Қызығы мен қуанышы мол мағыналы өмірінің барлығын білім мен ғылымға арнаған педагогика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, доцент, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ұлағатты ұстазы, ғалым бүгінде доцент Имамбекова Гүлжан Сембекқызы. Білім мен ғылым саласында тынымсыз еңбек етіп, осы жолда көп белес-биіктерден өткен жігерлі, ұлтжанды тұлға ретінде, қазіргі күнге дейін жүріп өткен ғалым-ұстаздың еңбек жолы – өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай.
Гүлжан Сембекқызының терең білімі, берік ұстанымы, іскерлік қабілеті және үлкен адамгершілік қасиеттері ұстаздық еңбек жолына арнаған қазақстандық білім мен ғылымды дамытуға сіңірген белсенді қызметінің жемісі. Ол ұстаздық еткен, әрі ғылыми-ізденімпаздық еңбек жолында талай білікті маман мен білімді шәкірттер тәрбиеледі, олардың алға талыпынуына, биікке құлаш ұруына түрткі болды. Жинаған тәжірибесін тәлімгер және ақылшы ретінде кейінгі жастарға жеткізуден жалықпайды.
Тапжылмай бір салада қырық жылдан астам уақыт абыройлы қызмет жасау үлкен табандылықты, біліктілікті, еңбекқорлықты білдіреді. Қазіргі таңда Гульжан Сембекқызы 2 монография, 5 оқу құралының авторы, 100-ден астам ғылыми мақалалары халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтары мен отандық және шетелдік журналдарда жарық көрді.
Адамның құндылығы оның істеген жұмысының нәтижесіне байланысты. Гүлжан Сембекқызы осы тұрғыдағы үлкен тәжірибесі, филология, педагогика және психология білім беру салаларының үздік маманы ретінде қалыптасуы, керемет тәлімгер деуге толықтай негіз бар. Оның жылдар бойы зерттеп, жинақтаған теориялық әрі тәжірибелік білімі келешекке өзіндік үлес, шығармашылық ғылыми еңбек болып қалатыны анық.
Гүлжан Сембекқызы 1975 жылы Жамбыл педагогикалық инститтутның филология факультетінің «Орыс тілі мен әдебиті» мамандығы бойынша бітірген өжет те, батыл қыз еңбек жолын сол оқу орнының комсолмол комитетінің хатшысы қызметінен бастау алды. 1979-1982 жж. Абай атындағы ҚазПИ –дің күндізігі аспирантурасында оқыды, 1983-1999 жылдары аға оқытушы қызметін атқара жүріп, 1999 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. 2000-2001 жж. Алматы экономика және статистика институтының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасын, 2004 жылы Тараз мемлекеттік университетінің «Орыс филологиясы» кафедрасын, 2005-2008 жж. «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасын, 2008-2011 жж. «Педагогика, психология және тарих» кафедрасының меңгерушісі болды. 2011 жылдан бері университетте білімді ғалым, білікті ұстаз, жастарға тәлімгер қызметін жемісті атқарып келеді. Қандай қызметте болмасын ол адам болып қалуы керек деген қағиданы ұстанды, нені болса да іспен дәлелдеуге тырысты. Сондықтан да, барлық ғылыми-педагогикалық тәжірибесін, біліктілігін тек студенттер, магистранттар мен ғылыми зерттеушілерге арнады.
Гүлжан Сембекқызы өзінің жан-жақты білімділігі, кадрлар дайындаудағы жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. Бойында осындай қасиеттердің бар болуы білім алушыларды қазіргі күнге дейін аса үлкен ынтамен тартады. Әрине, зейнет жасында бола тұра қазіргі күнге дейін аудиторияға барып білім алушылар мен магистранттарға дәріс беруі үлкен үлгі тұтарлық өнеге. Мұндай қасиет кез келген адамда кездесе бермейді. Ол тек өз ісіне шын берілген, адал қызмет жасайтын, өз еңбегіне жанашыр, зияткер әрі кәсіби мамандарға тән.
Құрметті, Гүлжан Сембекқызы! М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ұжымы Сізді адам өмірінің айтулы белесі – 70 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды!
Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттер Сізді қатардағы оқытушыдан, ұлағатты ұстаз, кәсіби маман деңгейіне көтерді. Жаныңыз жомарт, қамқор да талапшыл оқытушы, аяулы әпке ретіндегі абзал қасиеттеріңіз тәнті етпей қоймайды, атыңызға затыңыз сай ұлағатты ұстаз, өнегесіз. Осындай еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басыңыздың кіршіксіздігі Өзіңіз, отбасыңыз үшін ғана емес, өзіңізбен қанаттас жүрген әріптестеріңіз, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз.
Сізге осындай мерейлі күні шын көңілімізбен зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілейміз. Студенттерді білім нәрімен сусындатып, оларға тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беру жолындағы күрделі де жауапты қызметте бұдан былай да абырой биігінен көріне беріңіз.
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті
«Әлеуметтік психология» кафедрасының ұжымы