Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғибратты ғұмыр иесі

0 1  559

Бұл өмірде ата-анадан кейінгі орны бөлек ардақты жандар – ұстаздар мен тәлімгерлер. Қазіргі есейген шағымыздың өзінде өмір баспалдағынан жетелеп өткізген абзал жандар қасында жүргенінің өзі бойға қуат береді.

Өзімізге сондай қадірі өткен ұс- таздарымыздың бірі әрі бірегейі – техника ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, декан ағайымыз, профессор Сағатбек Мырзашев. Ағайдың тәрбиесін көріп, дәрісін тыңдап, тәлімін алған шәкірттерінің бәрі, ішінде біз де бармыз, ол кісіні үлкен құрмет тұтып, шын ниетімізбен ҰСТАЗ – ҒАЛЫМ-АЗАМАТ деп дәріптейміз. Бүгін ұлағатты ұстазымыз туралы ойымды өзім білетін деректер арқылы ортаға салғалы отырмын.
Бүгінгі заманда ғылым мен техниканың шарықтап дамуы барысында инженерлік еңбек күнбе-күнгі тұрмыс-тіршілігімізден бастап, экономикалық, ақпараттық, білім, ғылым, мәдениет, өнер салаларының барлығын, қысқасы, өмірдің бүкіл ойы-қырын тұтас қамтыды деуге болады. Яғни бүгінгі қоғамды инженерлік еңбектен тысқары қарастыру мүмкін емес. Инженерлік еңбек ғылым мен тәжірибеге негізделген шығармашылық сипаттағы ерекше ақыл-ойдың мәуелі жемісі.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында инженер боламын деген бала күнгі арманым – еркімнен тыс бір күш мені Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына жетелеп алып келді. Аталмыш оқу орнының аты күллі Кеңес Одағына танылып, дүрілдеп тұрған кезі. Сол тұста қайта құруға, демократиялық қоғам орнатуға байланысты әлеуметтік-экономикалық серпілістер туындап, елеулі өзгерістер орын алып жатты. Несін жасырары бар, көңілімізде сенім де, үміт те мол еді ғой…
Олай болатыны, сол тұста жоғары оқу орындарында қазақ топтары ашыла бастады. «Мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру» факультетіне оқуға қабылданған 200-дей талапкердің 50-і алғаш ашылған сол қазақ тобында білім алдық. Қазақша оқулықтар жоқтың қасында еді. Ұстаздарымыз пән оқулықтарын орысшадан қазақшаға тәржімалап, ілдалап сабақ беріп, дәріс оқумен болды. Деканымыз орыс ұлтының жақсы-жайсаң азаматы В.П.Антимонов еді. Кейбір мәселелерді шешуде орыс тілін жетік білмегендіктен, ауыл балалары ұяңдық танытып, декан алдында шарасыз күй кешуге мәжбүр. Осындай шақтарда студенттер деканның орынбасары Сағатбек Мырзашұлына арқа сүйейтін.
Оқуға түскенімізге бір жыл толғаннан кейін еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Десек те, ол бір экономикамыздың да төмендеп, құлдырай түскен кезі еді ғой. Сағат Мырзашұлы, міне, осындай қиын-қыстау кезеңде білімге құштар, ізденісі жоғары деңгейдегі қазақ балаларының жағдайына мейлінше түсіністікпен қарап, олардың талабын ұштап, ұдайы жетілдірумен болды. Олардың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін барды ұқсатты, жоқты жасады. Осылай өзінің іскерлігін, ілкімділігін таныта алды. Осындай еңбегінің арқасында 1992 жылы алғаш рет баламалы негізде өткізілген сайлауда жеңіске жетіп, факультет деканы қызметіне тағайындалды. Осы қызметті үзіліссіз 25 жыл бойы мінсіз атқарып шықты. Жалпы осы оқу орнына оқуға қабылданған күннен бастап зейнетке шыққанға дейін бір факультеттен екінші факультетке, бір кафедрадан екінші кафедраға ауыспай, бір орында тапжылмай отыз жылдан астам уақыт еңбек ету екінің біріне бұйыра бермес бақ, мәртебе екені анық.
Ұстаздардың ұстазы, профессор С.Мырзашев университеттің құрылуы, қалыптасуы, дамуы барысында оның құрылымдық жүйесі бірнеше мәрте өзгергеніне қарамастан, өзі басқарған факультеттің тұтастығын сақтай отырып, оқу-өндірістік базасының нығаюына, жас мамандардың тұрақтануына айрықша елеулі еңбек сіңірді.
Оқу үрдісі мен мемлекеттік бюджеттік және басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін факультеттің оқу базасын зертханалармен, оқу кабинеттерімен, компьютерлік сыныптармен, интерактивті тақтамен жабдықталған аудиториялармен, арнайыландырылған аудиториялар мен оқу-ғылым зертханаларымен қамтамасыз етті.
1990 жылдарға дейін тек қана факультет негізінде «Мелиорация жұмыстарын механикаландыру» мамандығы бойынша инженер-механиктер даярланған, сондықтан да оқу-әдістемелік бірлестік тек осы факультетте болған. Осы мамандық бойынша бүкіл республика үшін оқу жоспарларын дайындауға факультеттің профессор-оқытушылық құрамының белсенді жұмыс атқаруына мұрындық болды.
Бір атап өтетіндігі, ол кісі зейнет жасына жеткен күні-ақ декандық қызметтен кетуге өтініш берді. Ешкіммен айтыспады, тартыспады, мансапқа қызықпады, ақшаға құнықпады. Бірақ атақ пен абыройды сөзге адалдығы, іскерлігі, еңбекқорлығы арқылы иеленді.
Ширек ғасыр бойы үлкен ұжымды басқару үшін адамға жүйрік қиял, ғаламды барлай алатын ақыл-ой кеңдігі, парасатын пайымдай алатын таным тереңдігі, еңбекқорлық пен тазалық керек. Міне, осы қасиеттер Сағатбек ағаның бойынан табылды.
Бүгінде жетпістің желкесіне шыққан Сағатбек Мырзашұлы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мұнай-газ және тау-кен ісі» кафедрасының профессоры, «Академик Марс Үркімбаевтың қоғамдық бастамалары» қорының президенті. Екі мәрте «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері (2007, 2012 жж.) техника ғылымдарының докторы.
Сағатбек Мырзашев Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «Гидромелиоративтік жұмыстарды механикаландыру» мамандығы бойынша 1977 жылы бітіріп, «инженер-механик» біліктілігін алған-ды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін институттың «Құрылыс және мелиоративтік машиналар» кафедрасында қызметке қалдырылды. Ал 1980-1983 жылдар аралығында күндізгі оқу түріндегі аспирантурада оқыды. 1984 жылы Мәскеу қаласындағы мамандандырылған Бүкілодақтық көлік тасымалы құрылысының ғылыми-зерттеу институтында «Жол, құрылыс және тасымалдау машиналары» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.
1985-1992 жылдар аралығында «Құрылыс және мелиоративтік машиналар» кафедрасында ассистент, аға оқытушы, доцент, сондай-ақ «Мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру» факультеті деканының орынбасары қызметтерін атқарды. 2004 жылы Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академия- сында «Жол, құрылыс және тасымалдау машиналары» мамандығы бойынша докторлық диссертацияны сәтті қорғады. 2007 жылы «Көлік, тау-кен және құрылыс машиналарын жасау» мамандығы бойынша профессор» ғылыми атағын алды.
С.Мырзашев Қазақстанда жер қазатын машиналардың топырақ жағдайына өзі бейімделетін жұмысшы құралдарын жасау мәселелерімен айналысты және өндіріске енгізді. Өзі бейімделетін жер қазу машиналарының жұмысшы құралдарының үздік үлгілерін жасап, өндірістік жағдайларда сынақтан өткізді. Ол «Машиналар және жабдықтар» кафедрасында жаңа «Топырақты кесу» зертханасын жобалауға, ұйымдастыруға және оқу үдерісіне енгізуге тікелей атсалысты. Ғалымның ел экономикасына тигізер пайдасы мол өнертабысы жетерлік. Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдары «Мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру» мамандығы бойынша республикалық оқу- әдістемелік бірлестіктің жетекшісі болды, бірнеше Мемлекеттік білім беру стандартын дайындап, оқу үрдісіне енгізді. Ғалымның бір монографиясы, колледж және жоғары оқу орындары студенттері үшін оқулық есебінде ҚР Білім және ғылым министрлігімен ұсынылған үш кітабы және 100-ден астам ғылыми еңбектері жарияланды. Ғылыми еңбектерінен бөлек, республикамыздың мерзімдік басылымдарында мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы естеліктері, өлеңдері жарық көрген.
Өз ісінің кәсіби білгірі, білікті ұстаз Сағатбек Мырзашев – «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген машина жасаушысы» төсбелгілерімен, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасының ҰИА «Академик Ө.Жолдасбеков» медалімен марапатталған.
Бүгінде профессор С.Мырзашев Қазақстан Республикасында жер қазатын машиналардың топырақ жағдайына бейімделетін тиімді жұмысшы құралдарын жасау бойынша ғылыми зерттеулермен айналысып, болашақ инженерлер мен жас ғалымдарды тәрбиелеуде. Оның негізгі мақсаты – жастарды біліммен қаруландыру.
Бұл жетістіктің бәрі ең алдымен тынымсыз еңбектiң, өз пiкiрiн тура айтатын турашылдық пен әдiлеттiлiктiң, шынайы қарапайымдылықтың арқасы деп білеміз.
Профессор С.Мырзашевтің ұлағатты өмірі жас ұрпаққа өнеге болары анық.

Кенжеғали ШИЛІБЕК,
шәкірті, техника ғылымдарының кандидаты,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.