Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспана бақытына бөлеген бағдарлама

0 527

Өткен мен болашақты жалғап тұрған көне шаһар жұлдыздай жарқырап, күннен-күнге құлпырып келеді. Соған орай бірнеше жылдың бедерінде облыс орталығында жаңа ықшамаудандар бой көтеруде. Қаланың көрікті келбетіне одан сайын әр беретін жаңа аудандардағы зәулім үйлер де көздің жауын алады.

Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 362,2 гектарды құрайтын №15 ықшамауданының құрлыс жұмыстары 2018 жылы басталып, 2022 жылға дейін 96 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Нақтырақ айтсақ, 2018 жылы – 9 , 2019 жылы 13 кредиттік тұрғын үй, 4 арендалық тұрғын үй, 2020 жылы 12 кредиттік, 10 арендалық тұрғын үй, 2021 жылы 13 кредиттік, 10 арендалық тұрғын үй, ал өткен жылы 23 кредиттік, 2 арендалық тұрғын үй ел игілігіне берілген еді. Бүгінгі таңда 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 2 көпқабатты тұрғын үй қабылданған. Ал қалған үйлерді ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде екен. Сондай-ақ алдағы күндері жалпы аумағы 917 418 шаршы метр болатын 14 402 пәтер салынады деп жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде аталған аумақта көпқабатты тұрғын үйлер саны 144-ке дейін өсіп, 967 жеке тұрғын үй салынып үлгерген. Халық талабын ескере отырып алдағы күндері 4 орта мектеп, 5 бала бақша, және 2 медициналық орталық жедел жәрдем станциясы да бой көтермек.
Жалпы өтқен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 354,5 мың шаршы метрді құрады. Тұрғындарды баспанамен қамтуға да ерекше көңіл бөлініп, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданын 564,4 мың шаршы метрге дейін арттыру көзделген.
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің мәліметінше, Тараз қаласы бойынша мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімінде 20 521 азамат тіркеліп тұр екен. 2022 жылы 384 пәтерден тұратын 7 тұрғын үй пайдалануға беріліп, кезек тізіміне тіркелген тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға бөлінген. Ағымдағы жылы тағы 60 пәтерден тұратын 4 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Былтыр өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету әрі жас отбасыларды қолдау мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолға алынған болатын. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, жастарға жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүзеге асқан. Нәтижесінде 37 адам баспаналы болып, шаттыққа бөленсе, 1 жас үй іздестіруде. Ал 3 азамат банктің іріктеуінен өтіп жатыр. Олар да таяу күнде қуанышқа кенелмек. Солардың қатарында бағдарламаның игілігін көрген Самат Бекболатов есімді қала тұрғыны да бар.
– Әрине, «Өз үйің – өлең төсегің» ғой. «Әулиеата жастары» бағдарламасы басталмай тұрған кезде «Отбасы банк» ұсынатын көптеген бағдарламаларға қатысып жүрдім. Бірақ жолым бола қоймады. Бірден баспана сатып алатындай қомақты қаржым да болмады. Сөйтіп жүргенде жастарға жеңілдікпен үй ұсынатын «Әулиеата жастары» бағдарламасы бар екенін естідім. Сайт арқылы барлық құжаттарымды өткізіп, конкурс шешімін күттім. Кейін портал арқылы өткенімді білдім. Аллаға шүкір, өзімізге ұнаған үйге қол жеткізіп, қуанышымызда шек болмады. Жалпы жастарға қолдау көрсеткен мемлекетімізге мың алғыс. Бүгінгі таңда үйсіз жүрген жастар өте көп. Сондықтан осындай ел игілігіне жұмыс істейтін бағдарламалардың жалғаса беруіне тілектеспін, – дейді шаһар тұрғыны.
Аталған жоба биыл да өз жалғасын таппақ. Десе де былтырғымен салыстырғанда жобада айтарлықтай оң өзгерістер бар екен. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, жоспарға сай биыл бағдарламаға 2 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Оның яғни 1 миллиарды жергілікті бюджеттен, қалғаны «Отбасы банк» тарапынан. Осы арқылы биыл 140 жас отбасыны баспанамен қамту жоспарлануда.
– «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы былтыр 1 жылға ғана жасалған болатын. Ал биыл 2023-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылады. Бұл келісім 3 жылға әзірленген. Сондай-ақ ережедегі тағы бір ерекшелік – комиссияның шешімі шыққан күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде комиссия шешімін сайтқа әкімші, яғни басқарма енгізуге міндеттеледі. Ал қатысушы комиссия шешімі шыққан күннен бастап 20 жұмыс күннің ішінде төлем қабілеті бойынша құжаттардың толық пакетін ұсына отырып, банкке жүгінеді. Егер осы мерзім аралығында толық құжаттар пакетін ұсына алмаса, іріктеуден өтпеді деп танылады, – дейді Жомарт Дүйсенұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы іріктеуден өткен қатысушыға қарыз сомасы 13 миллион теңгеге дейін берілсе, биыл оның көлемі 15 миллион теңгеге дейін артқан. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысу салаларында да ерекшеліктер бар. Айталық бұрын 5 сала қатысатын болса, биыл оның аясы кеңейген.
– Денсаулық сақтау саласында бұрын мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қатысқан болатын. Оның ішінде мемлекеттік ұйымдар тек қана 2 бағытта еді. Биыл аталған сала бойынша коммуналдық мемлекеттік мекемелер де қосылып отыр. Демек бейінді қызметкерлер де қатыса алады. Сонымен қатар, білім саласы бойынша мемлекеттік емес балабақшалардың тәрбиешілерінің қатысуына мүмкіндік берілді. Сондай-ақ мәдениет пен спорт салаларының коммуналдық мемлекеттік мекемелерін де еңбек ететін мамандары да санатқа енгізілді. Алтыншы болып дін саласының қызметкерлері қатыса алады. Бұған Жамбыл облысында орналасқан дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері жатады. Ал журналистика саласы бойынша республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшілері де қосымша енгізіліп отыр, – дейді басқарма басшысы.
Қатысушыларға қойылатын талаптар да айтарлықтай жеңілдеген. Айталық, тұрғылықты мекенжайы бойынша ғана үй алу шарты алынып тасталды, яғни қатысушы қай елді мекеннен үй алғысы келсе, сол жерден баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Қатысушыларға ұпай беру кезеңінде бұрын 4 критерий бойынша бағаланып, жұмыс өтіліне, бала санына, неке жылдарына және депозиттік шоттағы алғашқы жарна сомасына қарай ұпай берілетін. Қазір жұмыс өтіліне және депозиттік шоттағы алғашқы жарна сомасына қарай ұпай беру алынып тасталған. Сондай-ақ некедегі жылдарына бұрын 2 жылға дейін 1 ұпай, 5 жылға дейін 2 ұпай болса, қазір әр жылы үшін 1 ұпай және әр бала үшін 1 ұпай берілетін болып өзгертілген. Себебі бағдарламаның өзі жас отбасылар мен жұмыс істейтін жастарды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар төмендегі 7 анықтама толық болуы шарт. Олар – жеке куәлігінің түпнұсқасының электрондық көшірмесі, азаматтық хал-ахуалды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің электрондық көшірмесі, балаларының туу (қайтыс болу) туралы куәлігінің түпнұсқасының электрондық көшірмесі, бағдарламаға қатысушының Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің болуы не болмауы туралы анықтамасы, жұбайының Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің болуы не болмауы туралы анықтама, берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасқан күні және атқаратын лауазымы, мекеме атауы және 6 айлық зейнетақы аударымдары көрсетілген ұйымның /мекеменің фирмалық бланкісіндегі жұмыс орнынан анықтама, сонымен қатар «Отбасы банк» мобильдік қосымшасы ұсынатын QR коды бар жинақ шоты анықтамасының электрондық көшірмесі. Бағдарламаға қатысыушыларға ұсынылған жоғарыдағы 7 құжат түрі отбасын құрған азаматтарға арналған. Ал отбасын құрмаған немесе ажырасқан азаматтар үшін құжаттар саны қысқарған. Бұл талаптар «Отбасы банк» АҚ тарапынан қолдау табатын болса, биыл осы ереже аясында жұмыс жасалмақ.
Керегесі күннен-күнге кеңіген көне шаһарда тұрғын үйлер де көптеп салынуда. «Әулиеата жастары» бағдарламасы әлі талай жасты қуанышқа бөлейді деп сенеміз.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.