Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам

0 3  586

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы саяси жаңғыруға қадам басып, Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды бағыт екенін көрсетті.

Әрине, саяси жаңғыру әуелі елдегі экономикалық өзгерістерден басталуы тиіс. Жолдауда айтылған әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жасқа шегеру, бала күтімі үшін төленетін жәрдемақыны 1,5 жасқа дейін ұзарту, Ұлттық қордағы қаржының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына аудару сынды маңызды бастамалар – сол өзгерістердің алғышарты. Бұл – халыққа жасалған зор қолдаудың да көрінісі. Сол үшін осы құнды құжатты алдыңғы Жолдауларға қарағанда мазмұны жағынан артық деп бағалауға болады.
Жолдауда нақты міндеттер мен мақсаттар белгіленіп, адам мен оның мүддесіне басымдық берілген. Демек, Жолдау бәрінен бұрын қарапайым азаматтардың құқығы мен еркіндігін көздейді. Ең төменгі жалақының 70 мың теңгеге артқаны – халықтың талап-тілегінің ескерілгендігі. Түптеп келгенде, Жолдауда қарапайым азаматтардың жағдайын жақсарту жан-жақты қарастырылған.
Басты құжатта алға қойылған педагогикалық және ғылыми салаларға бағытталған стратегиялық міндеттерді біз Отанымыздың табысты дамуы үшін тез жүзеге асыруымыз қажет. Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын бағдарлап, алдағы саяси өзгерістерін айқындап берді. Бес бағдарды қамтитын саяси құжатта ел Президенті «Мемлекет ең алдымен бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете-міз», – деп атап көрсетті.
Еліміздегі жастар мен балаларды әлеуметтік қолдау, педагогикалық саладағы кадрларды даярлау сапасы жөніндегі бастамалар да жұртшылықтың ерекше назарын аударғанын ерекше атап өтті. Мұнда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қажетті барлық мәселелер көтерілді. Әсіресе пандемия уақытында маңызы артқан медицина, білім беру, ІТ салаларын дамытудың жолдарына екпін түсірілді. Соның ішінде пандемия салдарынан дамуы тежелген кәсіпкерлік саласын қолдау күшейе түседі.
Жолдауда айтылғандай, Әділетті Қазақстан құру енді ғана басталды. Біздің ортақ міндетіміз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру. Ол бүгінде азаматтардың барлық сындарлы өтініштеріне жедел әрі тиімді жауап беруде. Билік пен қоғамның тұрақты үнқатысуы арқылы ғана қазіргі заманғы геосаясат жағдайында үйлесімді мемлекет құруға қол жеткіземіз. Қараша айында өтетін Президент сайлауын кезектен тыс өткі- зу – соның жарқын мысалы. Өз басым бұл ұсынысты, сондай-ақ ашық бәсекелестік және барлығына тең мүмкіндіктерге ұмтылуын, еліміздегі Парламент пен мәслихаттарды қалыптастырудың жаңа тетіктерін қолдаймын. Бір сөзбен айтқанда, бұл нақты міндеттермен айқындалған ұтымды және жүйелі құжат.
Жолдауда Президент білім сапасының жақсаруы мен мұғалімдерді колдауға тағы да ерекше назар аударды.
– Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі. Алдымен мектеп дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болу керек. Оған қоса, тәрбиешілердің мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды, – деді ол.
Сонымен бірге педагогикалық, жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданып, оқулықтардың сапасын жақсарту, ғылымның тиімділігін арттыру, ұстаздардың құзырет аясы мен педагогикалық қызметкерлерді ғана емес, студенттерді де жігерлендіретін нақты шаралармен түлектеріміздің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мәселелері де назарға алынды.
Басты құжаттың жариялануы арқылы ел дамуының шешуші кезеңіне қадам басқан, тәуелсіз еліміздің тұрақты дамитын экономикасын құрудағы, денсаулық, білім, ғылым саласындағы негізгі қажетті бастамаларын жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімді мақсаттар мен басымдылыққа жету бойынша жасампаз процесс басталды деуге толық негіз бар. Жолдау бізге осынысымен де құнды және тиімді. Жоғарыда айтылғандай, мұнда ел экономикасын және халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту бойынша бастамалар өте көп болды. Енді сол алға қойған міндеттерді бірге жүзеге асырып, нәтижелі жұмыс жасауымыз қажет.

Гүлнар Мұсаева,
Дулати университетінің «Менеджмент» кафедрасының доценті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.