Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңір үздіктері анықталмақ

0 190

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен футболдан әуесқойлар арасында облыс чемпионаты түндігін түрді.

Толғанай Атабай Cуреттерді түсірген Ю.Ким

«Тараз» орталық стадионында бастау алған салтанатты шараға өңір басшысы Асқар Исабекұлы қатысып, командаларға сәттілік тіледі. Чемпионатқа облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласынан барлығы 18 команда, 300-ден аса спортшы қатысуда. Дода екі кезеңде, яғни топтық жүйе бойынша өтпек. Топтық ойындар айналмалы түрде өрбитін болады. Жарыс мерзімі мамыр-қыркүйек айларын қамтиды деп күтілуде. Бес айға созылар бәсекенің негізгі мақсаты – облыста футболды дамыту, әуесқойлар арасында өңір үздіктерін анықтау, оларға қолдау білдіру.

– Жамбыл облысының спорт саласы үшін бүгін ерекше әрі маңызды күн. Жалпы аймақта жас таланттарды қолдауға қатысты бірқатар шаралар қабылданған болатын. Міне, спорт саласында, соның ішінде футболда облыстық чемпионатты өткізу әуелі облысымыздағы талантты жастарды қолдауға сеп болмақ. Сондай-ақ бәсеке арқылы алдағы уақытта спортпен айналысамын дейтін жастарға үлкен мүмкіндік сыйлап, спортқа жол ашылатын болады. Бұл әзірге тек бастамасы, – деді аймақ басшысы Асқар Исабекұлы.

Салтанатты рәсімнен соң қатысушылар жасыл алаңға шықты. Тіпті бастапқы ойынның көшін облыс әкімі өзі бастап берді. Алаңдағы алғашқы айналымның тартысы әуелі Сарысу және Талас құрамасының арасында өрбіді. Сонымен қатар бұл күнгі чемпионатта Мойынқұм, Шу, Байзақ, Жуалы, Меркі және Т.Рысқұлов ауданының командалары бақтарын сынады.

Тартысты бәсекенің негізгі ұйымдастырушысы – облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы. Ал чемпионаттың жүлде қоры да қомақты. Тартысты ойында жеңімпаз атанып, бірінші орын иеленген команда 3 миллион теңгені қанжығасына байлайды. Ал екінші орынға 2 миллион теңге, үшінші орынды жеңіп алған командаға 1 миллион теңге қаржылай жүлде беріледі. Ұйымдастырушылар бұл игі шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарға қойып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.