Жамбыл облыстық қоғамдық штабында ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері бас қосты.
Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ Суретті түсірген Ю.КИМ
Штаб құрамында ғылыми-шығармашылық және зиялы қауым өкілдері бар. Кездесуде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов сайлаудың саяси маңыздылығына тоқталып, жиналғандарды кандидат Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
– Биылғы көктем елімізде елеулі оқиғалармен бастау алды. Оның бастысы – елімізді бастап, бүкіл дүниежүзілік қауымдастыққа мойындатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ата Заңымыздың талабына сай президенттік өкілеттілігін тоқтатуы. Бұған қазақстандықтармен қатар, әлем елдері де дұрыс қабылдап, жоғары бағасын беріп отыр. Расында, осы оқиға арқылы еліміздің өркениетті жолға түскенін аңғаруға болады. Мұндай шешім Еуразиядағы мемлекеттер арасындағы өз өкілеттілігін заңға сәйкес бейбіт түрде қабылдаған алғашқы ел екенімізді көрсетіп отыр. Екінші мәселе, Елбасының шешімімен ҚР Президентінің өкілеттілігін жалғау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты қызметке тағайындауы да орынды деп білемін. Ал президенттікке келген күннен бастап Қасым-Жомарт Кемелұлы заң бойынша жалпыхалықтық сайлау науқанын ұйымдастыру қажеттігін алға тартты. Бұл да көреген азаматқа тән қасиеттің бірі, – дейді партия ардагері, Жамбыл облыстық қоғамдық штабының мүшесі Әмзебек Жолшыбеков.
Кездесуге келген қатысушылар кандидат тұғырнамасының бүгінгі таңда өзекті екенін айтып, өз ой-пікірлерін ортаға салып, кандидат Тоқаевтың сенімді өкілдері оның өмір дерегі мен қызметтік өсу жолы жайында әңгімеледі. «Сатылап көтерілген әрбір дәрежесінде ол адами қасиетін, парасатын жоғалтқан жоқ» деген зиялы қауым өкілдері 9 маусым күні өтетін сайлауға белсенді атсалысып, өз таңдауларын жасауға шақырды. Шара соңында ақын Шырын Мамасерікова, Қайырбек Асанов, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы, ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы кандидаттың ел дамуы тұрғысында еңселі істерді еңсеретініне сенім білдірді.