Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үздіктер өрге озған күн

0 623

Қалалық «Jambyl-Taraz» қоғамдық-саяси газеті ұйымдастырған Қазақстандағы бірегей жоба «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы мәресіне жетіп, жас өрендер өмірдің алып иіріміне мол біліммен, ғұмырлық азықпен сап түзеді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Суретті түсірген Ю.КИМ

Бұл – байқауды ұйымдастырушылардың әу бастағы діттегені, нысанаға алған озық мақсаты еді. Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде сәні мен салтанаты жараса өткен марапаттау рәсімінде тараздық жұртшылық осыған куә болды.

5 айға созылған жас кітапқұмарлар байқауы 2018 жылдың 30 қарашасында 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай жарияланды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылған байқауда ақылдастар алқасының құрамы бекітіліп, қала мектептерінің оқушыларына 100 кітаптың тізімі ұсынылды. Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі мен Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып байқауды ұйымдастыруға атсалысты. Әлеуметтік желілерде #кітапоқыпмиллионербол, #читайкнигистаньмиллионером хештегімен 3000-ға жуық жазба жарияланды.

Орта есеппен осы уақыт аралығында 20000-нан астам әдебиет нұсқалары оқылды. Ең көп оқылған әдебиеттердің қатарында М.Әуезовтің «Көксерек», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», А.Экзюперидің «Кішкентай Ханзада», М.Мағауиннің «Тазының өлімі» кітаптары бар.

Байқауға жалпы саны 48 мектептен 1000-нан аса оқушы қатысты. Екінші кезеңге 78 оқушы іріктелді. Мектептегі сыннан сүрінбей, қазылар алқасының алдына келіп, емтихан жүйесімен әр кітаптың мазмұны, детальдарына байланысты тосын сауалдарға мүдірмей жауап беріп алға озған өрендер марапаттау кешінде лайықты жүлделерін қанжығаларына байлады.

Бірегей жоба аясында бес айға жуық уақыт ішінде кітапқұмарлардың қалың шоғырын қалыптастырған байқаудың түйіні, салмақты нүктесі қойылған марапаттау рәсіміне Тараз шаһарының әкімі Қайрат Досаев арнайы қатысты. «Міне, Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газеті ұйымдастырған «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауының алға қойған мақсаты әуелде діттеген көрсеткішке қол жеткізу деп білемін. Бес ай мерзім аралығында бағын сынаған әрбір бала – жеңімпаз. Әр кітаптың өзінің айтар ойы мен санаға түсірер сәулесі бар. Яғни кітап бетін ашқан қатысушылардың барлығы осынау игілікке ие болды», – деді қала әкімі өз сөзінде. Сондай-ақ Қайрат Әскербекұлы ауқымды шараға бас демеушілік еткен «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, еліміздің Еңбек Ері Мұқаш Зұлқарнайұлына алғыс білдірді.

Әр өңірде руханиятқа таразы болып, ізінен ерген қаламдас бауырларына бағыт беріп жүретін таудай тұлғалар болады. Әулиеатадағы сондай қаламы қарымды қаламгерлердің бірегейі – жазушы Несіпбек Дәутайұлы. Әу баста жобаға білек сыбана кіріскенде, ұйымдастырушылардың көңілінде «осы бастаманың болашағы қалай болар екен?» деген үміт пен күдік қатар тұрды. Сол тұста жобаға алғашқы болып дем беріп, көңілдегі күмәнді сейілткен Несіпбек Дәутайұлы болатын. Ақылдастар алқасының төрағасы ретінде бәйгеге батасын берген қаламгер көздеген мақсатына жеткен ұжымның қуанышына ортақтасып, өзгелерді осы мазмұнды істі жалғап әкетуге шақырды.

– Барлық жақсылық әрқашан балаларға жасалады. Ерлік те, әдебиет те, ғылым да – түгелдей жас ұрпақтың қолына қалады. Бүгінгі жасап жатқан игіліктің бәрі соларға аманат. Біз бір нәрсені ұғуға тиіспіз. «Тек қазақ болайық, қазақты ғана оқиық» деп бір шеңберден шықпай қалсақ, біз өспейміз. Біз әлемдік айналымдамыз.

Саяси-әлеуметтік жағдайда да өркениетпен біргеміз. Бұл үдерістерсіз біздің ұрпақ өзге елдермен бәсекелес бола алмайды. Ұйымдастырылып отырған байқаудың ерекшелігі – ұсынылған кітаптардың қатарында әлемдік классикалық шығармалар бар. Қазір жаһандану дәуірі. Бұл – ұлы дәуір. Біздің балаларымыз да осы заманға бейімделген, әлемдік деңгейдегі тұлға болып қалыптасуы тиіс.

Байқаудың жүріп жатқан процесін көріп, шарттарын оқып, аймақтағы жазушылардың жоқтығын айтып мін тағып жүргендер мына мәселені ұғуы керек. Әдебиет аймақтікі болмайды. Әдебиет – ауылдың алты ауызы емес. Кітап шықты ма, қазақ әдебиетіне лайықты болсын. Егер аймақтан классик керек болса, Шерхан Мұртазаның шығармасы тізімде бар. Балаларымыз бүкіл әлемдегі әдебиеттің тарихын меңгеріп, әлемдік ойлау жүйесіне бейімделуі тиіс. Қалалық газеттің ұжымына осы жобаны ойлап тауып, жүзеге асырып, бүгін нәтижесін көрсетіп жатқандары үшін рақметімді айтқым келеді. Идеяны бір-екі адам айтуы мүмкін. Бүгінде идея деген тапшы. Ал сол идеяға берік болып жүзеге асыру үлкен қажыр мен қайратты талап етеді. «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы осы идеяға берік болып, міне, алдарыңызға оқымысты балаларды жарқ еткізіп шығарып отыр, – деді жазушы.

Сонымен 5-7 сыныптар арасындағы санатта ІІІ орынды №30 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Сабина Сүлеймен мен №31 орта мектебінің 5-сынып оқушысы Гюзяль Османова өзара бөлісті. Қос кітапқұмарға 75 000 теңгенің сертификаты табысталды. ІІ орынды Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Данияр Бекежан еншілеп, 150 000 теңгені қанжығасына байлады. №54 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Тоғжан Аллаберген де осы тұғырдан көрінді. Жүлделі І орынның 500 000 теңге бәйгесіне И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Айзере Ерен ие болды.

8-11 сыныптар арасында ІІІ орынның 250 000 теңге жүлдесі №7 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Галина Буркинаға бұйырды. ІІ орынның тұғырынан Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Айгерім Мейірханова көрініп, 500 000 теңгені олжалады. Ал байқаудың I орын жүлдесі 1 000 000 теңгені Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 9-сынып оқушысы Қазына Әбдісейіт жеңіп алды. Тыңғылықты дайындығымен, тапқырлығымен қазылар алқасының көңілінен шыққан Қазына байқау барысында кітап оқу арқылы өзін көбірек тәрбиелеп, ойлау қабілетінің бірнеше сатыға жоғарылағанын айтып, қуанышымен бөлісті.

– Қолым қалт еткенде, сабақтан бос уақытымда кітап оқуға тырыстым. Ыждағаттылықпен кітаппен серік болғанымның арқасында 3-4 күнде бір кітаптан тәмамдап отырдым. Ата-анам үлкен үміт артты. Еңбегімнің ақталғанына өте қуаныштымын. Бұл – менің өмірімдегі ерекше оқиғалардың бірі. Тізімдегі Шерхан Мұртазаның, Келімбетовтің, Стивенстің кітаптары ерекше ұнады. Келешекте оқитын кітаптарымның жанрларын тереңдете түскім келеді. Мектеп оқушыларының білім жиып, миллионер атануларына мүмкіндік берген идея авторларына рақмет айтамын, – деді жеңімпаз.

Ал байқаудың қалалық деңгейде өткеніне қарамастан, өз қалауымен 61 кітап оқып, көзге түскен республикалық Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Фатима Баймаханға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» балалар лагеріне 20 күндік жолдама табыс етті. Сондай-ақ облыстық Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Қапарқызы жас зияткерге ноутбук тарту етті.

Бұл жоба оқушыларды кітапты тұрақты оқуға дағдыландырып қана қоймай, олардың бойына адами қасиеттерді дарытып, ізгілік нұрын ұялатты.

йымдастырушылар байқау барысында оқыған кітабынан әсерленіп, қайырымдылық қорын ашқан Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының оқушысы Айжан Айғабыл есімді кітапқұмармен танысты. Құрбы-құрдастарына үлгі боларлық іс бастаған оқымысты ару келешекте осы ісін жандандырып, қоғамға пайдалы азамат болғысы келеді. Марапаттау рәсімінде кішкентай жүрегіне мол мейірім сыйдырған оқушыға Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының атынан смартфон сыйға тартылды.

Салтанатты жиында жеңімпаздардан бөлек, байқаудың екінші кезеңіне қатысқан барлық оқушылар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталса, жобаны жүзеге асыруға атсалысқан мамандар мен кітапханашыларға ұйымдастырушылар арнайы Алғыс хат табыс етті.

Қазақтың жомарттық деген төл мінезі азаматтық тұлғасына тартым берген, бүгінде еліміздің өндіріс саласында тасы өрге домалаған «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров тыңнан түрен салған жобаның бас демеушісі болды. Оқымыстыларға тігілген 3 миллион теңгенің бәйгесі осы арда азаматтың қаражатынан бұйырды. Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының облыстық филиалының басшысы, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Берік Ақшалов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР спорт қайраткері, Халықаралық қазақ күресі федерациясының бөлім басшысы Тәуірбек Қарауылтегі, «Тараз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Марат Смаилов, ҚР Энергетика саласының үздігі, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Жұмабек Бөлекбаев, «GOOD MAKER» ЖШС-і директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әмина Қайназарова, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Жақып Жексембиев, Қазақстан Ұлттық Банкі Жамбыл облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин және Несіпбек Дәутайұлы бастаған бір топ қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері, облыстық мәслихат депутаты Асаубай Майлыбаев, өңірге белгілі дәрігер, публицист, қоғам қайраткері Сағындық Ордабеков, кәсіпкерлер Көшкінбай Құлмамбетов пен Бақытбек Сегізбаев, «Знамя труда» облыстық газетінің бас редакторы Бекет Момынқұлов, «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, ҚР Жазушылар одағы Жамбыл облысы филиалының төрағасы, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің меншікті тілшісі, ақын Хамит Есаман, облыстық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап, Жамбыл облыстық «Арай» газетінің бас редакторы Дәулет Төленді жобаға қаржылық қолдау көрсетті.

Айта кететін жайт, жобаның бас демеушісі, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіровке идея авторы, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали редакцияның фототілшісі Юрий Кимнің жуырда ғана облыстық байқауда жүлделі болған «Тау ханзадасы» картинасын сыйға тартты. Тосын тартуға тәнті болып, алғысын жаудырған Мұқаш Зұлқарнайұлы байқауға қатысқан жастарды жеңістерімен құттықтады.

– Интернетте отырғандарды кітап оқығандар басқаратын заман келді. Жастарға өзіміз аға буын ретінде үлгі болуымыз керек. Байқауға 1000-нан аса оқушы қатысқан екен. Менің ойымша, осы жас өрендердің барлығы еліміздің болашағын жарқын етіп, өркениет көшіне емін-еркін ілесетін білімді азаматтар болып өседі деген ойдамын. Мен бұған кәміл сенемін. Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын. Өңірдегі барлық қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды осы идеяның өміршең болуын қолға алып, игі істі жалғастыруға шақырамын, – деді бас демеуші Мұқаш Зұлқарнайұлы.

Осылайша, алаш даласында алғаш рет өткен кітапқұмарлар бәйгесі мәресіне жетті. 5 ай бойы кітап жастанып, оқып, ізденіп, елдегі зияткерлер қатарын толықтырған оқымыстылар олжасыз қалған жоқ. Барлығына бағалы сыйлықтар тарту етілді. Ақиқатында, бұл балалардың барлығы әрі қарай да кітаппен жолдас, сырлас болып кетсе өз ғұмырларының жеңімпазы, қатарластарының көшбасшысы болары хақ. Осы идеяны өмірге әкелген «Jambyl-Taraz» газетінің ұйымшыл ұжымы бұл үрдісті келесі жылы әрі қарай жалғаймын деушілерге рухани демеу болуға әзір. Ойдан әрекет арқылы жүзеге асып, жемісін берген бірегей жоба өзінің мазмұндылығымен есте қалғаны сөзсіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.