Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Зұлмат жылдар зары

0 78

Қара жердің қойнауына қанша сыр көмілсе де, тарихтың ащы шындығы ұмытылмайды. Қазақ даласының төсін күңіренткен зұлмат жылдар халықтың жүрегіне өшпес жара салды. Зар еңіреген ананың үні, жетім қалған баланың көз жасы, туған жерден тентіреп кеткен елдің мұңы – бәрі де өткеннің өксігі болып бүгінге жетті. Ал 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу қазақ халқы үшін азалы әрі тағылымы терең күн.

Кеңестік тоталитарлық жүйе халықтың еркіндігін шектеп қана қоймай, ұлттық сананы жоюға бағытталған саясат жүргізді. Әсіресе, қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары қуғынға ұшырады. Ұлттың болашағы үшін күрескен Алаш арыстары «халық жауы» деген жаламен ұсталып, түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин сынды ел үшін ет жүрегі езілген тұлғалар болды.
Бұл азаматтардың арманы – тәуелсіз, білімді, өркениетті қазақ елін көру еді. Алайда сол кездегі солақай саясат олардың үнін өшіруге тырыс- ты. Ұлт зиялыларын жою арқылы халықтың рухын әлсіретуді көздеді. Бірақ тарих көрсеткендей халықтың азаттыққа деген ұмтылысын ешбір күш тоқтата алған жоқ.
Қуғын-сүргін жылдарындағы ең ауыр қасіреттің бірі – 1931–1933 жылдардағы ашаршылық болды. Күштеп ұжымдастыру, мал-мүлкін тәркілеу, көшпелі өмір салтын зорлықпен өзгерту қазақ даласын алапат нәубетке әкелді. Малынан айырылған халық аштыққа ұшырап, күнкөріссіз қалды. Зерттеушілердің мәліметінше, сол жылдары миллиондаған қазақ қырылып, тірі қалғандарының көбі шетел асуға мәжбүр болған.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары басталды. Алғаш 1993 жылы «Жаппай сая- си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданып, көптеген азаматтардың есімі қайта жаңғырды. Алайда бұл заңда Кеңес үкіметінің саясаты салдарынан Қазақстанда болған қуғын-сүргін яғни, шаруалар көтерілісі, бай-кулактарды жою, олардың мүліктерін тәркілеу және күштеп қоныс аударту, жаппай коллективизациялау, 1920-1933 жылдар аралығындағы теңсіздікке қарсы көтерілген халыққа және дін өкілдеріне қатысты жаппай жазалау нәтижесінде құрбан болғандар қолданыстағы «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңында қамтылмай қалған. Осыдан кейін уақыт өте келе бұл жұмыстың әлі де толық аяқталмағаны белгілі болды. Себебі көптеген архив құжаттары жабық күйінде қалып, талай адамның тағдыры беймәлім болып келді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» құрылды. Комиссияның басты мақсаты – кеңестік кезеңде жазықсыз жапа шеккен азаматтардың барлығын жан-жақты зерттеп, олардың тарихи әділдігін қалпына келтіру. Ғалымдар мен архив қызметкерлері көптеген құпия құжаттарды қарап, бұрын белгісіз болған деректерді анықтады. Соның нәтижесінде мыңдаған адамның ақталуына жол ашылды.
Мемкомиссияның негізгі міндеті 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық, заңды және саяси ақтау еді. Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мемкомиссияның төрағасы болып, ал Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемкомиссияның жұмыс органы болып белгіленді. Жұмыс органы мемлекеттік комиссия- ның қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық және талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
Осыған байланысты барлық облыстарда ішкі саясат мәселелеріне жетекшілік ететін әкімдер орынбасарларының басшылығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері бойынша мәслихат депутаттарының, ғалымдардың, өлкетанушылардың, консультативтік-кеңесші органдар форматында 17 өңірлік комиссия құрылып, өңірлік комиссиялардың құрамына 265 ғалым тартылған екен.
Ал 2021 жылы Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтарының мүшелері республиканың бірқатар қалаларының аумағында архив материалдарын жинау бойынша 30 ғылыми-іздестіру іссапарларын іске асырып, нәтижесінде 268 715 архив құжаттары жинақталған. Сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды топтық жерленген орындарын анықтау жұмыстары жүргізіліп, өңірлерде барлығы 82 орын анықталса, Жамбыл облысында мұндай орынның 3 картасы жасалыпты.
Жалпы, саяси қуғын-сүргін тек қазақ халқына ғана емес, Кеңес Одағы құрамындағы көптеген ұлттарға ауыр соққы болды. Қазақстан аумағында КарЛАГ, АЛЖИР секілді лагерьлер құрылып, онда мыңдаған адам азап шекті. «Халық жауы» атанған азаматтардың жұбайлары мен жақындары қамауға алынған АЛЖИР – «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері» деген мағынаны білдіретін кеңестік кезеңдегі ең ауыр лагерьлердің бірі. 1938 жылы қазіргі Астана маңындағы Ақмол ауылында құрылған лагерде қуғын-сүргінге ұшыраған аналар ауыр еңбекке жегіліп, аштық пен суықты бастан өткерді. Бүгінде АЛЖИР-дің орнында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей-мемориал кешені тұр.
Өткен жылдың 31 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЛЖИР-дің орнында бой көтерген музей-мемориалдық кешенге арнайы барып, жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды және Қазақстан жастарына арнап үндеу жасады.
– Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болмаған үрдістер пайда болып жатыр. Жасанды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қандай ықпалы болмақ екені әлі толығымен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек. Абайша айтқанда, «Ғылым таппай мақтанбауы» қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек.
Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз. «Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды.
Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс. Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды «Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланысты. Ұлт жылнамасындағы қаралы кезеңдерді жадымызда жаңғыртудың түпкі мәні осында. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі. Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды, – деді Мемлекет басшысы аталған үндеуінде.
Әрине, ашаршылық – жай ғана табиғи апат емес, сол кездегі солақай саясаттың салдары еді. Қаншама ауыл қаңырап бос қалды. Ана баласынан, бала әкесінен айырылды. Халықтың демография- лық өсімі тоқырап, ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Бұл қазақ халқының жадында мәңгі сақталатын қасірет болып қалды. Бүгінде 31 мамыр- да еліміздің түкпір-түкпірінде еске алу шаралары ұйымдастырылады. Ескерткіштерге гүл қойылып, қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым жасалады. Мектептерде тәрбие сағаттары, кітапханаларда көрмелер өткізіліп, жастарға тарихтың шындығы насихатталады. Өйткені өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр болмақ.
Біз тарихтың қайғылы беттерін ұмытпау арқылы әділетсіздікке жол бермеуді үйренеміз. Еркін елде өмір сүріп жатқан әрбір ұрпақ ата-бабасының басынан өткен ауыр кезеңдерді білуі тиіс. Тарихтың қаралы беттері ешқашан ұмытылмауы керек. Өткенді еске алу – келешекке деген жауапкершілік. Ендеше, 31 мамыр – қасіретті еске алып қана қоймай, тәуелсіздіктің қадірін терең сезінетін күн.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.