Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рух дарытқан Ұлы дала еліне

0 244

Әскери өмір десе, бірден көз алдымызға қару асынған сарбаздар, әскери шерулер мен ұрыстар елестейді. Кейде олардың өмірінде бұдан өзге ештеңе жоқтай көрінеді. Бірақ кейбір әскери адамдар бос уақыттарын оркестр мен ән-би ансамблінде де өткізетінін білесіз бе? Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Соғыстағы ең суық қару – адамның рухы» – деген. Сол рухты көтеруде оркестр мен ән-би ансамблінің маңызы зор. Әсіресе, соғыс жылдары майдангерлердің көңіліне демеу болып, рухын көтеріп, жеңіске жетелеген құдіреттің бірі – патриоттық әндер.

Музыка – жүрек тілі, ол – сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Ол – дыбыстар арқылы бейнеленген жан сарайы. Әуелеген әсем әуеннің де сан түрлі бағыты бар. Соның бірі – патриоттық әндер. Қай ортада өнер көрсетсе де, адам баласының рухын көтеріп, ұлтжандылыққа тәрбиелеп жүрген әскери оркестрлердің бірі – ҚР Ұлттық ұланы №5513 әскери бөлімінің оркестрі. Отан қорғаушылар күні қарсаңында аталмыш оркестрдің әскери дирижері, аға лейтенант Ялкун Азизовпен әңгімелескен едік.

– Ялкун Санатұлы, жалпы өзіңіз дирижерлік етіп отырған әскери оркестрдің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында айтып берсеңіз…

– Әскери оркестрдің негізгі мақсаты – жеке құрамды әскери-патриоттық және мәдени тұрғыдан тәрбиелеу. ҚР Қарулы Күштері қатарында әскери қызмет атқаруды насихаттау, әскери салт-дәстүрлерді қамтамасыз ету және концерттік қызмет. Жалпы біздің оркестр 1998 жылы құрылған. Бірақ 1999 жылы 16 наурызда құрам толығымен құрылды. Күні кеше 20 жылдығын атап өткен әскери оркестрде штаттық 15 музыкант қызмет етеді. Жас аралығы – 23 пен зейнет жасындағы түрлі шендегі азаматтар. Негізі құрамына қарай оркестр үрмелі, халық аспаптары және симфониялық болып бөлінеді. Үрмелі оркестрде кларнет, флейта, гобой, фагот сияқты ағаштан жасалған және труба, валторна, тромбон секілді жезден жасалған үрмелі аспаптар болады. Бұл аспаптардың кейбір жетілдірілген түрлерін (труба, тромбон, кларнет, саксофон, тағы басқа) симфониялық және халық аспаптары оркестрлерінде де қолданады.

– Сіздер ән қоржындарыңызды қалай толықтырасыздар? Жалпы шығарма таңдауда арнайы заң бар ма?

– Ән таңдауда басымдылық патриоттық әндерге беріледі. Қатып қалған заң жоқ. Әскери оркестрде тек патриоттық әндер мен халық әндері айтылмайды. Бұрын Кеңес дәуірі кезінде сарбаздар мен жауынгерлерге патриоттық әндерді ғана айтуға рұқсат берілетін. Себебі идеология сондай болды. Қазір ешқандай шектеу жоқ. Джазды да, блюзді ді, классиканы да айта береміз. Сонымен қатар қазір эстрадамызда хит болып жүрген әндерді де оркестрмен сүйемелдеп орындаймыз. Патриоттық тақырыпта ән жазатын композиторлармен, оған сөз жазатын ақындармен тікелей жұмыс істемейміз. Барлық репертуарымызды Президент және Орталық оркестр сияқты үлкен ұжымдарға қарап жинақтаймыз. Жыл сайын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арнап Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық ансамбль концерт береді. Сол кезде Қазақстан композиторлар одағы Отан, Қарулы Күштер тақырыбындағы әндерге арнап композиторлар арасында байқау ұйымдастырады. Сол байқауда өзімізге керек әндерді алып, репертуарымызға қосамыз. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің осы күнгі өмірі мен оқу жұмыс күндерін сипаттайтын жаңа шығармалар мен аранжировкаларды жасау жөнінде кәсіби және көркемөнер композиторларымен жұмыс жүргізіліп келеді.

– Әскери оркестрдің құрамы туралы айтып берсеңіз. Салада маман жетіспеушілігі бар ма?

– Бүгінде оркестрде еңбек келісімшарты бойынша және келсімшарт бойынша әскери қызметтегі музыкант-орындаушылар мен дарынды жастар қызмет атқарады. Ұжымның шығармашылық жоспарлары өте кең және әр алуан. Оркестр – үлкен бір ұжым. Оркестрдің дирижері мен музыканттарының ықтиятты жұмысының арқасында осы ұжымның аты келешекте тыңдаушылардың бұдан да кең ауқымына танылады деп сенеміз. Ал маман тапшылығына келетін болсақ, мұндай мәселе бізде бар. Өйткені қалада патриоттық әндерді, сонымен қатар түрлі аспаптарда ойнайтын мамандар жоқ. Жастар салаға келетін болса, олар өнермен қатар қызметтік мансапта да жоғарылайды. Яғни шені де өседі. Әсіресе, барабаншылар – әскерге ең керек мамандар. Сондықтан еліміздегі әскери оркестрлерді көбейтіп, олардың құрамын үлкейту керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, музыкалық оқу орындарын бітірген жастардың көбі әскери оркестрде жұмыс істеуге ниет білдірмейді. Оның үстіне әскери оркестрдің жұмысынан көбі қашып жатады.

– Әскери оркестрдің жеткен жетістіктері туралы айтып өтсеңіз…

– Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін әскери оркестрлер арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Әскери керней» фестивалінде жүлделі орындар қоржында. Барлық мерекелік іс-шаралар, байқаулар болса ұжым болып дайындаламыз. Репертуарды талқылаймыз. Одан бөлек, жеке дайындықтар да жүргізіледі. Спортшылар бір күн жаттығу жасамаса, бұлшық еттері босап, бабы келіспей жатады ғой. Үрмелі аспаптарда ойнайтын музыканттар да сол спортшылар сияқты күн сайын дайындалып отырмаса, ерні мен ұртының бұлшық еттері ауырып, кейін жұмыс істеуі қиындайды. Сол себепті біздің жігіттер қашанда бабында болу үшін үздіксіз дайындалады. 20 жылдың ішінде жеткен жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Біз, ең бастысы, өз жұмысымызды жақсы көреміз. Бізді тыңдаған әрбір адамның Отанға деген махаббаты оянып, рухы көтеріліп, құлағының құрышы қанғанда біздер де рақаттанамыз. Бұл біздің өнерпаз ретіндегі ең үлкен жетістігіміз деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.