Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тағылымы мол кездесу

0 456

Көкірегінде сағыныш сезімі ұялаған бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының түлектері (Өндірістік және азаматтық құрылыс факультеті) араға 50 жыл салып университетіміздің қабырғасында жүздесті. Жарты ғасырға жуық уақыттан кейін кездескен азаматтар ұстаздарына құрмет көрсетіп, тағзым етті.

Түлектерге сол кезде факультет деканы болған (1968-1973) профессор Геннадий Пастуховтың орталарында болуы кездесудің мәртебесін арттыра түсті.
Ойы зерек, талабы ерек 50 жыл бұрынғы студенттер қазіргі таңда әрқайсысы – межелі мақсаттарына жетіп, өздерінің сара жолын сала білген азаматтар.
Араларынан мемлекет және қоғам қайраткері Серік Абдрахманов пен техника ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жанұзақов және көптеген «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» шыққан бұл түлектер – еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан жандар. Бүгінде еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға сеп болып жүр.
Тағылымды кездесуге 30-дан астам түлек жиналды. Олар әуелі білім ордасының бас ғимаратындағы университет мұражайында болып, сонан соң бұрынғы жатақхананы, оқу ғимараттарын және жаңа оқу ғимараттарын аралап, естелік суреттерге түсті, журналистерге сұхбат берді.
Гидрокешенге келген түлектер Марс Үркімбев атындағы Жастар сарайын, Гидрокешеніндегі оқу кабинеттері мен зертханаларды, ұстаздары, профессор Құттығұл Ермұхановтың, замандастары профессор Бектас Жүнісовтің құрметіне ашылған оқу аудиторияларын аралап көрді. Кездесу соңы оқытушылар және студенттер қатысқан жиынмен аяқталды. Жиында осы жүздесуге мұрындық болған, топ старостасы Шаяхмет Каипов, оқытушылары, профессор Базартай Әлімбаев және басқа да түлектер қызықты естеліктермен бөлісті.

Кенжеғали Шилібек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.