға жақындығы осы ата-бабаларынан берілген деген түсінік бар. Цинь әулетінің тұсында дүнгендердің бірнеше ірі баскөтерулері болған. 1862-1877 жылдардағы толқулар Қытайдағы ең ірі оқиғалардың бірі ретінде тарих бетінде жазылып қалды. Сол толқудың соңы дүнгендердің елінен амалсыз көшуіне әкеліп соққан…
Біз Масаншы ауылына күн ұясына еңкейген тұста жеттік. Еңбекші елдің ұландары енді ғана егіс алқабынан қайтып жатыр екен. Атыздағы арпа-бидай Қордайдың қоңыр желімен баяу тербеледі. Мұны көріп «Күзде қырман дәнге толады екен» деген ой келді.
Көліктен түсе салысымен, Закир есімді елпек азамат алдымыздан шығып, қолтығымыздан демеп, қонақжай көңілін білдіріп, өз отауына бастады. Закирдің еңбекқор екенін шағын ауласында қырыққабат, пияз, сарымсақ, бұршақ, асбұршақ, бұрыш, шомыр, сәбіз, аскөк, асқабақ, қияр, кызанақ, картоп сынды өнімдердің жайқалып тұрғанынан байқадық.
Дүнгендер – тарих салған тарғыл жолға қарамастан өздерінің салт-дәстүрлерін, мәдениетін, оның ішінде ұлттық тағамдарын дайындауда өз ерекшеліктерін сақтай білген жұрт. Қазақ халқы «Қонақ өз несібесімен келеді» десе, оларда қонақ қабылдауды Құдайдың жіберген сыйы деп біледі екен. Құстың сүтінен басқаның бәрі қойылған дастарқаннан қазақтың ет тағамымен қоса, өз ұлттық ерекшеліктеріне ие түрлі салат, манты, лағман қатарлы тамақтарынан дәм таттық. Жалпы дүнгендер жақсы көрген қонағына ең әуелі осы лағман тамағын ұсынады екен. Тіпті осы тағам туралы бұл халықтың арасында әлі күнге дейін келе жатқан аңыз бар. Баяғыда үш аш жолаушы кезігіп қалады. Олар бірігіп тамақ дайындауды шешеді. Сөйтіп, ұн, кептірілген ет, шалғам және дәмдеуіштер қосып, бір ас әзірлеп шығарады. Олардың жасаған тамағын өтіп бара жатқан бір кісі жеп көріп, дәмді шыққанын айтқан. Міне, содан бері әлгі үш жолаушы кедейліктен құтылып, бір-бірімен жақсы дос болып кетіпті. 1898 жылы Жетісу облысында болған франциялық саяхатшы Лаббе дүнгендердің мерекелік дастарқанына арнайы жасалған тағамдардан дәм татып: «Ресейдің азиялық иелігінде болған саяхаттарымда дүнгендердің тағамдарынан дәмді тағам көрген емеспін», – деп үлкен бағасын берген екен. Шай үстінде Закирдің анасы Роза Рамазанова апамызбен танысып, әңгімесіне құлақ түрдік.
– Мен тойға Алматыдан ат терлетіп арнайы келіп отырмын. Бала кезімде әкем марқұм: «Қазақ халқы – қиын кезеңде жарты нанын бөліп берген берекесі тасыған халық», – деп айтып отырушы еді. Біз енді кеңестік кезеңді көрдік қой, сондықтан орыс тілінде еркін сөйлейміз, ал жастар қазақ тілінде сөйлейді. Жалпы барлық дүнген өз ана тілдерін біледі. Дүнген тілі – қытайдың диалект тілі. Мысалы, қазақ және қырғыз, орыс және украин тілінің ұқсастығы секілді ғой. Осы ортақ Отанымыздың кемел келешегі үшін Тараз қаласында ұзақ жыл ағарту саласында жұмыс істедім. Бүгінде зейнеттемін. Балаларым табан ет, маңдай терімен берекелі қоғамның арқасында тіршілігін көріп келеді. Бұларға да қиын жағдайда құшағын айқара ашқан қазақ халқы туралы жиі айтып отырамын, – дейді кейуана.
Дүнген этносының қазақ халқына алғыс айту шарасы Масаншы ауылындағы «Қазақ халқына алғыс» ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Меркі көшесінің бойында орналасқан ескерткіш тақтада «Дүнген халқына қиын-қыстау мезетте қол үшін созған ұлы қазақ халқына және барлық адамдарға шын жүректен алғыс айтамыз. Біз үшін ең қымбат өмір сүру құқығын сыйлаған ата-бабаларымыздың ерен ерлігін мәңгі есімізде сақтаймыз», – деген сөз тайға таңба басқандай анық жазылып тұр.
Тарихтан тағдыр табыстырған дүнген ұлтының қазақ ұлысына алғыс айту шарасы барысында Масаншы ауылының ардагер ұстазы Биянху Арсма сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке ізгі лебізін жеткізді.
– Бүгін – жер ауып келген дүнген этносын құшағын жайып күтіп алған, баласындай бауырына басқан қазақ халқына дүнген этносының алғыс білдіретін күні. Осынау 145 жылдың ішінде қазақ-дүнген ұлттарының тыныс-тіршілігі бір, ырысы мен ынтымағы жарасымды, қуанышы ортақ болып кетті. Қазір көшеден көргендердің өзі қайсысымыздың қазақ, қайсысымыздың дүнген екенімізді ажырата алмай жатады. Мұның бәрі қазақ халқының дархан пейілінің арқасы. Қиын-қыстау кезеңде бауырларыңызға басып, қуаныштарыңызбен бөліскендеріңіз үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бейбітшілігіміз баянды болсын, – деді ол.
Мұнан соң біз қадірлі меймандармен бірге Әл-Фараби атындағы №50 мектеп аумағында ұйымдастырылған көрмеге бет алдық. Білім ордасының ауласында аққудың жұмыртқасындай ақшаңқан үйлер мен ақ шатырлар тігіліпті. Қордайда бейбіт ғұмыр кешіп жатқан қос халықтың өткені мен бүгінінен сыр шертетін аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері, облыс қолөнер шеберлерінің туындылары, достық нышаны мен ұлттық нақыштағы құндылықтар, салт-дәстүр, жөн-жоралғы, аңшылық-саятшылық тақырыптарынан мол мағлұмат беретін көріністер көптің көзайымына айналды. Көздің жауын алатын дүнгендердің ұлттық киімі адамды өзіне тартады. Көрмені аралап жүріп, он саусағынан өнер тамған дүнген аруларынан сұрағанымда, кестелі орамал, киімдерде салынған бейненің өзіндік мәні болады дейді. Мәселен, қолданбалы өнерлеріндегі киімдерінде шабдалы бейнесі кескінделген. Бұл бақыт пен ұзақ өмірдің, ал анар дәндері бейнеленсе, қуаныш пен денсаулықтың белгісін білдіреді екен. Сонымен қатар маңдайын күн сүйген халықтың көкөніс дақылдарының көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты.
Көрмені тамашалап болған соң, сахнаға қарай бет алып, «Халық бірлігі – әділетті Қазақстанның негізі» атты салтанатты жиынға жиналған қонақтардың қатарына жайғастық. Сахнадағы үлкен экран арқылы дүнген ұлтының қазақ жеріне қоныстану тарихы туралы алтын қордан деректі фильм көрсетіліп жатты. Шараның шымылдығы аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының дайындаған дүнген бауырлардың қиыр жайлаған Қытайдан теперіш көріп, қазақ жеріне жылдар салып жеткен тағдырлы кезеңдерін бейнелейтін театрландырылған көрінісімен ашылды.
Қымбатты қонақтардың алғашқысы болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов ізгі тілегін жеткізді.
– Бұл – баршамыз үшін айтулы күн. Тек дүнген ұлтының ғана емес, халықтар бірлігін көрсететін айтулы дата. Аталған 145 жылда дүнген ұлтының жеті ұрпағы қазақ халқымен қуаныш, мұңды бөлісіп өсті. Сол уақытта қасиетті топырағынан жер беріп, бауырына басқан дүнген халқы күні бүгінге дейін Ноғайбай би мен Кебекбай шешеннің атын ұрпақтан-ұрпаққа ұмыттырмай келеді. Дүнген ұлты елімізге келіп, егіншілікті дамыта бастады. Ауыл шаруашылығындағы табыстары – еңбекқорлықтың жемісі. Қазақ халқы оларға ешқандай қысым жасамай, ұлттық құндылықтары мен тілінің сақталуына дархандық танытты. Осынау баянды байланыс ешқашан ажырамасын, – деп ізгі тілегін білдірген Марат Алмасұлы ұлтаралық бірлікті нығайтуға белсенді атсалысып жүрген бірқатар азаматтарды Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты және төсбелгісімен марапаттады.
Келесі болып сөз алған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров: «1850-1870 жылдары Қытайдағы Цинь билігінің жазалаушыларынан құтылу үшін 3 мыңнан аса дүнгеннің пана іздеген алғашқы толқыны Қазақстанға жер аударды. Қазақ тарихындағы білікті басшы Ноғайбай би қонақжайлылық танытып, екі ұлтты тағдыр қосты. Содан бері ауызбіршілікте мамыражай ғұмыр кешуде. Әрбір ұлт – өңір мен ел дамуының күші. Сондықтан қоғамдық келісім мен тұрақтылық біздің ең жоғары жетістігіміз. Баршамыз сол тұрақтылықты сақтауға бір кісідей атсалысайық», – деп торқалы тойға жиналған ағайынды бірлігі бекем елге айналуға шақырды.
Шарада Алматы қаласынан арнайы келген Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлын арнайы сөзге тарттық.
– Дүнгендер өздерінің адал еңбегімен қазақ халқына, қазақ жеріне зор құрмет көрсетіп, ел экономикасы мен өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте байтақ Қазақстанды тұтастай көкөніспен қамтып отырған жұрттың бірі еңбекқор дүнген халқы екенін атап айтсақ та жеткілікті. Мәселен, 2020 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы дүнген диқандарының өндірген көкөніс мөлшері 660 мың тонна болған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 1 млн тоннаны құраған. Қазақстандағы дүнгендер еліміздің спорт саласының дамуына да айтарлықтай үлес қосып келеді. Есімі күллі әлем жұртына белгілі Мая Манеза, Зульфия Чиншанло, Рашид Дауров, Шамил Фушанло, Искандер Харсан қатарлы жерлестеріміз Қазақстанның көк туын әлемдік аренада сан мәрте желбіретіп, мерейімізді тасытқанына қалай тебіренбессің?! – деді Д. Мәсімханұлы.
Қазақтың қайда жүрсе де бойында сақталып қалған бір асыл қасиеті – қонақжай мінезі ғой. Бізді Масаншы ауылының іргесінде орналасқан Сортөбе ауылында тұратын Ерлан Дәркенбаев ағамыз дәмге шақырды. «Біз бұл өңірде өмір сүріп жатқан бесінші ұрпақпыз. Дүнгендермен аға-бауырдай араласып кеттік. Торқалы той, топырақты өлімде біргеміз. Менің атам – Матай деген кісі сонау 1932 жылдың нәубетінде 62 дүнген балаға кіндік әке болып, асырап алып, бағыпты. Бүгінде солардың балалары Наурыз, Айт, Жаңа жыл сияқты мерекелерде үйімізге жиі келіп тұрады, жалпы жақсылықты ұмытпайтын халық», – дейді ағамыз ағынан жарылып.
Күн ұясына батып бара жатқан шақта темір тұлпармен Таразға тарттық. Құлағымның түбінде сол күні дүнген ағайындардың аузынан көп естіген «Қазақ халқына мың алғыс» деген сөзі жаңғырып тұрды. Иә, абыз Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегеніндей, шынымен, даласындай дархан халқым жер ауып келген ұлттың бәріне бірдей пана болған ғой.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.