Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шалқар шабыт шарықтап…

0 310

Әулиеата өңіріндегі бір топ жас ақынның туындылары жинақталған «Жамбылдың жауқазын жырлары» атты жаңа антология оқырманға жол тартты. Кітаптың тұсаукесері Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтіп, оған белгілі ақындар Үміт Битенова мен Қайырбек Асанов және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтенов қатысты.

Жас ақындардың шығармашылығын қолдау, және оларды көпшілікке таныту мақсатында жарыққа шыққан жинаққа жамбылдық 29 ақынның жырлары енген. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов алғысөзін жазған кітапты Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы құрастырып, кітапханаларға тапсырды. Оқырман назарына аталмыш жинаққа жырлары енген бірнеше ақынның туындыларын ұсынуды жөн көрдік.

БАЛАЛЫҚ ШАҚ

Жанарымда нұр ойнап, шаттық күлген,
Бойымнан арылмаған пәктік мүлдем.
Қайран менің, балалық балдай кезім,
Доп қуалап, шыбықты ат қып мінген.

Көңіліме алаң мен кірмей күдік,
Жадырадым уайымсыз күндей күліп.
Ғарышкер боламын деп армандадым,
Ғарыштың не екенін білмей жүріп.

Сол арманмен кетемін айға да ұшып,
Баламын ғой толмаған бойда күші.
Үйге кеш оралғанда анам кейде,
Қоятын қабақ шытып, жайлап ұрсып.

Алысқан соң ұлдармен жұлқып-жұлқып,
Киімім де болатын жыртық-жыртық.
Бұрымынан тартамын қыздардың кеп,
Мұрынымды мен әрең сүртіп жүріп.

Достар жүрсе сабақпен басы қатып,
Мен жүремін далада асық атып.
Үйге жылап келгенде әкем маған,
Деп айтатын «жігітсің, жасыма түк».

Солай өтті қызықпен талай күндер,
Сол сәтке қия алмай қараймын мен.
Есейгім кеп жүргенде білмей қалдым,
Есейіп кеткенімді қалай бірден.

Жанарымда нұр ойнап, шаттық күлген,
Бойымнан арылмаған пәктік мүлдем.
Қош бол енді, балалық балғын шағым,
Доп қуалап, шыбықты ат қып мінген.

Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ

ТАЛБЕСІК

Жалыны бар, жылуы жоқ сөздерден,
Маңдайдағы әжіміңді көз көрген.
Жүзің солғын, жаның жүдеу, Анашым,
Өмірің бе, көңілің бе өзгерген?!

Тілеуіңе, бар дұғаңа бөленген,
Балаң едім тамыр жайып, көгерген.
Құдіреті жетіп жатса жүрекке,
Жан жараңды жазып көрдім өлеңмен.

Жығылармын нардан да һәм мұнардан,
Сары уайым сергелдеңмен қуарған.
Мейлі, мейлі шипа табам еміңе,
Көз байлаған «Өмір» атты тұманнан!

Келмесе де жол табатын қолдан іс,
Жұбатады құны төмен алданыш.
Жегідей жеп, өзекті өртеп барады,
Шегі шексіз тебіреніс, толғаныс.

Болар ұлды беттен алып қақпаңдар,
Арайланып атар әлі ақ таңдар.
Сырқатына шипа болса өлеңі,
Өз құлынын анасына мақтаңдар!!!

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ

ТҰЛДЫР САНА

Тұлдыр сана,
Тұлдыр сезiм,
Тұлдыр бақ,
Тұлдыр ойдан ой туады бұлдырлап.
Шыңырауға құлдилайды шыңынан,
Руханият та жұтаңдықтан құлдырап.

«Өркениет» дейдi мұны бәзбiреу,
«Даму» деген осы екен деп мәз бiреу.
ЖаҺандыққа кетпесе екен жұтылып,
Ұлт ертеңi ұлттық рухпен мәндiлеу.

Ғапылдықтың дертi жайлап ғасырды,
Сарқып iшпек санадағы асылды.
Сақта, Тәңiр, жарқ ететiн түбiнде,
Дүр рух сiңген дүр сiлкiнтер жасынды!..

Терең ойға үңiледi түйсiгiм,
Түңiлдiрсе тұл тiрлiктiң кескiнi.
Елегiзiп тұратыны-ай көңiлдiң,
Елжiретiп ежелгiнiң естi үнi!

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ҚЫЗҒЫШ

Тағдыр дедің…
Үй көрдім, дала көрдім,
Тағдыр дедің…
Тағы үнсіз қала бердім.
Тәңір дедім…
Желдегі жапырақтай
Тағдырымды қорғаштап қала бердім.

Содан сен түнге сіңдің, мұңға баттың,
Күз көңіл, жайдары жан, мұз қабақтым,
Қалың көрпе астында тәнің қалды,
Жаның қалды түбінде құмсағаттың.

Бәрі де артта күндердің кешегі өткен,
Одан бері алмасты неше көктем?
Тасқа қашап тағдырдың жазбағанын
Жазар едім…
Жазбадым не себептен?

Кім едік біз тарихта, кімбіз бүгін?
Кеуде тұстан босатып мұң тізгінін.
Қара аспанға қараймын бас көтеріп,
Қайталаймын Тәңірдің мұңсыздығын.

Түн ұзартсам, түсіме сен кіресің,
Мөлдір мұңның ішінен телміресің.
Тағы есіме түсесің, тағдыр жайлы,
Бастаса әлдебіреу әңгімесін.

Дала көрдім, үй көрдім, ана көрдім.
Көшіне де ілестім қаралы елдің.
Күздің желі қорқытқан жапырақтай,
Тағдырымды қорғаштап қала бердім.
Кешір…

Ернар ӘБДІРАЗАҚ

Көктемгі блюз

Өкпелеме. Жылама, көкем, ертең,
Гүлге орайды көркіңді көктем ерке.
Құсым ең қиялымда көп көретін
Түсірген сені кімдер көктен ерте.

Тығылса деп алқызыл ұртыңа үміт,

Бір күні әлей, ай да аппақ,бір күні ұлы.
(Білем саған дәл мендей ынтық ымырт)
Ғалам кезген күлкіңнен түн түріліп
Кәрі аспанды сүйейсің қолтығынан,
Өзің білмей күтесің кімді күліп?

Жолымды күт! Мен бармын.
Келемін мен,
Жалын жұтып нұр шашқан өлеңіммен.
Мен ымыртпын қызарған сені көріп
Сағынышпын қол үзген дерегіңнен.

Сендік жұпар бұрқырап бақтардан әр,
Сен тұрғанда қалмайды ақ таңда мән.
Сенің демің жел болып аймалайды
Хама ағамды оқиды жатқа маған.

Көлеңкеңмін…мен ылғи қасыңдамын,
Есімді алдың, жанылдым жасынға әрбір.
Қаңғып кеткен басымдай ғасырларды
Жасырғанмын! Мен сенің қасыңдамын.

Кезіктірмей біздерді қойса тегі,
Кетер ме ем Ғайсаға еріп.
Күңіреніп кем туған пірлі дала
…Кейін сенен қызғанса Айша мені.

Дегдар әлем дертімдей, шынарым-ай,
Күн ілініп бұлттың құлағына.
Махаббатым үшін де О, Ай, бүгін
Өтінемін кешірім сұра…
Құдай!
(Алладан басқа жоқ тәңір…)

Нұрболат ЖОЛДАСБЕК


Ұлы уақыт бұл түнге құрық тастап,
Көкжиек жалқауланып көз ашқанда.
Жұмыртқа таң жарылып шығыс жақтан,
Сарыуыз күн төгілді көк аспанға.

Бар қарасын аспанның тонағалы
Ұнатпаған кейіпте жарықты әлем.
Жел әкеткен жеңгемнің орамалы
Тау шыңына ілініп қалыпты әне.

Қинайды екен осынша жанды неге?
Шәмші айтқан «сығандық серенада».
Тағы бір шал кем шықты әңгімеге,
Төңкерілген қазандай төбеге анау.

Үнсіз. Іші бірақ та дауылдатқан,
Жан-жағына қараса бәрі аярдай.
Ақ жаулықты кемпір тұр ауыл жақта,
Қотыр болған қорымға қарай алмай.

Жақсы көріп жаныммен, тыңдар көптен
Шәмші әнінен түседі көңіл неге?
Ұстараның жүзінде бір жалт еткен
Кезең екен осынау өмір деген.

Әлімжан ШӨҢГЕРБАЙ

Тағдыр

Сұлуға қарашы…
Сүю дегенің болып па күнә,
болмаса неге ол жылады?
Ғашықтықпенен жолыққанына
тағдыры шығар кінәлі.
Көзінен ылғи сұрақ тамшылар:
– Осы ма саған керегі?
Жігітте бәлкім ұнатқан шығар,
ұнатқан шығар.
Себебі –
қолымен көктен Айды алып беріп,
бөлейтін жанын ақ нұрға.
Ризашылығын айналып келіп,
айта беретін тағдырға.
Әр сәттің өзін бақыт көретін,
кейіпкерлеріндей дастанның.
Шашына түнде тағып беретін,
жұлдыздарын ап аспанның.
…Сырғумен талай күндерді жалғап,
айлар да өтті.
Тоналды
Әйтеуір,
ару түндерді қарғап,
жиі жылайтын боп алды.
Уайым мен қайғы әр атқан таңы –
қатені түзеу кеш мүлде.
Ешкімге бірақ сыр ақтармады,
сұрамады одан ешкім де.
Сүю дегенің болып па күнә,
болмаса неге ол жылады?
Жалғыздықпенен жолыққанына
тағдыры шығар кінәлі.

Файзулла ТӨЛТАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.